Жаңалықтар

Электронды формат — жаңа мүмкіндік

Елімізде көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің 90%-дан астамы электронды форматқа көшірілген. Бұл туралы  «Мемлекеттік қызмет көрсетуді бақылау — қызметтердің халыққа қолжетімділігі» тақырыбында өткен брифинг барысында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің департамент директоры Ильдар Үйсімбаев мәлімдеді.

Сондай-ақ агенттік қызметтерге қолжетімділік мониторингі шеңберінде «электрондық үкімет» порталында қолжетімсіз 54 қызметті анықтаған.

Мәселен, дәрігердің қабылдауына жазылу, міндетті мемлекеттік тіркеуге жатпайтын жылжымалы мүлік кепілін тіркеу сияқты мемлекеттік қызметтерді алу бойынша тиісті портал техникалық тұрғыда қолжетімсіз болған.

Қызмет алушылардың өтініштерін қарау және олардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру — агенттіктің басым бағыттарының бірі.  2020 жылы агенттікке және оның аумақтық бөлімшелеріне 1442 өтініш келіп түскен.Көрсетілетін қызметті берушілердің жер қатынастары, әлеуметтік сала  және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларындағы заңсыз іс-әрекеттеріне жиі шағым жасалады.

Ал орталық мемлекеттік органдар арасында көрсетілетін қызметті алушылар «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы, полиция еңбек және халықты әлеуметтік қорғау қызметкерлерінің әрекеттеріне жиі шағымданады.

Жергілікті атқарушы органдар қызметкерлерінің әрекетіне қатысты 520 өтініш келіп түскен.

Агенттік тек өтініштердің негізінде 266 жоспардан тыс тексеру жүргізді.  Нәтижесінде мемлекеттік органдардың 207 қызметкері тәртіптік жауапкершілікке, 33 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 90% қызмет алушылардың құқықтары қалпына келтірілді, — деп атап өтті Ильдар Үйсімбаев.

Жалпы, өткен жылы агенттік бақылау функциялары шеңберінде 646 тексеру іс-шарасын жүргізді. Мемлекеттік қызмет көрсету саласында анықталған заңбұзушылықтарды, оларды жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою жөнінде 446 нұсқаулық енгізілді. Тексеру нәтижелері бойынша қызмет берушілердің 646 қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылды, оның 25,5%-ы қызмет көрсетушілердің басшылық құрамына тиесілі.

Мемлекеттік қызмет көрсету саласында 114 мыңнан астам заңбұзушылық анықталған. Оның ішінде орталық мемлекеттік органдар мен олардың ведомстволары заңнама талаптарын сақтамай 87,5 мың фактіге, жергілікті атқарушы органдар 26,5 мың фактіге жол берген.

Анықталған олқылықтардың 80,5%-ы көрсетілетін қызметті алушылардан артық құжаттарды талап еткен.

Рұқсат беру мерзімдерін, тәртібін бұзғаны, сондай-ақ оларды беруден негізсіз бас тартқаны үшін әкімшілік құқықбұзушылық туралы 410 хаттама толтырылды. Қарау нәтижелері бойынша 174 лауазымды тұлға құқықбұзушылықтарға жол берген.

Мемлекет кірісіне айыппұл түрінде 10,5 млн теңге өндірілген.

Агенттіктің ұсынысы бойынша азаматтық қоғамның белсенді өкілдерінің қатысуымен «қоғамдық бақылау» институты енгізілді.

Қоғам өкілдері бақылауды визуалды түрде қарау, мемлекеттік органдар мен ұйымдарға келушілермен әңгімелесу арқылы жүзеге асырады.

2020 жылы азаматтық қоғам өкілдері мемлекеттік қызмет көрсететін 300-ден астам нысандарда бақылауды жүзеге асырып, нәтижесінде олқылықтарды жою жөнінде 287 ұсыным енгізіліп, 9 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке, 1-еуі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Атқарылған 245 ұсыным қорытындысы бойынша қоғам өкілдері пост-бақылауды жүзеге асырды, қазіргі кезеңде 42 ұсыным орындалу процесінде.

Өз ұсынымдарында қоғам өкілдері қызмет көрсетушілерді өз қызметін азаматтардың әл-ауқатының деңгейін арттыруға, мемлекеттік қызметтердің ашықтығын күшейтуге, олардың адамдар мен бизнестің қажеттіліктері мен мүдделерін ескеруге шақырады.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button