Жаңалықтар

Су тасқынына дайындық қалай?

Брифинг

Жыл сайын ақпан айынан бастап көктемгі су тасқынына қарсы дайындық жұмыстары басталады. Биыл да бұл бағыттағы шаруалар уақытында қолға алынды. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының бастығы Құмар Тұрмағамбетов су тасқынына дайындық жұмыстарын баяндады.

— Соңғы үш-төрт жылда көктемгі су тасқынына қарсы жұмыстар «Қазгидромет» орталығының мамандарымен бірлесе жүргізіліп келеді. Облыстағы мемлекеттік органдармен бірге атқарылған шаруалар да көп. Мәселен, Ақтөбе қаласы мен оның аумағындағы елді мекендерде су тасқынының алдын алу жұмыстары тиянақты түрде жүргізіліп жүр. Бірқатар проблемалар шешімін тапты.

Жалпы облыста су алу қаупі бар, яғни тізімде тұрған 30 елді мекен бар. Бұл жерде 11 мыңнан аса адам тұрады.

Көктемгі су тасқынына облыс толық дайын. Қажетті инертті материалдардың қоры жеткілікті. 80 тонна жанармай, 473  техника сақадай сай тұр. 13 мың адам сыятын 76 орын дайындалды, — деді Құмар Тұрмағамбетов.

Соңғы екі күнде қардың мол түсуіне байланысты техникалар үздіксіз жұмыс істеп жатыр. Бүгінгі күнге дейін Ақтөбе қаласынан 154 тонна қар сыртқа шығарылған.

Қала маңындағы су қоймалары да тұрақты түрде тексеріліп тұрады. Өткен жылмен салыстырғанда биыл қар аз, сондықтан судың да мөлшері аз болуы мүмкін. «Қазгидромет» мамандарының мәліметіне сүйнесек, күзде түскен ылғалдың да көлемі аз.

— Облыста үш су қоймасы бар. Олар — Қарғалы, Ақтөбе, Сазды. Қазір бұл су қоймаларында судың жиналу мөлшері аз. Мәселен, Ақтөбе су қоймасында судың жиналу көлемі — 21 пайыз, яғни 52 миллион шаршы метр су бар. Ал бұл қоймаға 245 миллион шары метр су сыяды.  Қарғалы су қоймасының 13 пайызында ғана су болса, Сазды су қоймасында 830 мың шаршы метр су бар, — деді басқарма басшысы.

Құмар Тұрмағамбетов қардың, ылғалдың аз түсуіне байланысты, биыл облыста  су алу қаупі жоғары елді мекен жоқ екенін айтты.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button