Басты жаңалықтар

Корпорация рейтингінде біздің облыс — бірінші

Брифинг

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының ішкі бағалау жүйесінің қорытындысы бойынша жұмыс сапасы жағынан Ақтөбе облыстық филиалының фронт-офистері алдыңғы қатардан көрінді. Анығы, республикалық рейтингте біздің облыстың халыққа қызмет көрсету орталықтары бірінші орында тұр. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде тікелей эфирде өткен брифингте корпорацияның облыстық филиалы директорының орынбасары Ізбасар Орынбасаров баяндады.

— 2020 жыл корпорациямыз үшін көптеген жағымды өзгерістермен есте қалды. Атап айтар болсақ, мемлекеттік қызметтердің 85,5 пайызы электронды форматқа ауысып, қызметтерді алу реті жеңілдетілді. Қазақстандықтар мемлекеттік қызметтерді онлайн алуды үйреніп, біздің фронт-офистеріміздегі қызмет көрсету аймағы кеңейді. Пандемияның әсерінен электрондық үкімет порталына сұраныс артты. Осы жылдың сәуір айында Азаматтарға арналған үкіметтің құрылғанына 5 жыл толады. Аз уақыт ішінде корпорациямыз халыққа сапалы қызмет көрсетіп, нәтижелі жұмыс істеді. Алдағы уақытта жылдам, әрі оңай жасалатын цифрлық жаңашылдықтар болады деген сенімдеміз, — деді филиал директорының орынбасары Ізбасар Орынбасаров. Сондай-ақ ол биылғы жаңалықты да атап өтті. Оның айтуынша, бүгінгі таңда әлеуметтік сала бойынша мемлекеттік қызметтер — асыраушысынан, еңбекке қабілеттіліктен, жұмысынан айырылу және мүгедектігі бойынша әлеуметтік төлемдер тағайындау, бала туу мен бір жасқа дейінгі бала күтіміне және «Алтын алқа», «Күміс алқа» марапатын алған көпбалалы аналарға мемлекеттік жәрдемақы тағайындауға қатысты қызметтер проактивті түрде көрсетіліп жатыр. Бұл тұрғыда сандарды сөйлетсек, биыл 1 ай ішінде 928 адамға, ал былтыр 7727 адамға осы тәсілмен қызмет көрсетілген.

Халыққа қызмет көрсету  орталықтары арқылы биылғы 1 айда 116 118, ал жалпы 2020 жылы 730 425 қызмет көрсетілді. Оның үстіне орталыққа бармай-ақ, қолыңыздағы смартфонға Telegram-Bot, Egov mobile мобильді қосымшаларын жүктеп алып, 58 мемлекеттік қызмет пен сервисті онлайн түрде алуға болады. Ол үшін тек мобильді азаматтар базасына тіркелсеңіз немесе электронды-цифрлық қолтаңбаңыз болса жеткілікті, — деді фронт-офистерді үйлестіру басқармасының басшысы Аслан Уразов.

Бұл орайда мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру, автоматтандыру, проактивті және композитті форматқа өткізу, азаматтардың цифрлық дағдыларын арттыру бойынша жұмыстар жалғасып жатыр.

Сонымен қатар өткен жылдармен салыстырсақ, ақтөбеліктер көлік құралдарын онлайн форматта тіркеу және жүргізуші куәліктерін электронды порталда ауыстыру қызметін кеңінен қолдана бастады. Қаңтар айында мамандандырылған бөлім арқылы 729 ақтөбелікке онлайн қызмет көрсетілген. Соның ішінде 10 214 адамға жүргізуші куәлігі берілсе, 14 483 азамат көлік құралын қайта тіркеуден өткізіп, 64 қызмет алушы мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісінің көшірмесін алған.

Айтпақшы, бүгінде «Азаматтарға арналған үкіметтің» бастамасымен барлық аймақтарда «Біз жылу сыйлаймыз!» шарасы өтіп жатыр. Қиын-қыстау күнде халықтың еңсесін көтеру мақсатында ұйымдастырылған бұл шара облыстар арасында дәстүрге айналды. Өміріндегі маңызды оқиғаға орай мемлекеттік қызмет алуға келген азаматтарды құттықтап, құжаттарын салтанатты түрде табыстау дәстүрін енгізіп жатырмыз. Халыққа сапалы және жылдам қызмет көрсету — біздің басты мақсатымыз, — деді фронт-офистерді үйлестіру басқармасының басшысы Аслан Уразов.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button