Басты жаңалықтар

Көктемгі су тасқынына дайындық басталды

Көктемгі су тасқынының алдын алу шараларын жергілікті атқарушы орган қазірден бастап қолға алды. Бүгінде облыс орталығында су тасқынына қарсы дайындық шаралары басталды. Қазір қала аумағында су арналары мен суағарларды тазарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Көктемгі су тасқынының алдын алу шараларына қатысты Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар жөніндегі комиссияның отырысы да өткен болатын. Бұл жиынға  «Қазсушар», «Қазгидромет» сияқты республикалық мемлекеттік кәсіпорындарының, төтенше жағдайлар басқармасының  және басқа да ұйымдардың өкілдері қатысқан болатын. Отырыста көктемгі су тасқыны жағдайларына жол бермеу бойынша дайындық іс-шаралары талқыланды. Шаһар басшысының айтуынша, қазіргі уақытта қала аумағында су тасқынына қарсы дайындық жұмыстары басталған.

Жергілікті атқарушы органдар ағын су арналары мен суағарларды тазарту жұмыстарын да бастап кетіпті. Бұл бағытта күн сайын кезекшілікпен азаматтық қорғау органдарынан 63 қызметкер және 18 техника жұмылдырылуда.

100 ассенизатор, 10 автоцистерна және 2 мың қап құм

Ақтөбе қаласы әкімі аппаратының әскери-жұмылдыру жұмысы, азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Серік Дәулетов биыл су тасқынына қарсы атқарылатын іс-шаралар туралы былай деді:

Қазіргі уақытта көктемгі су тасқынына қатысты дайындық шаралары жүргізіліп жатыр. Бұл орайда қала әкімдігінде «2021 жылдың су тасқыны кезеңінде төтенше жағдайлардың алдын алу жөніндегі іс-шаралар туралы» қаулы дайындалып, су тасқыны комиссиясының дербес құрамының тізімі бекетілді. Бұл тізімге  қала тіршілігін қамтамасыз ететін коммуналдық қызметтер, сол сияқты осы іс-шараға тікелей қатысы бар кәсіпорын басшылары кіреді. Сонымен қатар биыл көктемде су тасқыны кезеңінде төтенше жағдайлардың алдын алу жөніндегі іс-шаралар жоспары да құрылған болатын. Осы жоспарға сәйкес ағымдағы жылдың 20 ақпанынан бастап қала аумағындағы арықтарды, каналдарды қардан, мұздан тазарту жұмыстары жаппай жүргізіліп жатыр. Ол үшін арнайы бригадалар, мердігер мекемелер жұмылдырылуда, — деді ол.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, биыл көктемгі су тасқынына қарсы іс-шараларға  100-ден астам ассенизатор машинасы, 10 бірлік автоцистерна және 2 қозғалмалы насостық станция мен помпа,  20-дан астам ауыр техника жұмылдырылмақ. Оның ішінде бульдозерлер, крандар, экскаваторлар, тиегіштер, тралдар сияқты өзге де техникалар осы іске тартылмақ.  Сонымен қатар су тасқынына қарсы 4000 тонна инертті материал және 2 мың дана құм толтырылған қапшықты дайындау жоспарланған.

Көктемгі су тасқынына қарсы басты жұмыстардың бірі — қала аумағынан қар шығару.   Қараша айынан бері облыс орталығынан 168 000 текше метр қар қалалық қоқыс полигоны және Ақжар-2 елді мекені ауданында орналасқан арнайы қар полигондарына шығарылды. Қар шығарылуы қажет 130 көшенің тізімі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне берілді. Бұл орайда, қаланың Мәскеу, Сүт зауыты, Шанхай, Сазды,  Құрмыш аудандарынан қар шығару жұмыстары басталды. Бүгінгі күні барлық елді мекендердің аумақтары тексеріліп, қардан тазартылуы қажет учаскелер анықталып, жоспарға алынды. Мердігер мекеме анықталғаннан кейін тиісті жұмыстар жоспарға сәйкес атқарылатын болады. Жыл сайын ақпан айының екінші жартысында тиісті жұмыстарды атқаруға кірісеміз, — деді Серік Дәулетов.

Көктемде қаланың, негізінен, Мәскеу, Құрмыш және Сүт зауыты аудандарында еріген қар суы көп жиналады. Сондықтан жергілікті билік осы аталған аудандарда қар шығару жұмыстарын ыждағаттылықпен жалғастыруды айтып отыр.

Қазір Ақтөбе қаласы бойынша 29831 метр ашық,  4936 метр жабық суағар, сонымен қатар 21 су жинайтын үлкен көлемді құдық, 42 дренажды кіші құдық бар. Серік Дәулетовтің айтуынша, су тасқынына қарсы комиссия мүшелері қала аумағында 43 су жиналатын орынды анықтап, бақылауға алатын болады.

Су қоймалары қалыпты жұмыс жасап тұр

 Ақтөбе қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Айбат Жаңабергеновтің айтуынша, «Қазсушар» РМК Ақтөбе филиалы деректеріне сәйкес қазіргі күні қала аумағындағы республикалық меншіктегі Ақтөбе (жобалық көлемі — 245 млн текше метр, нақты — 52,26 млн текше метр, бос қор — 192,74 млн текше метр) және Сазды (жобалық көлемі —  7,5 млн текше метр, нақты — 0,83 млн текше метр, бос қор — 6,67 млн текше метр) су шаруашылығы объектісі қанағаттанарлық жағдайда және қалыпты пайдалану режимінде жұмыс жасайды. — Биыл 10-15 ақпан аралығында қала аумағында су тасқыны қаупі бар учаскелерді көзбен шолу, тексеру, аралау жұмыстары жүргізілген болатын. Қазіргі уақытта Сазды өзені бойындағы — Богословка тасжолы ауданындағы саяжай учаскелері, Садовый тұрғын алабы, Песчанка өзені бойындағы Қарғалы тұрғын алабы, Бейбітшілік көшесі, Елек өзені бойындағы Силикат зауыты, Өрлеу (Россовхоз), Кірпішті тұрғын алаптары, индустриалды аймақ, Жіңішке өзені бойындағы Рысқұлов көшесі, СМП-555 жаздық массиві, Жаңақоныс кенті, сондай-ақ Батыс ауданындағы су бұру арналарын тексеру жұмыстары басталды. Осындай учаскелерді аралау нәтижесінде, су бұру арналарынан жаңбыр және еріген қар суларының кедергісіз өтуі үшін қоқыстан, бұталардан тазарту қажет. Бүгінгі күні төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері әр аптаның сенбі күні су тасу қаупі бар учаскелерді аралап, сол маңның тұрғындарына түсіндіру жұмыстарын жүргізуде, — деді А.Жаңабергенов.

Эвакуация: 20 пункт немесе 20 мектеп

Бүгінгі күні қалалық төтенше жағдайлар басқармасы «Қазгидромет» кәсіпорнының Ақтөбе филиалымен бірлесіп, қала аумағында қар қоры, жердің күзгі ылғалдануы және қаланың су объектілерінің жай-күйі бойынша жағдайды қадағалап отыр.

Ақтөбе қаласы бойынша халықты құлақтандыру үшін 136 электр сиренасы пайдаланылады. Сонымен қатар қала  халқын табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдай қаупі немесе туындауы туралы хабардар ету үшін «Баршаның назарына!» аудио жазбасын телерадио арналары арқылы ұсынуды жөн көріп отырмыз. Сонымен қатар науқан кезінде төтенше жағдайлар департаментімен бірлесіп, түрлі ұялы байланыс операторлары арқылы абоненттерге СМС-хабарлама тарату жұмыстары да жоспарда бар. Сол сияқты, қалалық орталық және «Нұр Ғасыр» мешіттерінде 2 бірлік көлемінде дауыс зорайтқыш құрылғылар қолданылады. Мұндай жұмыстар қалалық ішкі істер және жергілікті полиция қызметі органдарымен бірлесіп те атқарылады, — деді А.Жаңабергенов.

Билік өкілдері көктемгі су тасқыны кезінде қандай жағдайға да дайын болу керектігін айтады. Бүгінгі күні қалада тасқыннан эвакуациялау кезінде халықты қабылдайтын 20 пункт дайындалған. Мұндай пункттер — суға кету қаупі бар учаскелерге жақын орналасқан барлық мектеп ғимараттары.

Қазіргі таңда төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері қалалық өрт сөндіру бөлімдерінің өкілдерімен, еркітілермен бірлесе бау-бақша ұжымдарында, саяжай учаскелерінде рейдтік  аралау жұмыстарын бастады. Рейдтің тексеріс барысында тұрғындарға  түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, ұсынымдар таратылады. Бұл жұмыстар әлі де жалғасады, — дейді құзырлы орган өкілдері.

Жергілікті билік өкілдері биыл наурызда еріктілерді тарта отырып, су тасқыны кезеңінде қауіпсіздік айлығын өткізуді жоспарлап отыр. Сол сияқты, ағымдағы жылдың 4-5 наурызы аралығында «Көктем-2021» оқу-жаттығу іс-шарасын  өткізбек.

 Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button