Жаңалықтар

Галереяға аналар портреті ілінді

Құрмет

«Анаға тағзым» рухани-адамгершілік тәрбие беру кешеніндегі «Ана даңқы» галереясы тағы бірқатар жаңа портреттермен толықты.

Енді мұнда «Әлем дәрігері» Серік Ақшолақовтың анасы Сағынай Жалмұратқызының, ҚР Парламенті Мәжілісінің тұңғыш төрағасы Марат Оспановтың анасы Рауза Зейноллақызының, Қазақстанның Еңбек Ері Құралай Байменованың анасы Ақлима Мағзомқызының, Социалистік Еңбек Ері, тың және еңбек ардагері, қоғам қайраткері, даңқты механизатор Кәмшат Дөненбаеваның портреттері тұратын болады.

Елі үшін еңбек етіп, халықтың баласы атанған тұлғаларды дүниеге әкелген ақ жаулықты аналарды құрметтеуге арналған шараға қала әкімінің орынбасары Азамат Бекет қатысып, аналар салған сара жолды жалғастырып ұрпаққа қызмет ету, қашанда адам болып қалу — адамзаттың басты парызы екендігін айтты.

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен өткен шараға суреттері ілінген ақ жаулықты аналардың ұрпақтары мен туыстары қатысып, олар туралы естеліктерімен бөлісті.

— Балалық шағымызда барлық каникулымыз әжеміздің қасында Шалқарда өтті. Менің әкем Серікбайдың екі баласын, әкемнің інісі Серіктің бір баласын бауырына басып өсірді. Бүгін «Анаға тағзым» орталығында әжемізге құрмет көрсетіліп, суретін іліп жатыр. Өте қуаныштымыз. Ақшолақовтар әулетінің атынан ұйымдастырушыларға алғыс айтамыз, — деді белгілі дәрігер Серік Ақшолақовтың інісі Қанат Ақшолақов.   

«Анаға тағзым» кешеніне аяқ басқан адам «Ана даңқы» музей-галереясына бас сұғып, ұлы тұлғалардың аналары туралы мәлімет ала алады. Залдың ең жоғарғы тұсында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзі жазылып, анасы Әлжанның портреті ілінген. Сонымен қатар музейден Мәншүк Мәметова, Бауыржан Момышұлы, Мұхтар Әуезов,  Қасым Аманжолов, Әбілхан Қастеев, Әбіш Кекілбаев, Мұқағали Мақатаевтардың және бүгінгі күннің батырлары Генадий Головкин мен Дмитрий Баландиннің аналарының портреттерін көруге болады.

Ақерке САТЫБАЛДЫ. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button