Экономика

Ақтөбеде «Бастау-Бизнес» жобасы сәуірде басталады

Кәсіпкерлік

Аталған жоба аясында биыл облыстың 1200 тұрғыны кәсіпкерлік негіздері оқытылатын курстан тегін өте алады.

Өткен жылдағыдай, биыл да «Аtameken Academy» онлайн-платформасы арқылы қашықтан оқыту қарастырылған.

Мамандардың айтуынша, кәсіпкерлік қызмет негіздерін оқыту бірнеше кезеңнен тұрады. Қатысушыларға топтарда практикалық оқыту, бизнес-жобаны таныстыруға дайындық жүргізіледі.

Бизнес-жоспар құру, салықты түсіну және сатуды көбейту идеясын анықтау — мұның бәрі бастапқы кезде кәсіпкер үшін оңай емес. Сондықтан кәсіпкерлікке оқыту бойынша «Бастау-Бизнес» жобасы бизнесті бастауға көмектеседі. Жобаны жүзеге асыру биыл  сәуір айының бірінші онкүндігінде басталады деп жоспарланған. Ағымдағы жылы елдегі күрделі эпидемиологиялық жағдайға байланысты курс өткен жылдағыдай онлайн форматта өтеді, — дейді өңірлік кәсіпкерлер палатасының өкілі Ләззат Жаманқұлова.

Оқуға жұмыссыздар,  еңбекке жарамды мүгедектер, жастар, соның ішінде NEET санатындағы қыз-жігіттер, аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың және зейнет жасына жетпеген ауылшаруашылық кооперативтерінің, шаруа, фермерлік қожалықтар, оның ішінде якорлық кооператив мүшелері, қандастар қатыса алады.

Оқуға өтініш беру үшін жоғарыда аталған санаттағы азаматтар жұмыспен қамту орталығына хабарласуы керек. Онда мамандар курсқа қатысушының мақсатты аудаторияға сәйкес келуін тексеріп, содан соң оқуға жолдама беріледі. Ол үшін жұмыспен қамту орталығына жеке куәліктің көшірмесін апаруы керек. Курсқа қатысуға өтінімді atameken.co сайтына жолдап, жеке басты куәландыратын құжаттың көшірмесі мен жұмыспен қамту орталығы берген жолдаманы жүктеуі  керек.

«Бастау-Бизнес» жобасы бойынша оқу ұзақтығы — 21 күн. Осы уақыт ішінде аралық тестілеу қамтылған 50 бейнетоптама, консультациялар мен бизнес-тренермен кері байланыс жоспарланған. Сабақ материалдарына қол жеткізу үшін кәсіпкерлік туралы біліктілікті анықтайтын 15 сұрақтан тұратын тесттен өтуі керек. Тест нәтижесі оқуға әсер етпейді.  Қорытынды тесттен сәтті өткеннен кейін тыңдаушы бизнес-жоспар конструкторына қол жеткізе алады. Жасалған бизнес-жоспарды бизнес-тренер және тәуелсіз сарапшы қарастырады. Тестілеу сәтті өтіп, бизнес-жоспар әзірленген соң, тыңдаушы курс аяқталғаны жайында сертификат алады. Сол сертификат арқылы бизнес бастауға грант алуға мүмкіндік қарастырылған. Егер бизнес-жоспар тәуелсіз сарапшының бағалауынан өтпей қалса, яғни қажетті балл жиналмаса, онда тыңдаушыға  бағдарламаға қатысқаны туралы сертификат қана беріледі, — деп түсіндірді палата өкілдері.

Жобаға қатысуға  толық ақпарат алу үшін тұрғындар қалалық және аудандық кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарына, облыстық кәсіпкерлер палатасына хабарласуына болады.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button