Денсаулық

20 адам індет жұқтырды

Брифинг

Жұма күні облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева мен облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаров аймақтағы эпидемиологиялық жағдайды баяндады.

Бүгінде жалпы облыс бойынша коронавирусқа шалдыққан 4151 жағдай тіркелген. Ал 18 ақпан күні 20 адам індет жұқтырды. Нұрсұлу Беркімбаеваның айтуынша, олардың он екісінде аурудың клиникалық белгілері болса, сегізі — симптомсыз.

—  Соңғы тәулікте коронавирус инфекциясының Ақтөбе қаласында —17 және Мәртөк, Мұғалжар, Алға аудандарында 1 жағдайдан тіркелген. 

Аурушаңдықтың өсу деңгейі — 0,5 пайызды құрап отыр. Жалпы облыс бойынша өткен жылдың наурыз айынан бастап 4151 жағдай тіркелді. Оның 3938-і жазылып шықты. Қазір 681 адам үй карантинінде дәрігерлердің бақылауына алынды, — деді Нұрсұлу Беркімбаева өз сөзінде.

Бүгінде Ресеймен шектесетін Мәртөк ауданында «Жайсаң», Қарғалы ауданында «Әлімбет» санитарлық-карантиндік пункттері жұмыс істейді. Былтыр 6 қазаннан бастап аталған екі пункттен 70 мыңнан астам адам өткен. Келген адамдардың жалпы санынан 53 адамда коронавирус инфекциясы анықталған. Олардың 28-і транзиттік көлік тасымалының жүргізушілері болса, 25-і — жолаушы.

Сондай-ақ бүгінде облыс бойынша мобильді мониторингтік топтар карантиндік шектеу шараларын бақылауда. Жыл басынан бері мониторингтік топтардан және жергілікті полиция қызметінен түскен деректерге сәйкес, ҚР «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодексі бойынша анықталған құқықбұзушылықтар үшін 90 әкімшілік шара қолданылған.

— Бүгінгі таңда өңірдегі эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Алайда әр адам шектеу шараларын сақтамайтын болса, ахуал түбегейлі өзгеруі әбден мүмкін. Сондықтан баршаңызды қауіпсіздік, тазалық шараларын сақтауға шақырамын, — деді Нұрсұлу Беркімбаева.

Жалпы қазір облыста 135 адам коронавирус инфекциясы бойынша ем қабылдап жатыр. 3 науқас реанимациялық стационарда. 1 науқас өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған.

— Соңғы тәулікте вирусты пневмониямен12 жағдай тіркелді. Қазір барлығы 48 науқас ем қабылдауда. ПТР зерттеулері бойынша 5 лаборатория қызмет жасап тұр. Вакинация бойынша бірінші кезеңді аяқтадық. Бір мың медициналық қызметкер «Спутник V» вакцинасын алды. Алдағы аптада екінші кезеңін өткізу жоспарлануда, — деді Бекболат Ізбасаров.

Жиында қаладағы №14, №41 мектептерде және Елек орта мектебінде қауіпті індет тіркелгені, қазіргі таңда барлық сақтық шаралары жүргізіліп жатқаны айтылды. Сондай-ақ Хромтау ауданында вирус жұқтырғандардың саны артқандықтан, 18 ақпаннан бастап аудан бойынша шектеу шаралары күшейтілді. Демалыс күндері сауда орындарының жұмысы тоқтатылып, қоғамдық тамақтану орталықтарының жұмыс уақытына шектеу қойылды.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button