Жаңалықтар

Ақтөбеде үй карантиніне 785 адам алынған

Брифинг

Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева мен облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаров өңірдегі эпидемиологиялық жағдай туралы брифинг өткізді.

Нұрсұлу Беркімбаеваның айтуынша, облыста эпидемиологиялық жағдай тұрақты.

25 ақпан күні КВИ-мен ауырған 16 жағдай тіркелген. Оның  ішінде ауру белгілері бар – 14 (Ақтөбе қаласы – 13, Хромтау ауданы – 1) науқас болса, қалған 2-еуі ешқандай симптомсыз түскен. Аурушаңдықтың өсу  деңгейі – 0,4 %.

Жалпы облыста КВИ-мен ауырған 4239 жағдай тіркелді, оның ішінде 51%-ы ауру белгілерімен (2165) және 48,9%-ы симптомсыз (2074) жағдай. 4239 науқастың 3,4% (148) сырттан әкелінген, 16,2% (689) ауру адаммен қарым-қатынаста болғандар, 80,2% (3402) жергілікті жағдайлар, оның ішінде 32,5% (1108) профилактикалық мақсатта тексерілгендер. Бүгінгі таңда 4007 (94,5%) науқас жазылып шықты.

— Қазіргі таңда үй карантиніне 785 адам алынып, оларға медициналық бақылау жүргізілуде, — деді ол.

Ал Бекболат Ізбасаров облыс аумағында инфекцияның таралуы республикалық көрсеткіштен төмен екенін атап өтті.

Қазіргі кезде өңірде блок-бекеттер жоқ. РФ шекарасында ақпан айынан бастап Мәртөк ауданында «Жайсаң», Қарғалы ауданында «Әлімбет» санитарлық-карантиндік пункттері жұмыс істейді. 2020 жылдың 6 қазанынан бері «Әлімбет» санитарлық-карантиндік пункті арқылы 29800 адам, ал «Жайсаңнан» 57283 адам өткен. Солардың арасынан жалпы саны 55 адамнан коронавирус инфекциясы анықталыпты.

Өз кезегінде мониторингтік топтар жеке және заңды тұлғалардың нысандарында, қоғамдық көліктерде және елді мекендерде шектеу шараларының орындауын, соның ішінде бетперде тағу, әлеуметтік қашықтықты сақтау, басқа да эпидемияға қарсы іс-шаралар бойынша рейдтік тексеру жұмыстарын жалғастырып жатыр. Мобильді мониторингтік топтар және жергілікті полиция қызметінен түскен материалдарға сәйкес, ҚР «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодексінің 425-бабы 1-бөлігі бойынша анықталған бұзушылықтар үшін 187576991 теңге көлемінде 1383 айыппұл салынған.

Ресми деректерге сүйенсек, биылдыққа Ақтөбе қаласының Координациялық орталықтарынан қалалық басқармаға 16 шұғыл хабарлама түсті. Соның негізінде жоспардан тыс тексерулер жүргізіліп, оның қорытындысы бойынша 10 нысанға 729250 теңге көлемінде айыппұл салынып, 10  ұйғарым берілді.

 

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button