Жаңалықтар

Мемориалды тақта орнатылды

Техника ғылымдарының кандидаты, ҚР еңбек сіңірген метрологі Тарғынбай Бисембаевтың құрметіне мемориалды тақта орнатылды. Салтанатты шараға Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Азамат Бекет, Ақтөбе қалалық мәслихатының хатшысы Анар Даржанова, марқұмның отбасы, әріптестері мен ағайын-туыстары қатысты.

Аталған мемориалды тақта Тарғынбай Бисембаевтың өмірінің соңғы кезеңінде өзі қызмет еткен «Ұлттық сараптама және сертификаттау орталығы» АҚ облыстық филиалы  ғимаратының қабырғасына ілінді.

Шарада Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Азамат Бекет еңбек жолын қарапайым жұмысшыдан бастап, «Ұлттық сараптама және сертификаттау орталығы» АҚ облыстық филиалының директоры қызметіне дейін көтерілген Тарғынбай Байжанұлының жеткен жетістіктері мен өміріндегі елеулі оқиғаларына тоқталып, жиналғандарға жылы лебізін білдірді.

— Тарғынбай Байжанұлы осы мекемені 24 жыл басқарып, өз ісіне деген адалдығымен, адамгершілігімен халықтың алғысына бөленді. Ол кісінің жүріп өткен жолы — бүгінгі жас ұрпаққа үлгі-өнеге. Бүгін, міне, осы кісінің рухына тағзым етіп, өзі көп жыл еңбек етіп, басшылық қызмет атқарған «Ұлттық сараптама және сертификаттау орталығы» акционерлік қоғамы облыстық филиалы ғимаратының қабырғасына мемориалды тақта орнатып отырмыз, — деді А.Бекет.

Бұдан кейін Ақтөбе қалалық мәслихатының хатшысы Анар Даржанова, Тарғынбай Бисембаевтың жақын достары — Сабыр Гашимов пен Бағдат Өтемісұлы, зайыбы Бибіайша Сүлейменова марқұмды еске алып, сөз сөйледі.

— Бүгін, 18 ақпанда, Тарғынбай тірі болғанда 76 жасқа толар еді. Өкінішке қарай, Алланың жазуымен өткен жылы арамыздан мәңгілік сапарға аттанып кете барды. Тарғынбай осы мекемеде 24 жыл басшылық етті. Адал еңбек етіп, талай жас, білікті мамандарды дайындады. Бүгінгі күні жүрегіміз ауырып тұрса да, оған жасалып жатқан осындай құрметті көріп еңсеміз бір көтеріліп қалды, — деген марқұмның зайыбы Бибіайша Сүлейменова жиналғандарға ерекше ризашылығын жеткізді.

Айта кету керек, Тарғынбай Бисембаев пен Бибіайша Сүлейменова 20 жылға жуық бірге өмір сүріп, отбасында бір ұл тәрбиелеген. Бүгінде ұлы әкесінің жолын жалғастырып, абыройлы еңбек етуде.

Шарада мемориалды тақтаны салтанатты түрде Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Азамат Бекет пен марқұмның әйелі Бибіайша Сүлейменова ашты.

Бұдан соң жиналғандар ескерткіш тақтаға гүл шоқтарын қойып, марқұмның рухына тағзым етті.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button