Жаңалықтар

QYZMET.INFO — мемлекеттік қызметтегі жолсілтеме

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облыстық департаментінің мамандары телеграм мессенджерінде Qyzmet.info атты бот жасап шығарған болатын. Биыл аталған инновациялық жобаға тағы бірқатар толықтырулар мен өзгерістер енгізді.
Жобаның басты ерекшеліктері — бұл бот тек Ақтөбе қаласында ғана емес, бүкіл республика бойынша қолдануға арналған. Сондай-ақ қолдануға да өте ыңғайлы. Телефон арқылы да, компьютер арқылы да қолдануға болады. Ең бастысы, сырттан IT маман жалдамай, департамент қызметшілері өздері жасап шығарды.
— Бұл — қоғам тарапынан туындаған сұраныс. Қазіргі реформалардың негізгі мақсаты — ести алатын мемлекет құру. Соған орай біз талдау жүргізіп, қажеттілікті анықтадық. 2020 жылы қызметке тұру үшін мемлекеттік тілді және Қазақстан Республикасының заңнамаларын білуге арналған тестілеуден 3675 адам өткен. Департаментке тестілеу сұрақтары бойынша күніне орташа есеппен 15 адам жүгінеді. Бұл ретте негізгі сұрақтар — тестілеу бағдарламасын анықтау, тестілеуге жазылу, бос орындар іздеу және тағы басқа сондай сұрақтар. Осыған орай ақпаратты алуды оңтайландыру және автоматтандыру, сондай-ақ уақыт үнемдеу мақсатында кандидаттардың барлық туындауы мүмкін сұрақтары ескеріліп, оңтайлы қолдану үшін жүйеленген Telegram мессенджерінде Qyzmet.info атты бот құрылған болатын, — дейді департаменттің бас маманы Серік Алматов.
Аталған бот арқылы тұрғындар лауазымға байланысты тестілеу бағдарламасын анықтап, нормативті-құқықтық актілерді жүктей алады. Тестілеуге жазылу үшін Egov порталына кіретін сілтемені, сынақ тестілеуін, барлық өңірлер бойынша жарияланған конкурстарды қарап отыруға мүмкіндік бар. Сондай-ақ конкурстық комиссияға шағым жасауға, мемлекеттік қызмет, тестілеу, конкурс, бейімдеу және оқыту туралы жиі қойылатын сұрақтар бойынша анықтамалық алуға болады.
— Осылайша бұл жобалар Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауалды бағдарламасына сәйкес агенттіктің негізгі басымдықтарының бірі болып есептелетін меритократия қағидатын нығайтудағы басты критерий саналатын мемлекеттік қызметке іріктеу үрдістерінің ашықтығын қамтамасыз етудегі тиімді құрал болып табылады, — дейді жоба авторы.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button