Жаңалықтар

Мешіттерде намаз оқуға рұқсат берілді

Облыстың бас санитарлық дәрігерінің қаулысымен өңірдегі бірқатар нысандар қызметіне қатысты шектеу шаралары алынып тасталды. Соның ішінде, мысалы, мешіттерде күнделікті бес уақыт намазды көпшілікпен оқуға рұқсат берілді.

Алайда жиналғандардың саны мешіт ғимараты сыйымдылығының 30 процентінен, ал сыйымдылығы жоғары мешіттерде 100 адамнан аспауы керек. Сондай-ақ індеттің таралу қаупі әлі де сейілмегендіктен, қалалар мен аудандар орталықтарындағы мешіттерде әзірге жұма намазы өткізілмейді. Жұма намазы тек ауылдық мешіттерде оқылады.

Облыстың бас имамы Төлеби Оспан:

— Қазіргі күні 42 ауылдық мешітте көпшіліктің жұма намазына қатысуына мүмкіндік бар. Бұл — үлкен қуаныш. Әрине, жұма намазы кезінде барлық санитарлық талаптардың сақталуы қатаң қадағаланады, — дейді.

Ауылдық жерлердегі мешіттерде жұма намазын өткізуге рұқсат берілгенін естіген қала тұрғындары жұма намазын оқу үшін ауылға қарай ағылуы мүмкін. «Ал бұл санитарлық талаптардың сақталуына кедергі болып, ауыл мешіттеріне қиындық тудырмай ма?» — деген сауалымызға орай бас имам:

— Талап бойынша жұма намазына жиналған жамағат саны мешіт сыйымдылығының 25 процентінен аспауы керек. Демек, 100 адамдық ауыл мешітінде жұма намазы 25 адамның қатысуымен оқылуы тиіс. Егер аудан орталығы мен қала тұрғындары ауылдарға баратын болса, өзі кішкентай ғана мешітке адам сыймай, санитарлық талаптардың бұзылуына жол берілуі мүмкін. Сол себепті қала тұрғындарын сабыр сақтап, өз үйінде бесін намазын оқуға шақырамыз. Алла Тағала елімізді індеттен арылтып, баршамызды иық тіресіп, жұма намазын оқитын күнмен қауыштырсын деп тілейміз! — деді.

Қазіргі жағдайда басты мақсат — індеттің өршуіне жол бермеу. Исламда да ел-жұрттың амандығын, індеттің таралуының алдын алуды ойлау бірінші кезекке қойылатынын көпшіліктің есіне салғымыз келеді.

Айна САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button