Басты жаңалықтар

Оңдасын ОРАЗАЛИН: Біз халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған барлық ұсынысты қолдаймыз

Кеше облыстық мәслихаттың кезекті екінші сессиясының жалпы отырысында 2021-2023 жылдарға арналған бюджетке өзгерістер мен толықтырулар енгізу жайы қаралды. Облыс әкімі Оңдасын Оразалин, басқармалар мен департаменттердің басшылары, қоғамдық кеңес мүшелері мен БАҚ өкілдері қатысқан басқосуда 15 мәселе талқыланды.

Мәслихат депутаты Сұлупан Шынтасованың төрағалығымен өткен сессияда депутаттар облыстық мәслихаттың 2020 жылғы 11 желтоқсандағы №574 «2021-2023 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы күн тәртібінің басты мәселесін талқылады.

Алғаш боп баяндама жасаған облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлқасима Сүйінтаева бюджетті нақтылау шеңберінде құрылысқа, орташа және күрделі жөндеуге, қосымша қаражатты талап ететін іс-шараларға жалпы сомасы 18 миллиард теңгеге қаражат көзделгенін айтты.

— Бюджетті нақтылау негізінен жыл басындағы қалдық пен түсімдердің, сондай-ақ ішкі резервтердің ұлғаюы есебінен болды.

Ағымдағы бюджеттік бағдарламалар бойынша 13 миллиард теңге бөлу қарастырылған. Даму бюджетінің бағдарламалары бойынша 4 миллиард теңге мөлшерінде қаражат бөлу ұсынылады, — деп атап өтті ол.

Оның сөзінше, құрылыс басқармасына 1,1 миллиард теңге бөлінді. Бұл қаражат 3 ауысымды және апатты мектептердің санын қысқартуға, сондай-ақ Мұғалжар, Ырғыз және Қобда аудандарында 4 орта мектеп салуға мүмкіндік береді. 4 спорт залының, Ақтөбе қаласының мектептеріне арналған 7 қосымша құрылыстың, «Білім инновация» лицей-интернатына арналған 300 орындық интернаттың және Қобда мектеп-гимназиясының құрылысына 13 жобалық-сметалық құжат әзірленбек. Ал Темір ауданының Сарыкөл орта мектебіне спортзал, Алға ауданының Есет батыр ауылында дәрігерлік амбулатория салынатын болады. Сондай-ақ Әйтеке би ауданының аумағындағы Әбілқайыр хан жерленген «Хан моласы» қорымында шырақшыларға арналған үй салу, Әйтеке би ауданында клуб ғимаратын және Алға ауданында мәдениет үйінің шатырын қайта жаңарту жоспарланып отыр. «Нұр Ақтөбе» тұрғын үй алабындағы 4 үйдің құрылысына және Әйтеке би, Қарғалы, Ойыл және Хромтау аудандарында 5 жалға берілетін үйдің құрылысын бастауға қаражат бөлу қарастырылған.

Бұдан бөлек, жалпы сомадан облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасына 2 525,9 миллион теңге, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына 559,3 миллион теңге, білім басқармасына 3 005,2 миллион теңге, денсаулық сақтау басқармасына 9,0 миллион теңге, мәдениет басқармасына 591,1 миллион теңге, спорт басқармасына 800 миллион теңге, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламаларға 28,6 миллион теңге, ауыл шаруашылығына 4 423,2 миллион теңге, табиғи ресурстарға 387,2 миллион теңге, қаржы басқармасына 4 618,4 миллион теңге, полиция департаментіне 121,0 миллион теңге, т.б. қаражат бөлу көзделді.

Басқа шешімдердің ішінде мониторинг және бақылау орталығын сүйемелдеу бойынша қызметтерге цифрлық технологиялар басқармасына 167,7 миллион теңге бөлу ұсынылды.

Мұнымен бірге, сессияда Ақтөбе облысы бойынша ауыл шаруашылығы  жануарларының жайылым қағидаларын бекіту туралы мәселелер қаралып, жерүсті көздеріндегі су ресурстарын пайдаланғаны үшін төлемақы мөлшерлемелеріне өзгерістер енгізілді, сондай-ақ Ақтөбе Жоғары ауылшаруашылық колледжіне Шығанақ Берсиев есімін беру ұсынылды. Облыстық қоғамдық кеңестің құрамына да өзгерістер жасалды.

Ведомствоаралық сипаттағы комиссиялардың жеке құрамын өзгерту мәселелері қаралды: құқықбұзушылықтардың алдын алу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, терроризмге қарсы комиссия, әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия, жер комиссиясы және индустриялық-инновациялық даму жөніндегі өңірлік үйлестіру кеңесі.

Қазақстан халқы Ассамблеясының Қоғамдық келісім мәселелері жөніндегі депутаттық тобы тіркелді, облыстық мәслихаттың 2021 жылға арналған жұмыс жоспары бекітілді, сондай-ақ мәслихаттың қызметін қамтамасыз етуге арналған шығыстар, аппараттың құрылымы мен штат кестесі пысықталды.

Күн тәртібіндегі барлық мәселелер бойынша депутаттар тиісті шешімдер қабылдады.

Сессия барысында облыстық мәслихат депутаты Қайрат Сабыр облыстық инфекциялық аурухананың желдеткіш жүйесін жөндеу жұмыстары неліктен жоспарға енгізілмегенін, бұл өзекті мәселелердің бірі екенін айтты.

Отырысты қорытындылаған облыс әкімі Оңдасын Оразалин:

Биылға жоспар көп. Олардың дені бүгін өздеріңіз нақтылаған бюджет қаражатының арқасында жүзеге аспақ. Біз сіздердің барлық ұсыныстарыңызды қолдауға дайынбыз. Өйткені олар халықтың әл-ауқатын жақсартуға, ақтөбеліктердің тұрмыс сапасын көтеруге бағытталған. Және көшелерді абаттандыру, жарықтандыру жұмыстарының әлі жалғасатынын айтқым келеді.

Комиссиялар туралы айтар болсақ, олардың құрамына қоғамдық кеңес мүшелерін көптеп тарту керек. Олар халықпен етене байланыс орнатқандықтан, елдің мұң-мұқтажын, түрлі мәселелерді жеткізеді. Осындай отырыстарда депутаттардан да ұсыныстарды күтеміз. Халықтың арасынан сайланғандықтан белсенділіктеріңізді көрсету керек, — деп сөзін түйіндеді.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button