Жаңалықтар

Тәртіп бұзатын қызметшілер әлі де бар

Өткен жылы облыста 28 мемлекеттік қызметші тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Олардың 25-і мемлекеттік қызметке кір келтіретін теріс қылық жасаса, 3-еуі Әдеп кодексінің талаптарын бұзыпты.

Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Әділбек Мұқашев баспасөз мәслихаты барысында мәлімдеді. Айтуынша, 2020 жылы Әдеп жөніндегі кеңестің 10 отырысы өтіп, 35 мемлекеттік қызметшіге қатысты тәртіптік іс қаралған. 28 мемлекеттік қызметші тәртіптік жауапкершілікке тартылып, 7 тәртіптік іс қысқартылған.

Департаменттің қызмет бағыттарының бірі — мемлекеттік қызмет саласындағы Қазақстан Республикасы заңнамасының, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебінің сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру. 2020 жыл бойынша 34 тексеріс жүргізіліп, 1127 құқықбұзушылық анықталды. Тексеріс қорытындысы бойынша 23 бұзушылықты жою туралы нұсқамалар мен ұсынымдар енгізіліп, нәтижесінде 42 мемлекеттік қызметші тиісті тәртіптік жауапкершілікке және 9 мемлекеттік қызметші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Өз құқықтарын қорғауды сұрап 13  жеке және заңды тұлғалар шағымданды және олар бойынша жоспардан тыс тексеру жүргізілді. 10 арыз бойынша шағымданушылардың дәлелдемелері расталды, — деген Әділбек Мұқашев өткен жылы мемлекеттік қызмет саласын бақылау бойынша 27 әкімшілік іс қозғалғанын мәлімдеді.

Сондай-ақ ол 2019 жылдың желтоқсаны мен 2021 жылдың ақпан айы аралығында 6 мемлекеттік қызметші мен 3 азаматтық қызметшінің сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын айтты.

Брифинг барысында департамент басшысы 2020 жылы мемлекеттік қызмет заңнамасына енгізілген негізгі өзгерістер мен алдағы жоспарларға да тоқталып өтті.

Президенттің 2020 жылғы 13 қарашадағы Жарлығына сәйкес мемлекеттік саяси қызметшілердің ротациясы енгізілді. Мемлекеттік саяси қызметшілерді ротациялау оны соңғы атқаратын лауазымына тағайындаған күннен бастап әрбір төрт жыл сайын жүргізілетін болады. Бұл ретте мемлекеттік органның шешімі бойынша мемлекеттік саяси қызметшінің атқаратын лауазымында болу мерзімі екі жылға ұзартылуы мүмкін. Одан кейін Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Кадр саясаты жөніндегі ұлттық комиссияның шешімімен ғана екі жылға ұзартуға жол беріледі. Сонымен қатар жекелеген саяси қызметшілерге білімі, еңбек өтілі және құзыреттілігі бойынша біліктілік талаптары қойылды. Сондай-ақ соңғы үш жылдан аз емес уақыт бойы басшылық лауазымдарды атқаратын, оның ішінде әртүрлі мемлекеттік органдарда және аумақтық бөліністерде жұмыс жасайтын «Б» корпусы мемлекеттік қызметшілерін ерікті ротациялау енгізілді.

Мансаптық жылжу мүмкіндіктерін кеңейту шеңберінде «Б» корпусы мемлекеттік қызметшілерін мемлекеттік органдардың ішінде тең дәрежелі лауазымға, сонымен қатар мемлекеттік қызметші осы мемлекеттік органда кемінде соңғы екі жыл келесі төмен тұрған лауазымды атқарған жағдайда, мемлекеттік органдардың ішінде жоғары тұрған лауазымға жүзеге асыру мүмкіндігі берілді, — деді Ә.Мұқашев.

Айта кетейік, бүгінгі таңда облыста 4237 мемлекеттік қызметші жұмыс істейді.

Мемлекеттік қызметшілер арасындағы әйелдердің үлесі 57,6%.  Мемлекеттік қызметшілердің орташа жасы – 38,7 жас. Орташа мемлекеттік қызмет өтілі – 11,2 жыл. Атқаратын лауазымдағы орташа еңбек өтілі 4 жылды құрайды.

Облыстағы мемлекеттік органдарда Мемлекеттік басқару академиясының 15 түлегі және «Болашақ» бағдарламасының 5 түлегі қызмет атқарады. Сондай-ақ біздің облыс бойынша 12 маман Президенттік жастар кадрлық резервіне енгізілген болатын. Оның 10-ы мемлекеттік орган және квазимемлекеттік секторларда әртүрлі сала бойынша қызметке орналасты.

Баспасөз мәслихатында Әділбек Мұқашев биыл Президенттік жастар кадрлық резервіне 50 жас маманды іріктеу жоспарланып отырғанын айтты. Қағидаға сәйкес кандидаттардың жасы 40-тан аспауы, еңбек өтілі 10 жылдан кем емес, сондай-ақ мемлекеттік тілді міндетті түрде білуі қажет. Кандидаттарды іріктеу кезінде қоғамдық мүддені басшылыққа алатындар мен тәжірибелі трансформациялық көшбасшыларға басты назар аударылатын болады.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button