Денсаулық

Жасанды ұрықтандыру тегін жасала ма?

Биыл елімізде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен «Аңсаған сәби» әлеуметтік бағдарламасы қолға алынды. Мақсат —  отбасылық-демографиялық проблемаларды шешу. Осы ретте медициналық сақтандыру қоры биыл  жалпы құны 6,2 миллиард теңге болатын экстракорпоральді ұрықтандыру циклын қаржыландыруды жоспарлап отыр. Жасанды жолмен ұрықтандыруға бөлінетін қаржы өткен жылмен салыстырғанда жеті есе өсті. Былтыр 960 миллион теңгеге 1105 ЭКҰ қызметі көрсетілген болатын.  

Қанша қаржы бөлінді?

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша репродуктивті технология арқылы көмек көрсетудің тиімділігі  45-60%-ға жеткен. Экстракорпоралды ұрықтандырудың, яғни ЭКҰ-ның тиімділігі біздің елімізде орта есеппен 15%-дан 42% -ға дейін өскен. Бұл Еуропадағы клиникалардың көрсеткішімен сәйкес келеді. Қазіргі таңда елімізде 11030 әйел бедеулік дертімен есепте тұр.

2010 жылдан бастап елімізде ЭКҰ бағдарламасы тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне енгізілді.  2010-2019 жылдар аралығында емдеудің циклдер саны 100-ден 900 циклге дейін өсті. 2010 жылдан бастап ТМККК шеңберінде 7 000-ға жуық ЭКҰ бағдарламасы қаржыландырылды. Ал 2018-2019 жылдары 902 цикл қаржыландырылды.

ЭКҰ кімдерге арналған?

Экстракорпоралды ұрықтандыру процедурасы терапевтік жолмен емдеуге келмейтін бедеулік диагнозы қойылған әйелдерге арналған. ЭКҰ көмегін отбасылық жұптар да, жеке адамдар да ала алады. Бірақ міндетті түрде қызмет алушы жазбаша келісімін беруі керек. Сондай-ақ ЭКҰ көмегін алатын адам Қазақстан азаматы болуы және Денсаулық сақтау министрлігі белгілеген медициналық параметрлерге сәйкес келуі қажет, яғни 18-42 жас аралығында болуы тиіс. Ал жатырдың туа біткен ақаулары, соматикалық және психикалық бұзылулар, аналық без ісіктері, жедел қабыну және кез келген онкологиялық аурулар кезінде ЭКҰ жасалмайды.

Жолдаманы кім береді?

Пациент ЭКҰ-ға жолдама алу үшін өзі тіркелген емханаға баруы керек. Ондағы мамандар пациентті бедеулік бойынша диспансерлік есепте тұрғандардың электронды тізіміне қосады. Осыдан кейін бірнеше медициналық тексерулерге жібереді. Бұдан кейін міндетті медициналық сақтандыру қоры бейінді маманның қорытындысы негізінде,  пациенттің құжаттарын жоғары технологиялық медициналық қызметтер жөніндегі жергілікті комиссияға жібереді. Бұл жұмыс 12 айдың ішінде жүзеге асады. Егер комиссия оң шешім қабылдаған жағдайда әйел «Емдеуге жатқызу бюросы» порталына тіркеліп, ЭКҰ-ға дайындалады. Пациент ЭКҰ-ны қай клиникада жасатқысы келетінін өзі таңдай алады.

Жылына бір рет МӘМС бойынша ЭКҰ процедурасын тегін алуға  болады.

Ұрықтандырудан кейін 12-14 күн өткен соң диагностика  жүргізіледі. Жиырма бір  күннен кейін ультрадыбыстық зерттеу жасалады. Егер пациентте жағымсыз асқынулардың бірі пайда болса, жүктілікке қауіп төндіруі мүмкін. Ал дамып келе жатқан ұрықты азайту операциясы пациенттің жазбаша келісімі бойынша жасалады.

Қазіргі таңда еліміздің сегіз аймағында экстракорпоралды ұрықтандыру жасайтын 19 медициналық ұйым бар. Оның 18-і — жекеменшік.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button