Жаңалықтар

Соңғы 5 күнде 93 адам індет жұқтырған

Брифинг

17-21 ақпан аралығында облыста 93 адам коронавирус инфекциясын жұқтырған. Мамандар қазір Ақтөбе облысының жасыл аймақта тұрғанын, алайда тұрғындар карантиндік талаптарды сақтамайтын болса, эпидахуал түбегейлі өзгеруі мүмкін екендігін айтады.

Бұл туралы облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхтар Сербаев пен облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаров баспасөз мәслихаты барысында мәлімдеді.

— 21 ақпан күні індет жұқтырған 13 адам тіркелді. 10 адамда аурудың клиникалық белгілері болса, үшеуі — симптомсыз. Аурушаңдықтың   өсу  деңгейі — 0,3 пайыз.

Жалпы, күні бүгінге дейін тіркелген  4191  науқастың 3,5 пайызы — сырттан келгендер, 16,1 пайызы ауру адаммен қарым-қатынаста болғандар арасынан анықталған. Ал  80,3 пайызы — жергілікті жағдайлар, оның ішінде 32,7 пайызы профилактикалық зерттеулер барысында анықталды. Қазіргі таңда үй карантиніне 739  адам алынған, оларға медициналық бақылау жүргізілуде, — деді Мұхтар Сербаев.

Өз кезегінде сөз алған облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаров бүгін осыдан 21 күн бұрын екпе салдырған азаматтар вакцинаның екінші компонентін алып жатқандығын хабарлады.

Бүгінге дейін облыста 3962 адамның жазылып шыққанын, ал қазір 175 адамның ем қабылдап жатқанын айтқан облыстың бас дәрігерінің орынбасары ЖРВИ белгілері байқалса, бірден дәрігерге қаралу қажеттігін айтты.

Айта кетейік, бүгінде облыс бойынша мобильді мониторингтік топтар карантиндік шектеу шараларын бақылауда.

Мониторингтік топтар мен жергілікті полиция қызметінен түскен материалдарға сәйкес ҚР «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодексінің 425-бабы 1-бөлігі бойынша анықталған бұзушылықтар үшін 186 552 041 теңге көлемінде 1373 айыппұл салынған.

Биыл Ақтөбе қаласының координациялық орталықтарынан қалалық басқармаға 14 шұғыл хабарлама келіп түскен. Шұғыл хабарламалар негізінде жоспардан тыс тексерулер жүргізіліп, тексеріс қорытындысы бойынша 5 объектіге 510 475 теңге көлемінде айыппұл салынып, 5  ұйғарым беріліпті.

— Бетперде тәртібін, әлеуметтік қашықтықты және карантин талаптарын қатаң сақтаңыздар. Бұл — сіздің денсаулығыңыз бен жақындарыңыздың қауіпсіздігінің кепілі. Қауіп сейілген жоқ, сондықтан қорғаныс құралдары инфекцияның таралуын азайтуға көмектесетінін түсініңіздер. Өзіңізді және жақындарыңызды сақтаңыздар! — деп қорытты сөзін Мұхтар Сербаев.

Ақерке САТЫБАЛДЫ. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button