Мәдениет

Өмірге құштар өнерпаздардың кеші

Өңірде мәдениет мекемелерінің жыл бойына атқарған жұмыстарын қорытындылап, шығармашылық есеп беруі ізгі дәстүрге айналған. Көз жанарынан, есту қабілетінен айырылғанымен, өмірге ерекше құштар, өнерге талпынған талантты әрі еңбекқор жандар да шығармашылық есеп беріп, өнерін паш етті.

Мұқтаж жандардың мұңына құлақ асып, олардың өмірден өз орындарын табуында мәдениет саласы мамандарының да оң ықпалы бар. Ерекше қажеттіліктерге ие адамдардың, яғни зағиптар мен саңыраулар қоғамының Мәдениет үйінің жанында «Жалын» би ансамблі, «Мы Вас любим» халықтық клоунада театры, «Поющие руки», «Домбыра», «Шаттық» вокал үйірмелері мен «Шаңырақ» отбасылық клубы, «Әжелер» вокалдық тобы жұмыс жасап келеді.

Жоғарыда аталған ұйымдар мен мүмкіндігі шектеулі жандарды құттықтағандардың арасында мәдениет саласы қызметкерлерінің кәсіподағымен қатар, Ақтөбе қалалық мәслихатының депутаттары да бар. Соның ішінде мәдениет, спорт және ақпарат саласы қызметкерлерінің салалық кәсіподағы Ақтөбе филиалы өкілдері қайсар жандар ұйымына «Юкон» шипажайына екі жолдама беріп, концерт барысында лебізін білдірді.

Жалпы, мүмкіндігі шектеулі жандар қаламыздағы барлық мәдени-спорттық шараларға белсене қатысады. Соңғы өткен мәдени шара да санитарлық талаптарға сай, әлеуметтік арақашықтық сақтай отыра ұйымдастырылды. Мұндай басқосулардың аталған топтағы азаматтардың өмірге деген құштарлығын арттырып, шығармашылық қабілетін шыңдауға ықпал ететінін айтқан кәсіподақтағылар жиналғандарға денсаулық тіледі.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button