Жаңалықтар

Былтыр кәсіпкерлерге  2741 сертификат берілді

CT-KZ формасында берілген сертификаттар 2019 жылмен салыстырғанда 7 пайызға артса, ал экспорттық сертификаттар 10,7 пайызға төмендеді. Өңірлік кәсіпкерлер палатасының мамандары экспорттық сертификаттарды беру көрсеткішінің төмендеуін елдегі карантиндік шараларға байланысты біраз уақыт шекаралардың жабылғандығымен түсіндірді.

Өткен жылы облыстық кәсіпкерлер палатасына барлығы 2 741 кәсіпкерден тауарлардың шығу тегі туралы сертификаттарды алуға өтінім түскен. Оның ішінде ішкі айналымға арналған 411-і — CT-KZ формасындағы сертификат, ал 2 330-і —  экспорттық сертификат.

2014 жылдан бері «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы тауардың шығу тегі туралы сертификатты рәсімдеуді, куәландыруды және беруді жүзеге асырады. Сондай-ақ ішкі айналым үшін тауардың шығу тегі туралы сертификатты беруге уәкілетті ұйым саналады, — деді өңірлік кәсіпкерлер палатасының тауарлардың шығу тегін сертификаттау жөніндегі маман Галина Костенко.

Жыл басынан бері палатаның сертификаттау жөніндегі мамандары СТ-КZ формасында ішкі айналым үшін 43 сертификат рәсімдеді. Аталған сертификаттар машина жасау, химия, құрылыс, тамақ, жеңіл өнеркәсіптері, полиграфия, тау-кен өнеркәсібі, жиһаз жасау, резеңке-техникалық бұйымдар өндірісі салаларына қатысты өндірушілерге берілген. Сондай-ақ 233 сертификат экспорттық мақсатта рәсімделген. Бұл — ТМД, Еуропа елдеріне шығарылатын өнімдер үшін берілген сертификаттар. Экспортқа сүт және қышқыл сүт өнімдері, балық, сиыр және  шошқа еті, макарон өнімдері, бидай, теміржол рельстері, жоғары көміртекті және төмен көміртекті феррохром, мұнай, Ақтөбе хром қосылыстары зауыты өндірісінің химикаттары және басқа өнімдер жіберілді.

Мамандардың айтуынша, сертификат алу механизмі және ережелердегі өзгерістер туралы atameken.kz сайтындағы сертификаттау бөлімінен білуге болады. Сондай-ақ палата өкілдерінен ауызша кеңес алуға болады.

 

Арайлым НҰРБАЕВА. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button