Денсаулық

Ойымдағы орындалған жылдар

«Хирургияда демократия болмауы керек, хирургияда жақсы, дана диктатура болуы тиіс. Себебі «бір науқасқа қандай операция жасалуы керек?» деген сұраққа 20 дәрігер 20 түрлі пікір айтады. Соның ішінде науқастың денсаулығына сәйкес келетін біреуін ғана таңдау керек және соны не үшін таңдағаныңды дәлелдеуің керек. Егер хирургияда демократия болса, аққу, шортан һәм шаянның кері келеді. Сондықтан хирург сөздің жақсы мағынасында диктатор болуы тиіс», — дейді  белгілі дәрігер, профессор Нағашыбай Ақатаев.

Бір қарасаң, Нағашыбай Ақатаевтың медицина саласындағы хирургтерден еш айырмашылығы жоқ. Ол да басқа хирургтер секілді науқасты «кеседі, тіледі, сояды, пішеді» (сұхбаттасымның өз сөзі — М.Р.). Бірақ бұл кісінің өз саласының майталманы болуы бір төбе, жастарға жол көрсетуі, ұстаздығы, қазақы болмысы, әдебиетке, әзілге, ұтымды сөзге жақындығы, есте сақтау қабілетінің жоғарылығы, кәсіпке, білімге деген сүйіспеншілігі, өмірді сүюі, әйел адамды сыйлауы — бәрі-бәрі тұтас «Ақатаев әлемінің» ерекшелігін көрсетіп тұрады.

Профессор Нағашыбай Ақатаев хирургия мамандығы бойынша интернатура бітіргеннен кейін, аудандық, облыстық ауруханаларда хирург,  Ақтөбе медицина институтында проректор, госпитальдық хирургия кафедрасында оқытушы-ассистент, доцент болды, кафедраларды басқарды, облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас хирургі болды. 100-ден астам ғылыми мақалалардың, 16 оқулықтың, оқу құралдарының, клиникалық нұсқаулардың авторы, 6 ғылыми патент иесі. Бірнеше марапат иесі. Соның ішінде «Бейбітшілік әлемі» халықаралық қазақ шығармашылық бірлестігінің ұсынысымен «Халықаралық ғұламалар одағының мүшесі» төсбелгісінің, ҚР хирургиясының дамуына қосқан үлесі мен сіңірген енбегі үшін берілген А.Сызғанов атындағы «Алтын медаль» иегері, т.б. Ырғыз ауданының құрметті азаматы.

Бүгінде жедел жәрдем ауруханасының хирургия бөлімінде жұмыс істеп жатқан дәрігермен өзінің аядай ғана бөлмесінде сұхбаттастық. Дәлізден науқастар жатқан палаталар көрінеді.

— Маған кеңсе керек емес, науқастар жатқан жерден бір бөлме сұрап алдым, мен емделіп жатқан адамдардың ыңқыл-сыңқылын естіп отыруым керек, оларға дереу көмек қажет болғанда жүгіріп баруым керек, жастар жұмыстарымен сыртқа шығып кетуі мүмкін, ал мен науқасқа көмек керек болғанда профессормын деп қамсыз отыра алмаймын. Осы ауруханаға медициналық институттың 5-курсында оқып жүргенде келдім. Ол кезде 22 жаста екенмін. Рас, арасында өзге де жерлерде жұмыс істеген кездерім болды, дегенмен 48 жыл істеп келе жатқан кәсібімді осы жермен байланыстырамын. Менің альма-матерім — осы жер, — дейді ол.

Бірі есіктен басын сұғып, бірі телефон шалып, бірі кіріп, бірі шығып, профессордан ақыл-кеңес сұраған жас әріптестермен емен-жарқын сөйлескен дәрігер биыл жетпістің биігіне шығып отыр екен.

—  Медицина саласына жарты ғасырлық ғұмырыңызды арнаған екенсіз. Бұл жол қашан, қалай басталып еді?

— Бұл жолдың басы сона-а-ау Ырғыздың Нұра деген ауылында жатыр. Менің тамырым, тағдырым да сол жерден бастау алған. Нұрада — қазақылықтың қаймағы бұзылмаған аядай ауылда өстім. Ауылда оқып жүргенімізде мектептегі мұғалімдеріміз мықты еді. Біз оқыған 8-мектепте тек екі мұғалім ғана әйел адам болды, қалғаны ер адамдар болатын. Тәрбие қатал болды, әр мұғалім өз пәнінің білгірі еді. Берігірек Ырғыз ауданына келіп, Ыбырай Алтынсарин ашқан мектепте оқып, бітірдім. Қазақ тілі мен әдебиетінен Итемген деген мұғаліміміз болды. Сол кісі қазақ әдебиеті пәнінде есіп сөйлеген кезде: «Ойпырым-ай,ә, бүкіл дүние қазақ тілінде тұр екен ғой», — деп таңғалушы едік. Сол сабақта отырып, «қазақ әдебиеті пәні мұғалімі болсам ғой» деп ойлайтын едік. Одан соң тарих пәнінен беретін Әкімжан деген ұстазымыз тарихтағы оқиғаларды өзі ішінде қатысып жүргендей түсіндіреді. Соғысқа қатысып, Жуковтың қасында жүргендей түсіндіргенде «дүниенің бәрі тарихта тұр екен ғой» деп ойлап, ойша тарихшы болып кетеміз. Математикадан берген Ниязбаев ағайымыз формула жазғанда бір тақта жетпей қалады. «Нақты ғылымсыз ештеңе жоқ-ау» деп тағы ойлаймыз.  Осылайша, бір күннің ішінде бірнеше рет ойымыз өзгеріп шыға келеді.

Сөйтіп жүргенде ойым біржола «дәрігер боламын» дегенге тұрақтады. Себебі әкем аурушаң болды. Соғыстан мүгедек болып оралған еді. Анам сегіз баланыдүниеге әкелген(ол уақытта үйде босанады), оның да денсаулығы мәз емес болды. Екеуі ауырып-сырқап жүрген соң «дәрігер болсам, ата-анамды емдеп алар едім» деген арманмен, дәрігерлік оқуға түскім келді. Әкем кіндіктен жалғыз болған кісі. Сол уақытта медициналық институтқақұжаттарымды тапсырып, оқуға түстім.  Ол уақытта ата-анамыз бізді қалаға әкеліп, жетелеп жүрмейді. Әйтеуір кетіп бара жатқан біреулерге ілесіп келіп, құжаттарымды тапсырып, үш сабақтан бес алып, орыс тілінен үш алып, оқуға түстім. Ол уақытта Ырғыздан келген, ауылдың құмынан шыққан қара балаға орыс тілінен үш алудың өзі олжа болды. Тірі орысты мен Ақтөбеге келгенде бірінші рет көрдім. Дегенмен ауылда тырмысып орысша оқитын едім. Өмір өзі оқытады ғой адамды. Қазір арнайы кітапты орыс тілінде жазатын деңгейге жеттік. Бүгінде медицина тақырыбында шығарған 16 кітаптың 10-ы орыс тілінде жазылды.

— Сол Нұрада оқып жүргенде хирург болғыңыз келді ғой, демек?

— Медициналық институтқа түскен балалардың дені хирург болғысы келеді. Әсіресе, ер адамдар. «Операция жасаймын, адамдарды өлім аузынан аман алып қаламын» деген арман ғой.  Ол кішкентай балалардың «ұшқыш боламын» дегеніндей нәрсе ғой.

Сонымен мен де хирург болғысы келетін көп жастың қатарында болдым. Ол уақытта хирург болу үшін конкурс өте қатал болатын еді. Орташа балы 4-тен жоғарылар ғана түсе алатын. Мен мединститутта өмірі 3 алып көрген емеспін, осылайша мүдірмей өтіп кеттім. Оқуды бітірген кезде «институтта қалдырамыз» деген әңгімелер болды. Мен бірақ оған көнбедім, ауылға барып, 4 жыл жұмыс істедім. Ауылда жұмыс істегенім жақсы болды. Жастық па екен, ауылға жұмыс жасауға бара жатқанда қорқасоқтадым: ауылдастарым: «Ауылдың баласы ғой, боқмұрын бала ғой» — деп, менсінбей, жұмыс жүрмей қала ма деп ойлаған едім. Оным бекер болған екен. Қайта барғаным дұрыс болыпты. Аудан орталығында 4 жыл жұмыс істедім. Әдепкі кезде хирург біреу болды, кейін екі-үшеу болдық. Осы уақытта халықты таныдым, жерін, тарихын, елін таныдым.

Мен өмірі өзіме көңілім толмайтын адаммын. «Хирург бәрін білдім деп ойлаған күні оның кері кете бастағаны» деген сөз бар. Олай өмірі ойлап көрген емеспін. Әлі де білмейтінім көп.Осылайша әрі қарай іздену мақсатында клиникалық ординатурада оқыдым. Осы ауруханада қарапайым дәрігер, ассистент, доцент, профессор болдым, одан жеті жыл облыстық денсаулық сақтау басқармасында бас хирург, екі жыл медициналық академияда проректор болып еңбек еттім, одан кейін 15 жылдай хирургиялық кафедралардың меңгерушісі болып еңбек еттім. Кафедралардың ішіндегі қиыны — дәрігерлердің білімін жетілдіру факультеті. Онда не айтсаң да, бас шұлғитын жас студенттер емес, онда жоғары санатты мамандар, ғылыми дәрежесі бар дәрігерлер бар, тек батыстан ғана емес, тұтас республиканың әр түкпірінен келеді. Оларға лекция оқу үшін студент қалай түн қатып кітап оқиды, солай оқу керек, жазу керек. Жазу — еске сақтаудың бір түрі. Сонымен өмір бойы оқып келеміз. Кезінде Мәскеудегі, Ленинградтағы ірі-ірі клиникаларға барып, тәжірибе алмасып, аты, кітабы шыққан мықты мамандардан да дәріс алдық. Олармен кездесіп, шеберлігін, қол қимылын, шешім қабылдауына дейін мән беруге тырыстым.

— Қол қимылы дейсіз бе? Хирургтердің қол қимылдары бірдей болмай ма? Сол бес саусақ емес пе, ол қалай әртүрлі болуы мүмкін?

— Бірдей болмайды. Хирургиялық техника — қол қимылы әркімде әртүрлі болады. Хирургке дәлдік керек. Көздің қарауы мен қолдың қимылы сәйкес келуі тиіс. Хирургияда 1 миллиметр қателесуге болмайды, ауытқып кетсең, науқасты жарақаттап алуың мүмкін. Әр хирургтің операция жасау тәсілі әртүрлі болады: бірі сапалы, әрі тез жасайды, екіншісі де сапалы, бірақ баяу жасайды. Екеуінде де дәл сол науқастың қосалқы ауруларына, жүрек резерві, өкпе қызметіне, жалпы алғанда, денсаулығына байланысты сәйкес келетін операцияны таңдау маңызды. Сол үшін лездеме барысында мәселен 20 хирург ұсынатын 20 түрлі операцияның ең лайықтысын таңдау, оны дәлелдеу маңызды. Осы тұста хирург диктатор болуы тиіс.

— Сіз диктатор хирургсіз бе?

— Иә, қызметте диктатормын. Себебі хирургияда шешім қабылдайтын адам диктатор болмаса болмайды.

— Ал үйде ше?

— Үйде демократпын.  Балаларыма жұмсақпын, ал немерелерге жұмсақтың жұмсағымын. Немерелер атқа мінгендей, үстіме мініп алады. Қыздарым: «папа, бізді олай ерткелетпейтін едің ғой», —  деп күледі.

— Өмірдегі ұстанымыңыз қандай?

— Жақында Тұманбай Молдағалиевтің кітабын оқып отырып, мына жолдарға көзім түсті:

«Көмек сұрап, ешкімге де бармадым,

Дос шақырса, үйде бұғып қалмадым.

Алдансам мен әйелдерден алдандым,

Алдасам мен әйелдерді алдадым». Ох, ақын менің айтпағымды қалай айтып қойған дедім.

— Осы төрт жол ұстанымыңызға сәйкес келе ме екен?

— Келіп қалады. Кейбір кездері сөздің жақсы мағынасында үйдегі әйел адамдарды алдауға болады. Кей кездері шатақ шығып кетпесін деп, үйдегі апаңды да зиянсыз алдаулар болды. Ол кісі де медицина саласында еңбек етті. Терапевт. Жоғары санатты дәрігер, жоғары санатты педагог болды. Медициналық училищеде сабақ берді. Өте білімді кісі еді.Біраққазақтың барлық әйелдері секілді өмірін отбасына, балаларынаарнады. «Менің міндетім — отбасын ұстап отыру, сен оқы», — деді. Егер ол отбасын емес, қызметін бірінші орынға қойса, менен де мықты болар еді. Өте білімді кісі-тұғын.

— Сіздің «Хирургтің қойындәптері» деген шағын кітапшаңызда: «Хирург — қаруы бар терапевт» (Малкин) деген сөз бар екен…

— Медицинада «терапия — медицинаның анасы, хирургия — әкесі» деген сөз бар. Сол секілді біз, ер адамдар, әйелдің отбасының кіндігі екенін жақсы білеміз, бірақ көп ретте дауыстап айта бермейміз. Мәселен, менің осындай азамат болып ержетуіме арғы әжемнің, анамның тәрбиесі әсер еткені белгілі. Әжем жесір әйел болса да, жалғыз ұлын баққан, одан артылғанын сонау аштық замандарда айналасына бөліп берген. Анам да дана кісі болған. 4 кластық білімі болса да, қазақ ауыз әдебиетін жақсы білуші еді, эпостардың бірнеше нұсқасын жатқа білетін. Анам кішкентай кезінде ауылды аралап, майдан даласынан келген хаттарды оқып беретін болған. Оқып қана қоймай, жаттап алатын болған. Ол кезде ауылда хат танитындар сирек. Кейін ол хаттар жоғалып, әкелері соғыстан қайтпай қалған балалар есейгенде анамды шақырып алып, есінде қалған хаттарды оқытып, магнитофонға жаздырып алған екен. Анамның есте сақтау қабілеті маған дарыған деп ойлаймын.

— Сіз де анаңыз секілді әдебиетке құмарсыз. Әзілді жақсы көресіз. Хирургке әдебиет қаншалықты қажет? 

—Бауыржан Момышұлының: «Ағысы жоқ су шіриді, ойламаған ми шіриді» деген сөзі бар. Адам миды жаттықтырып отыруы керек. Әдебиет — рухани азық. Ұдайы арнайы тақырыпты оқи беру адамды жалықтырады, сондықтан ақпараттарды алмастырып отыру керек. Оны арасында сықақ-әзілмен тұздап отырсаң, керемет емес пе?

— Сонда көркем әдебиетті, өлең оқу — яғни миды жаттықтыру хирург үшін операция жасағанда да әсерін тигізеді дегіңіз келе ме?

— Әрине! Әсер етеді. Екінші жағынан, дәрігердің операция жасаудан да маңызды міндеті бар, ол — науқасқа үміт сыйлау. Алдыңдағы адамның дерті дендеп, емдеу мүмкін болмаған жағдайда да біз оған жақсы сөз айтып, үміттендіруіміз қажет. «Дәрігердің алдына келген науқас онымен сөйлескеннен кейін жеңілденіп шықпаса, онда оның дәрігер болмағаны», — деген сөз бар.

— Іштей үміт жоқ екенін біле тұра, үмітті өлтірмеуге тырысу қиын ба?

— Уайымдамайтын адам болмайды. Операция жасаған кезде науқас о дүниелік болып кетсе, дәрігер үшін тіпті қиын. Әрине, науқас тап сол операциядан емес, көп жағдайда аурудың асқынып кетуінен қайтыс боп жатады. Мұндай кездері, әсіресе, жас дәрігерлер қатты қиналады, іштей мүжіліп, жанын жегідей жейді. Бұл ретте аға буын дәрігерлер жастарға қолдау көрсетуіміз керек. Яғни дәрігерлер де бір-бірінің жанын емдейді.  Мен де жас кезде сондай болдым, ағаларымның қолдауы мен білімі көмектесті. Қате жіберген кездері міндетті түрде барлық арнайы әдебиетті ақтарып шығамын. Қатені жасырмау керек, оны жасырсаң, қылмысқа айналады.

— Осыдан он жыл бұрын берген сұхбатыңызда: «Хирургтер зейнетке шықпайды», — депсіз. Әлі күнге дейін жұмыста жүрсіз…

— Ол рас. Біздің міндетіміз — халыққа қызмет ету. 70-ке келсем де жұмыс істеп жүрмін. Қоғамға, медицинаға пайдаң бар екенін сезіну үлкен күш береді. Операцияларды азайттым, күрделі, қиындау операцияларға шақырады. Жастарға бағыт-бағдар беріп отырамын.

— 48 жыл еңбек тәжірибеңізде қанша адамның өмірін аман алып қалдыңыз?

— Ең кемі  жеті мыңдай операция жасадым деп нақты айта аламын. Операция жасағаннан кейін науқастарды міндетті түрде жазылып, аяқтан тұрып кеткенше өзім бақылаймын. Еңбек демалысына, іссапарға кететін кездері он күн бұрын операция жасауды тоқтатамын.

— Қанша шәкірт тәрбиеледіңіз? Балаларыңыз да ата-ана жолын қуды ма?

— Кемінде алдымнан жеті мыңнан астам студент өтті. Қазір облыста, басқа өңірлерде басшылықта, медицина саласында жұмыс істеп жүргендер арасында шәкірттерім көп. Қай жерге барсам да, алдымнан шығады. Екі қызым бар, біреуі дәрігер. Алты жиен немерем бар. Аллаға шүкір.

— 70 жылдық ғұмырыңызды бірауыз сөзге сыйғызып бере аласыз ба?

— «Ойымдағы орындалған жылдар» деп атар едім. Ойыма алған бар істерім орындалды, Аллаға шүкір. Өкінішім де бар. Ол — ата-анамның, бір-екі іні-қарындасымның өмірден ерте кеткені. Және бір орны толмас қайғы — 50 жыл отасқан жұбайымның өмірден озғаны. Қанша адамның дертіне дауа тапқанда, өз жақындарыма көмектесе алмауым — өкініш.

 Сұхбаттасқан Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button