БілімТәуелсіздік — 30

Құсайынов мектебі

Облыстағы аты да, заты да ерекше білім ұяларының бірі һәм бірегейі — тәуелсіздік алғаннан кейін ашылған еліміздегі алғашқы авторлық мектептердің бірі —  Құсайынов мектебі. Толығырақ айтсақ, «Мақсот Құсайынов атындағы Ақтөбе облыстық мамандандырылған дарынды балаларға арналған мектеп-интернаты» КММ.

Мектеп ұжымы уақыт талабына, заман ағымына қарай ребрендинг жасап, «Құсайынов мектебі» деген атаумен эмблема әзірлепті. Онда білімнің биік шыңы да, ұлттық тәрбие де көрініс тапқан.

Ұлттық бағыт және жаңашылдық

—  Мектеп-интернатымыздың ерекшелігі — ұлттық тәрбиеге айрықша көңіл бөлетіндігімізде. Мектеп түлектерінің, көп жылдан бері еңбек етіп келе жатқан ұстаздардың аузынан түспейтін ардақты ұстаз, осы мектепті ұзақ жыл бойы басқарған, мектептің бағыты мен тұтас бейнесін қалыптастырған Мақсот Құсайынұлының салған ізімен келе жатырмыз. Мақсот Құсайынұлы жаңа заманның адамын тәрбиелеу жолында ұдайы ізденісте болған, баланың бойына ұлттық қасиеттерді сіңіре отырып, жаңа заманға бет алған уақыттың талаптарына сай келетін жан-жақты азамат тәрбиелеу, әрбір баланың бойындағы бұйығып жатқан талантты, дарынды ашу, соны дамытуды мақсат тұтқан ұстаз болды. Мақсот Құсайынұлы білім саласында бүгінгі күні қолға алынып жатқан жаңашылдықтарды, мәселен, «оқушыларды бейінге қарай бөлу» секілді тың әдістерді сонау 30 жыл бұрын бастаған, яғни болашақты айтып кеткендей.

Менің бір таңғалатыным — әдетте түлектер өзінің сынып жетекшісін, пән мұғалімдерін ұмытпай, айтып жүретін болса, бұл мектептің түлектерінің жүз пайызы, жаппай мектеп директорының есімін аузынан тастамайды екен. «Ұстаздың аты өлмейді» деген осы. Қазіргі уақытта заман талабына сай, мектебіміздің атауынан бренд жасауға тырысып жатырмыз. Онсыз да көпшілік арасында білім ұясы «Құсайынов мектебі» деп аталады. Егер мектеп атауы киімдерде, дәптер, қаламсаптарда жазулы тұрса, оқушының бойында мақтаныш сезімі болады, өзінің осы үлкен ұжымның бір мүшесі ретінде сезінуі нәтижесінде командалық жігер пайда болады. Биыл Мақсот ағамыздың туғанына 85 жыл толады. Оған қоса мектеп ғимараты іргесінің қаланғанына — 65 жыл, мектептің «дарынды балаларға арналған» деген атау алғанына 30 жыл толады. Мерейтойлар жылы. Қазіргі уақытта осыған байланысты біраз жұмыс жасалып жатыр. Жоғарыда айтқанымдай, ребрендинг жасалды. Сонымен бірге ардагер ұстаздармен сұхбаттар жүргізіліп, Мақсот Құсайынұлының 85 жылдығына, мектептің 65 жылдығына байланысты арнайы фильм шығаруды жоспарлап отырмыз, —  дейді мектеп директоры Нұрбек Аманов.

Мектеп тарихынан

Құсайынов мектебінің тарихы ел тәуелсіздігінің тарихымен біте қайнасқан. Ғимаратының өзінің тарихы тереңде: 1936 жылы салынған ғимаратта әуелгі жылдары түрлі мемлекеттік мекемелер орналасқан. 1956 жылы республикадағы 8 мектеп-интернаттың бірі болып ашылған орта білім беру мектебінде, негізінен, шалғайдағы малшылар мен ауыл еңбеккерлерінің балалары қазақ-орыс тілдерінде оқыған. 1979-1996 жылдар аралығында ҚР халыққа білім беру саласында еңбек сіңірген қызметкері Мақсот Құсайынұлы басқарды.

Үздіксіз ізденісі мен терең білімінің арқасында оқушылардың табиғи қабілетін дамытуға негізделген жалпыға тиімді жаңа отандық мектептің тұжырымдамасын жасап, негізін қалаған ұстаздың тынымсыз еңбегі жемісін берді.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылында — 1991 жылы мектептің атауына «дарынды балаларға арналған» деген анықтауыш ресми түрде қосылды. Ал 1995 жылы мектеп-интернатқа «М.Құсайынұлының авторлық мектебі» деген мәртебе, 1997 жылы Мақсот Құсайынұлының есімі берілді. 2014 жылы білім ордасы «М.Құсайынов атындағы Ақтөбе облыстық мамандандырылған дарынды балаларға арналған мектеп-интернаты» коммуналдық мемлекеттік мекемесі болып қайта аталды.

 Сапа мен статистика

Тоқсаныншы жылдарға дейінгі кезеңде мектеп авторлық жаңа бағытқа бет бұру, жаңа үлгіні қалыптастыру деңгейінде жұмыс істесе, соңғы отыз жылдай уақытта осы жеткен биіктен түспей, білім саласындағы өзге ұйымдарға үлгі болып келеді.

Мектептің жетістігі — ұстаздары мен түлектерінің, оқушыларының жетістіктерінде. Үздік ұстаздар мен түлектерге автокөлік сыйлау қалыпты жағдайға айналып үлгермеген кезде осы мектептің адамдары облыс тарихында бірінші болып темір тұлпар кілтін алды. Өңірде тұңғыш рет 2004 жылы көп жылғы нәтижелі еңбегінің қорытындысы бойынша химия пәнінің мұғалімі Күләш Ағленкинаға облыс әкімшілігі «Волга» автокөлігін сыйласа, 2009 жылы мектеп түлегі Арман Құсайынов ҰБТ-дан ең жоғары 124  балл  жинап, бірінші рет өңір басшысы қолынан автокөлік алды. Әрине, мәселе автокөлікте емес, мектептің білімінің сапасының көрсеткішінде.

2005 жылы  география пәнінің мұғалімі Мейрамгүл Нұрбаева облыстық «Жыл мұғалімі» байқауының Гран-приін алып, сол кездегі ҚР  Президенті Н.Назарбаевтың қабылдауында болды.

— Басқа да жетістіктерді тізіп айта беруге болады. 2009 жылы ҰБТ қорытындысының нәтижесінде мектеп директорына  «Ең үздік ұстаз», мектеп-интернатқа «Ең үздік жаңашыл мектеп» атағы  берілді. 2013 жылы мектеп кәсіподақ ұйымы «Үздік бастауыш кәсіподақ ұйымы» аталып, Ақтөбе облыстық кәсіподақтарының Құрмет кітабына енгізілді. Біздің мектеп бірнеше жыл қатарынан республикалық «Орта білім беретін үздік ұйым» грантын үздіксіз иеленіп келеді. Мектеп мұғалімдері арасында тұрақты түрде республикалық «Үздік авторлық бағдарлама» және «Педагогикалық идеялар фестивалі» байқауларына қатысу үрдіске айналған. Мектепте «Абайтану», «Әбіштану», «Өлкетану», «Мәңгілік ел», «Робототехника» кабинеттері ашылды. Соңғы бес жылдың ішіндегі жетістіктердің өзін бір параққа сыйдыра алмайсыз: мектебіміз «Орта білім беретін үздік ұйым» атанып, 7 миллион теңге көлеміндегі облыс әкімінің грантына ие болды.  «Үздік облыстық білім беру ұйымы», облыстық «Үздік мамандандырылған мектебі»,  «Ең үздік инновациялық мектеп», «Үздік мектеп-интернат», «Үздік олимпиадалық команда» атанды. Оған қоса «Ақтөбе-Дарын» орталығы ұйымдастырған сайыстарда, республикалық, халықаралық байқауларда, облыстық білім беру ұйымдарының оқушылары арасында өткен ХХ облыстық спартакиадада жүлделі орындарға ие болды, — дейді мектеп директорының орынбасары Мейрамгүл Нұрбаева.

Жеңістер мен жетістіктер

Ұстаз бен шәкірттің жеңісі — мектептің сапалық көрсеткішінің дәлелі. 

Мектеп-интернатта 74 педагог еңбек етеді, оның 80%-ы — жоғары білікті мамандар, педагог-шебер. Мейрамгүл Нұрбаева, Гүлназ Мыңжасарова, Балия Жулаевалар республикалық «Үздік педагог» атағын иеленсе, математика пәнінің мұғалімі Нұрбек Абдуллин облыста тұңғыш рет «Ақтөбе облысының үздік педагогі» төсбелгісімен марапатталды. Бір мұғалім «Ы.Алтынсарин» төсбелгісімен марапатталған, жеті мұғалім ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері.

2000-2020 жылдар аралығында мектеп-интернатты 159 оқушы «Алтын белгімен» аяқтады. ҰБТ бойынша республика көлемінде мектеп түлектерінің орташа балы 100-ден жоғары болып, үздіксіз 5-орынды  иеленіп келеді. Мектеп түлектерінің 90%-ы — мемлекеттік грант иегерлері. Мектеп оқушылары халықаралық, республикалық,облыстық ғылыми жобалар мен білім бәйгелерінің, шығармашылық сайыстар мен спорттық жарыстардың жеңімпаздары.

Жатақхана ғимараты жаңарды

Бүгінде мектепте 400-ден астам бала білім алып жатыр. Соның жартысынан астамы интернатта жатып оқиды. Интернат демекші, тарихы жарты ғасырдан асатын ғимарат күрделі жөндеуден өткізіліпті.  Былтырғы оқу жылында «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында қазынадан 77 миллион теңге қаржы бөлініп, жатақхананың шатырынан жертөлесіне дейін жаңартылған, есік-терезелері, кәріз жүйелері — барлығы ауыстырылған. Демеушілік қаражатқа интернаттың сырты дұрысталып, жаңадан кереуеттер алынған.

— Жатақхананың артқы жағынан спортзал салуға жер бөлінді, қазіргі уақытта жобасы жасалып, құрылысы басталуға жақын. Үлкен спортзалы болады. Биыл мектепке жөндеу жұмыстарын жүргізуіміз керек, — дейді мектеп директоры. 

Нұрбек Аманов алдағы жоспарымен де бөлісті. Қазіргі ең маңызды мәселе — алдағы олимпиададан жақсы нәтижеге жету. Бұл додаға мектептен 10 пәннен 35 бала қатысады.

— Алдағы уақытта оқушылардың олимпиадаларға дайындығын жүйелендіруді жоспарлап отырмыз. Сабақтан тыс уақыттарда оқушылар олимпиадаларға дайындалуы керек. Оған қоса заман талабына сай ағылшын тілін тереңдетіп оқытуға мән бермекпіз. Ағылшын тілі — ақпарат тілі, ғылым тілі. Ағылшын тілін тереңдетіп оқыту нәтижесінде балаларымыздың әлемдік жоғары оқу орындарына түсу деңгейі де артар еді. Өзім осы мектепке келгелі химия пәнін ағылшын тілінде оқытуды қолға алдым, — дейді ол.

Мерейтой жылы мектеп ұжымы фильм түсіру, кітап шығарумен қоса, спорттық жарыстар өткізіп, ардагер ұстаздар мен түлектердің басын қосуды жоспарлап отыр. Бұл бағытта әлеуметтік желілерде арнайы топтар ашылып, түлектер қауымдастығы құрылып жатыр.  

P.S. «Халықта «Әуелі — тұқым, сонан соң күтім» деген асыл сөз бар. М.Құсайынов мектебі — күтімге, рухани күтімге негізделген. Оның құралы — жаңа мектеп. Білім — қоғамды тұрақтандыратын, рухани мұраны сақтайтын, ұрпақты ұрпаққа сабақтастыратын құрал… Мектеп — бүгінгі теледидардан насихатталып жүрген жастарды аздыратын, ақылын улайтын идеологияға қарсы рухани күш. М.Құсайынұлы мектебінің моделі осы талапқа сай», — дейді философия ғылымдарының докторы, профессор Амангелді Айталы М.Құсайынұлының моделі туралы.  Рухани күтімге негізделген мектептің кешегісі мен бүгінгісі болашағына бағыт көрсетіп тұрғандай.

 Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button