Жаңалықтар

Құтқарушылар жас босанған анаға көмек көрсетті (Видео)

Қарлы боранның салдарынан 18 ақпанға қараған түнде облыс аумағында 9 автомобиль жолы жабылды.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің ресми мәліметіне сәйкес, республикалық маңызға ие  5 бағыттағы жол — Қандыағаш-Ноғайты, Белогорка-Хромтау, Солтүстік айналма жол және Қалдаяқов-Орск, Комсомол бағыты бойынша — Қостанай аралығы ауа райының күрт нашарлауына байланысты жабылған. Сондай-ақ облыстық маңыздағы Шұбарқұдық-Тұзтөбе, Покровка-Ембі, Ақтөбе-Шұбарқұдық және Дөң-Бадамша бағыттары бойынша қозғалыс уақытша тоқтатылыпты. Алайда бүгін, яғни 18 ақпанда, түске таман ауа райының жақсаруына және қардан тазалау жұмыстарына байланысты 7 бағытта автомобиль жолы ашылды. Әзірге 2 республикалық және бір облыстық маңыздағы жол жабық. Олар — Солтүстік айналма жол және Қалдаяқов-Орск, Комсомол-Қостанай, сондай-ақ Ақтөбе-Болгарка-Шұбарқұдық бағыттары.

Мамандардың айтуынша, жоғарыда аталған учаскелерді тазалауға 200-ден астам арнайы қар тазалау техникасы тартылған.

Қазіргі уақытта Комсомол-Қостанай  бағытындағы жол қосымша жабылды. Өткен тәулікте Байғанин ауданында іздестіру-құтқару жұмыстары жүргізілді. 1987 жылы туған Байғанин ауданының тұрғыны мал іздеп шығып, хабар-ошарсыз кеткен. Бұл іске төтенше жағдайлар департаментінен 4 адам, өзге құрылымдардан 5 адам, сондай-ақ 3 бірлік техника жұмылдырылды. Жүргізілген іздестіру жұмыстарының нәтижесінде сағат 21.30 шамасында Жыңғылдытоғай ауылынан 20 шақырым жерден әлгі жігіт әкесімен бірге табылды. Кері жолда құтқарушылар Ақтау қаласының тұрғынына көмек көрсетті. Ол жол бойында  «ГАЗель» маркалы көлігімен қар құрсауында қалған. Техникалық ақауы бар көлікті құтқарушылар жақын маңдағы кемпингке сүйреп жеткізді, — деді департамент мамандары.

Сондай-ақ бүгін таңда департаменттің кезекші бөліміне Хромтау ауданының Никельтау ауылында босанған әйелді аудандық ауруханаға жеткізу туралы хабар түскен. Әйел үйінде босанған. Ана мен баланы екі аралыққа тасымалдау үшін департаменттен 4 адам және 1 техника жұмылдырылған. Қазіргі уақытта құтқарушылар дәрігердің бақылауымен ана мен баланы Хромтау қаласының орталық ауруханасына тасымалдау жұмыстарына кірісті.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button