Спорт

Дзюдодан ел чемпионаты аяқталды

Ақтөбеде дзюдодан жасөспірімдер арасында ұйымдастырылған Қазақстан чемпионаты өз мәресіне жетті.

18 ақпанда басталған дүбірлі додаға еліміздің Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларынан және 13 облыстан 668 спортшы қатысты. 16-17 жас аралығындағы татами шеберлері 16 салмақ бойынша күш сынасты.

Тартысқа толы жарыс нәтижесінде Алматы құрамасы 3 алтын, 2 күміс, 3 қола жүлдемен көш бастады. Ал Шымкент қаласының дзюдошылары 2 алтын, 2 күміс және 4 қола жүлдемен екінші орынды еншіледі. 2 алтын, 3 қола жүлде иеленген Қарағанды облысының жасөспірімдер құрамасы үздік үштікті қорытындылады.

Ақтөбе құрамасы 1 алтын,1 күміс, 5 қола жүлдемен чемпионат кестесінде 6-орынға жайғасты. Былтырғы ел біріншілігінде Ақтөбе құрамасы 4 қоламен 13-орыннан көрінген еді.

Жеңімпаз атанған және жүлделі орын алған спортшылар ұлттық құрама сапына қосылды. Сондай-ақ жарыста үздік өнер көрсеткен спортшылар да ұлттық құрамаға іріктелетін болады. Олар алдағы уақытта өтетін Әлем және Азия чемпионаттарына қатысып, ел намысын қорғайды.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button