Саясат

Астана саммиті — бүкіл әлемге үлгі

Астана саммиті —  бүкіл әлемге үлгі

А.Адаев,

Қандыағаш «Шапағат» ЖММ-нің бас дәрігері:

— Астанада ЕҚЫҰ саммитінің өтуі еліміздің, Елбасымыздың абыройын асқақтатты.  11 жылдан бері жұмысы қозғалыссыз тұрып қалды деуге боларлық ЕҚЫҰ-ның биылғы төрағалығының арқасында Еуразия кеңістігінде түйіні шешілмей тұрған экономикалық, саяси мәселелерді күн тәртібіне қойып, дүниежүзінің мемлекет басшылары мен мемлекеттік емес ұйымдарының басын қосуы — тарихи жеңіс деуге тұрарлық іс.

Астанадағы ЕҚЫҰ саммиті 35 жыл бұрынғы Хельсинки хартиясы міндеттерін жандандыруға септігін тигізді…

Ұлы дала төсіндегі ұлы жиын

Қалимағанбет Тажмағанбетов,

Хромтау ауданы, зейнеткер, КСРО халық ағарту ісінің үздігі:

— Ежелгі Грекияның астанасы Афины шаһарында өткен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына қатысушы елдердің Сыртқы істер министрлері кеңесінің 17-ші отырысы осынау беделді ұйымға Грекияның мандаты аяқталғанын білдіріп, ұйым эстафетасын халықаралық аренадағы жас та жасампаз мемлекет — Қазақстанның еншілегенін жария еткеніне де бір жыл болып қалыпты. Әлемдік қауымдастық, дүние жүзіне белгілі саясаткерлердің пікірі бір жерден шығуда: «Төрағалық деп осыны айт!» деседі олар.

Жалпы ЕҚЫҰ-ның құрылғалы бергі 35 жыл ішінде тек алты саммиті өткізілген екен. 1975 және 1992 жылдары Хельсинкиде, 1990 жылы Парижде,1994 жылы Будапештте, 1996 жылы Лиссабонда, 1999 жылы Ыстамбұлда өткен. Бірақ осылардың ешқайсысы төрағалық еткен елде шақырылмаған. Демек, Қазақстан — әрі төраға, әрі саммит шақырушы ел мәртебесіне бұл ұйым тарихында тұңғыш қол жеткізіп отырған ел ретінде  тарихқа жазылды.

Ұлы дала төсінде өткен ұлы жиын біздің еліміздің абыройын асқақтатып, беделін биіктете түсетін басқосу болды.

Болашаққа бағдар көрсеткен басқосу

Тынышбай Шалабаев,

Ойыл ауданы, зейнеткер:

— Тәуелсіз еліміздің ең үлкен жетістігі — әлемдегі беделді ұйымдардың бірі де бірегейі Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының төріне орнығып, төбе би болуы және төрағалық ету мәртебесін абыроймен атқара отырып, он бір жыл бойы өтпей келген Саммиттің Астанада өтуі Дүниежүзілік қауымдастықтың назарын аударды. Өйткені ЕҚЫҰ-на 56 ел мүше екенін, бұл ұйымның төрағалық тізгіні бір елге ең жақын дегенде жарты ғасырдың о жақ, бұ жағында ғана екінші рет тиетінін, ал ең жиі дегенде бес жылда бір жаңартылатынын ескерсек, ЕҚЫҰ Саммиті сынды ұлы жиынды өз елінде өткізу зор жетістік болып есептеледі. Қазақстанның бұрынғы ТМД елдері бар, «сен тұр, мен атайын» дейтін басқа да  алпауыт мемлекеттер арасынан суырылып алға шығып, ЕҚЫҰ-ға жетекшілік етуі — ел тұрғындарының абыройы, жетістігі, Елбасының беделі. Жас мемлекетіміздің айқын табысы.

Қазақ тарихының алтын парағы

Сәндібек Дәулетқалиев,

Ойыл аудандық «Нұр Отан» ХДП Ойыл

аудандық филиалының сектор меңгерушісі:

— Қазақ елі бүгінде әлем таныған мемлекеттердің біріне айналды. Бұл жолда біз аз еңбек еткен жоқпыз. Тәуелсіздік алғалы еліміздің еңсесі тіктеліп, экономикалық-әлеуметтік жағдайы тұрақты қалыпқа түсті. Міне, биыл дербес мемлекет ретіндегі тарихы жиырма жылға толмаған жас мемлекет ЕҚЫҰ-ның төрағасы болды.

Жаппай қырып-жою қаруынан бас тартып, бейбітшілік орнату жолында көш бастады. Көрші қырғыз ағайындардың елі ішіндегі бейбітшілікті тұрақтандыруға зор үлесін қосты.

Ал Астана Саммиті бұрын-соңды көп елге бұйыра бермейтін бақ екені даусыз. Осы саммиттке келген әрбір қонақ қазақ деген ел бар екенін, оның басқа елдің маңдайына жазбаған жақсы қасиеттерін жер жүзіне паш етері хақ. Еліміздің бұл ұйымға басшылық еткен уақыттағы елеулі оқиғалардың бәрі де  дүниежүзілік тарихқа жазылып, тасқа басылмақ. Мерейлі меймандардың Елордамызда басқосуы Елбасымыз Н.Назарбаевтың салиқалы саясаты мен ұлағатты ұстанымы деп білемін.

Елдіктің биік мәртебесі

Асқар Садықов,

Хромтау ауданы,

«Нұр Отан» ХДП аудандық филиалы

төрағасының орынбасары:

— Еліміз ЕҚЫҰ-ға бір жылдан бері төрағалық етіп келеді. Мұндай мәртебелі де жауапты міндет Қазақстан сияқты тәуелсіздік алғанына 20 жыл да толмаған елге қалай сеніп тапсырылды деген заңды сұрақ туады. Оған қоса Қазақстан шығыс елдерінде, мұсылман елдерінде және кешегі тоталитаризм шекпенінен шыққан ТМД елдерінде мұндай құрметке ие болып отырған тұңғыш мемлекет. Яғни, бұл — еліміздің барлық саладағы табыстарын, саяси және экономикалық әлеуетін, халықаралық беделін ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттердің бірауыздан мойындауы.

Жақсы басталған істің жыл бойғы жалғасы да сәтті болды, ал аяқталуы әлемде бейбітшілік пен тұрақтылықтың сақталуына арналатын үлкен оқиғамен — ұйымға мүше елдердің Астана Саммитімен қорытындыланды деуге болады.  Әлемнің елуден астам мемлекетінің және дүниежүзілік беделді ұйымдардың басшыларының Елордада бас қосуы, біле білсек, біздің ұлтымыздың әлемнің алпауыт елдері тарапынан мойындалуы. Әлемдік оқиғаларға ықпал ете алатын, сондықтан да шалқайғанда «шәпкілері жерге түсетін» қуатты елдер Азиядағы жас та жасампаз мемлекет Қазақстанды танып қана қоймай, онымен санасуы, тең дәрежеде сөйлесуі — осы елдің қарапайым азаматтары үшін де зор мақтаныш…

Жүк ауырын нар көтереді…

Кәкім Өтеуов,

Темір ауданы Қопа ауылының ардагерлер кеңесінің төрағасы:

— Қазақстан Республикасының Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуі мемлекетіміздің халықаралық аренадағы абырой-атағын бұрынғыдан да аспандата түсті. Бұл — елдің мақтанышы, Елбасының мерейі. «Жүк ауырын нар көтеретіні» рас. Жас мемлекетке осынша зор жауапкершілікті, үміт пен сенімді артуы — оның әлем алдындағы мықтылығын көрсетеді…

Оқушылар белсенділігі

С. Жазекенова,

Қобда ауданы Жарсай мектеп-балабақшасының мұғалімі:

— 1-2 желтоқсан ЕҚЫҰ саммитінің күллі әлемді Астанаға қаратқан күні екені баршамызға аян. Бұл тақырып бүгінгі таңның ең басты мәселесіне айналып отыр. Саммиттің елімізде өтуі, онда қабылданған Астана декларациясының жай-жапсары жарсайлықтардың да назарынан тыс қалған жоқ. Астанада беделді ұйымның саммиті өтетіні туралы хабар таралысымен мектеп бойынша алдын ала өткізетін іс-шаралар жоспары бекітілді. Мәселен, «Толеранттылық — тұрақтылық негізі», «Астанадағы саммит», «ЕҚЫҰ және Қазақстан» тақырыптары төңірегінде сыныптан тыс шараларға мектебіміздің оқушылары түгелдей дерлік белсене қатысты.

Мектепте өткен шаралар барысында Қазақстан әлемдегі ең беделді ұйымдардың біріне басшылық жасаған уақытта Қырғызстанда, Ауғанстанда болған оқиғалардан зардап шеккен халыққа көмек бергені жөнінде де оқушылар өз білгендерін ортаға салды. Саммит кезінде Ресей, Түрікменстан, Германия, Беларусь, Украина, тағы басқа да елдердің президенттері, өкілдері айтқан пікірлер тыңдалып, әлемде болып жатқан басты мәселелер туралы мәліметтерге қанық болдық.

Астана Саммиті — ЕҚЫҰ тарихындағы теңдессіз оқиға

Зардыхан Әбікей,

Қобда ауылының тұрғыны:

— ЕҚЫҰ-ның Астанадаға Саммиті ХХІ ғасырдың аяқталып келе жатқан онжылдығындағы аса ірі халықаралық оқиға ретінде тіркеліп, тәуелсіз Қазақстан жылнамасына жарқын парақ болып жазылатыны күмән туғызбайды. Неге дейсіз ғой? Талайлардың арманына айналып, қанша ұмтылса да, құрғақ қиял түрінде қала берген мәртебелі саммит еліміз үшін үлкен абырой екені сөзсіз. Әлемдегі беделді ұйымдардың бірегейі — Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының төріне орнығып, төбе би болу, төрағалық ету мәртебесін абыроймен атқару — оның ішінде ТМД, Азия, түркі тілдес мұсылман мемлекеттері арасынан оза шауып, бәйге бермеуіміз тәуелсіз мемлекетіміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында екенін әлем бірауыздан мойындады. Соның нәтижесінде Астанамызға 38 елдің президенттері, 17 елдің басшылық құрам мүшелері, серіктес 12 елдің өкілдері, 70-тей халықаралық ұйым жетекшілері, 478 үкіметтік емес ұйым өкілдері мен 70 елдің 1200-ден аса журналистерінің келуі жас мемлекетіміздің мерейін асқақтата түсті. Астана төрінде осындай күрделі де, сындарлы ұлы құрылтайды басқару біздің Елбасына бұйырды. Қазақтың басына туған осы бақты қадірлеп, тәуба дегеннен басқа айтар жоқ.

Елбасы осы саммитті ашқанда сөйлеген сөзінде ұйым жұмысын реформалаудағы өзінің тың ұсыныстарын айтты. Бір елдің мәселесі бүкіл жаһандық проблемаға айналғанын Ауғанстан жағдайымен сабақтастыра келіп, ол жағдай аталған ұйымға мүше 46 елдің «басын» ауыртып отырғанын дәлелдеп берді.

Ұйым Астанадан серпін алып, қайта жаңғыру үшін жаңа күшке ие болғанын құрметті меймандар, қоғам қайраткерлері, саясаттың жілігін шағып, майын ішкен саясаткерлер бірауыздан мақұлдады.

Күн тәртібінің алуандығы тұрғысынан алғанда Астана Саммиті әлемдік саясаттағы өте айрықша оқиға болды.Астана Саммиті әлемдік мәселелер тақырыбының талқы алаңына айналды. Бұл — еліміздің, Елбасымыздың әлемдік қоғамдастық алдындағы зор беделінің айғағы…

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button