Білім

Оқу процесі және бірлескен жобалар

Брифинг

«Оқу тоқсанының ағымдағы жағдайы, жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық және тәрбие саласы бойынша жүзеге асырылып жатқан жаңа жобалар туралы». Өңірлік коммуникациялар орталығында осындай тақырыпта брифинг өтті.

Шараға облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Гүлназ Сүлейменова қатысты.

Облыста  415 мектеп (11-і жекеменшік) бар. Онда 159 650 бала білім алады.

ІІІ оқу тоқсанынан  бастап бала саны 300  оқушы болатын 236 білім шаңырағы штаттық режимде білім беруде. Бастауыш сыныптарда ата-аналардың өтініштері бойынша 3903 кезекші сынып ашылды. 5-сыныптарда 642 кезекші сыныптар жұмыс жасауда. Сондай-ақ 9-сыныптарда 785  кезекші сынып,  11-сыныптарда  484 кезекші сынып бар.

Кезекші сыныптардағы дәстүрлі форматта оқуға мүмкіндігі жоқ оқушыларға консультациялық сабақтар ұйымдастырылып жатыр. Облыста 10 562 бала консультациялық сабақтармен қамтылды, — деді Гүлназ Сүлейменова.

45 қосымша білім беру ұйымында 12 426 (173 үйірме) бала дәстүрлі, 21 338 (489 үйірме) бала қашықтан білім алып жатыр. 2769 балаға (145 үйірме) жеке сабақтар ұйымдастырылуда.

Облыс бойынша 433 балабақшада ата-аналардың өтініштері негізінде кезекші топтар ашылды. 1598 кезекші топқа 18 674  бала барады.

Өз сөзінде Гүлназ Сүлейменова жоғары оқу орындарымен байланыс туралы да айтты.

Қазіргі таңдағы басты мәселелердің бірі білім берудегі олқылықтарды жою. Аталған мәселе Білім және ғылым министрлігінің, білім басқармасының  тікелей бақылауында тұр. Осы орайда облыстық білім басқармасы Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті, Ақтөбе гуманитарлық колледжімен бірлесіп, «Мектеп оқушыларының білімін қалпына келтіру бойынша кешенді жоспар» әзірледі. Ынтымақтасқан жұмыс барысында бірқатар  шаралар қолға алынып, жүзеге асырылуда. Мысалы, мектеп оқушыларының математика, физика, химия, биология, тарих, география, қазақ тілі, орыс тілі пәндері мен бастауыш сыныптартағы балалардың білімдеріндегі олқылықтарды жою үшін университеттің педагогикалық практикадағы студенттері үлгерімі нашар оқушыларға көмек көрсетіп жатыр. Жаратылыстану пәндері бойынша онлайн сабақтар онкүндіктері ұйымдастырылуда. Сондай-ақ сабақтан тыс уақытта оқушылармен қосымша сабақтар ұйымдастыру үшін үздік студенттер репетиторлық жұмысқа тартылып отыр, — деді басқарма басшысының міндетін атқарушы.

Кешенді жоспар аясында «Каникулдық мектеп», «Балалар университеті» жобалары, т.б. жұмыстар қолға алынбақ.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button