Білім

Бақылау қорытындысы: 160 заңбұзушылық анықталды  

Брифинг

Былтыр заңбұзушылық анықталған 6 мектеп сотқа беріліп, айыппұл салынған.  Бұл туралы өңірлік коммуникациялар орталығында өткен жиында облыстық білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Бұлбұл Күзембаева айтты. 

Облыстың білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменті былтыр бірқатар жұмыстарды атқарды. Мысалы, мемлекеттік бақылау 85 білім беру ұйымында жүргізіліп, 160 заңбұзушылық анықталған. Қорытындысында кемшіліктер бойынша құзырлы органдарға 64 хат жолданыпты.

Жыл бойы жүргізілген жұмыстар нәтижесінде барлық кемшілік жойылды. Кемшілігі жойылмаған 6 мектеп сотқа беріліп, айыппұл салынды, — деді Бұлбұл Күзембаева.

Өткен жылы департамент қызметкерлері 336 лицензиялау және апостильдеу бойынша мемлекеттік қызмет көрсетті. Білім саласындағы өзекті мәселелерге мониторинг жүргізіліп, жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, тиісті шаралар қабылданған. ҚР «Педагог мәртебесі туралы» Заңының             жүзеге асырылуы   департаменттің үнемі бақылауында тұр.

Былтыр осы бойынша 139 сұрақ түсті. Әрбір сұрақ бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп, түсінік берілді. Педагогтердің ар-намысына тию, олардың өзінің кәсіби қызметіне кірмейтін жұмыстарды жүктеуге байланысты 2 білім беру ұйымының басшысына тәртіптік шара, 1 басшыға және 1   ата-анаға әкімшілік шара қолданылды, — деді департамент басшысы.

Департамент тарапынан заңды ақпараттық-түсіндіру жұмыстары белсенді жүргізілген. Облыстың барлық білім беру ұйымдарының қызметкерімен онлайн кездесулер, семинарлар, түсіндіру жұмыстары өткізіліпті.

Өз сөзінде Бұлбұл Күзембаева биыл атқарылатын жұмыстар туралы да баяндады.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен Білім және ғылым министрлігі тарапынан 2021 жылы білім сапасын арттыруға бағытталған бірқатар шаралар қабылдануда. Педагогтердің жалақыларын өсіру, «Цифрлы бухгалтерия мен қаржы жүйесін» енгізу, «Балалар үйірмесі» қызметін қайта жандандыру, жекеменшік ұйымдарда қосымша білім беруді дамыту бойынша «Білім туралы» Заңға өзгерістер енгізілді. Қаңтар айынан бастап балабақша, мектеп, колледждегі денешынықтыру пәнінің мұғалімдеріне 17 697 теңге қосымша ақы тағайындалуына байланысты қосымша спорттық-сауықтыру сабақтары, секциялар өткізіледі. Биылдан бастап балабақшалар, мектептер, колледждер 5 жылда бір рет мемлекеттік аттестаттаудан өтетін болады, — деді департамент басшысы.

Сондай-ақ колледждерде студенттердің дуалды оқу жүйесі арқылы білім алған мерзімі еңбек өтілі ретінде есептеліп, колледж түлектерінің жұмысқа айтарлықтай тәжірибемен орналасуына мүмкіндік береді екен. Биыл оқушылардың оқу сауаттылығын арттыру мақсатында «Оқуға құштар мектеп — оқуға құштар ұлт» жобасы басталды. Мектеп түлектері наурыз айында ұлттық бірыңғай тестілеуді электронды түрде тапсыратын болады.

Тестілеудің  басты ерекшелігі — міндетті пәндердің, соның ішінде математикалық сауаттылық пен Қазақстан тарихы пәндерінің тапсырмалары қысқартылып, бейіндік пәндердің тапсырмалары көбейтілді. Дегенмен жалпы балл — 140, яғни онда өзгеріс жоқ. Департамент мамандары бақылаушы ретінде қатысады. Айта кету керек, қаңтарда өткізілген сынақ кезінде тыйым салынған заттармен ұсталған 19 оқушыға акт жасалып, олар  тестілеуге жіберілген жоқ. Сондай-ақ сынақ барысында ереже бұзған және тыйым салынған заттарды қолданған 17 бала тестілеуден шығарылды, — деді Бұлбұл Күзембаева.

Биыл аталған департамент жанынан «Педагогикалық әдеп мәселелері және құқықтарын қорғау жөніндегі консультативтік-кеңесші орган» құрылыпты. Бұл орган педагогтің әдеп қағидаларының сақталуы және құқықтарының қорғалуы, қоғамдағы педагогтің мәртебесін арттыруға бағытталған жұмыстарды жүргізеді.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button