Басты жаңалықтарТәуелсіздік — 30

Мүмкіндігі шектеулі және көмекке мұқтаж жандарға сертификат табысталды

Кеше Ақтөбе қаласындағы шаңғы роллер трассасында ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Қайырымды істер марафоны» акциясы өтті. Оған облыс әкімі Оңдасын Оразалин, облыстық басқармалардың басшылары, спортшылар және белсенді жастар қатысты.

Шарада алдымен облыс әкімі Оңдасын Оразалин тәуелсіздік жылдарында еліміздің қол жеткізген жетістіктері мен республикамызда болған елеулі оқиғаларға тоқталып, биылғы мерейтойдың әрбір қазақстандық үшін маңызы зор екенін атап өтті.

Еліміз тәуелсіздік алған отыз жыл ішінде біз өткенімізден сабақ алып, болашағымызға үлкен үмітпен, зор сеніммен қарайтын болдық. Сондықтан биылғы азаттығымыздың мерейтойы тек бүгінімізге емес, ертеңгі күнге бағдар болуға тиіс. Біз тарихи оқиғалардың мәнін ұғынып, оған тиісті бағасын беруіміз керек. Барымызды ұқсатып, оларды игілікті істермен астастыруымыз керек. Сонда ғана біздің, болашақ ұрпақтың болашағы жарқын, ел іргесі берік болмақ.

Өңірімізде ақпан айы басталғалы тәуелсіздік мерейтойына арналған спорттық іс-шаралар ұйымдастырылуда. Осы орайда бүгін шаңғышыларға кезек беріп отырмыз. Ендеше, бүгінгі шараға жиналған баршаңызды ел тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтай отырып, алдағы уақытта еліміздің, облысымыздың гүлденуіне, осындай қайырымды, игілікті істерге атсалысуға шақырамын, — деген облыс басшысы биылғы жылдың алғашқы игі істерінің белгісі ретінде облыстық мүгедектер қоғамына, «Ақтөбе қалалық сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау» қоғамдық қорына және «Қазақ саңыраулар қоғамы» облыстық филиалына «Шипагер» сауықтыру орталығына жолдамалар табыстады.

Бұдан кейін шарада «Жүректен жүрекке» волонтерлік тобының мүшесі Әлішер Садық пен ««Volonter.2020_ aqtobe» волонтерлік ұйымының жетекшісі Нұрбек Жалғасбаев жастарды аталған акция аясында қайырымдылық шараларға белсене атсалысуға шақырып, облыстағы волонтерлер атынан қиын жағдайға тап болған К.Мейрамғалидың отбасына 400 мың теңгенің сертификатын табыс етті.

Шара соңы қоғамдық ұйымдардың жетекшілері, волонтерлер және спортшылардың қатысуымен шаңғы жарысымен жалғасты.

Айта кету керек, биыл облысымызда Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес мерейтойға арналған 200-ге жуық шара өтеді. Сондай-ақ өңірде бірқатар әлеуметтік-мәдени нысандар бой көтеріп, ірі бизнес-жобалар жүзеге асырылмақ.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button