Басты жаңалықтарЭкономика

Инвестицияның игілігі — 15 мың жұмыс орны

Есептен есепке дейін…

Өткен жыл өзгерістерге толы болды. Әлемдік пандемияға қарамастан, Ақтөбе облысында не істелді? Қандай жұмыстар атқарылды? Шектеулерге байланысты экономикамыздың қарқыны, әлеуметтік дамуымыз шектелді ме? Әрине, көптеген кәсіпорындар жұмысын тоқтатты. Мекемелер қашықтан жұмыс істеді. Алайда қандай шектеу болса да, ешбір талапқа бағынбайтын сала бар. Ол — ауылшаруашылық саласы.

Халық та ең алдымен ненің қажет екенін түсінді. Тамаққа тоқтау жоқ. Былтырғы ерте көктемде карантин күшіне енген кезде тұрғындар арасында толқу басталды. Азық-түліктің таусылып қалу қаупінен қорыққан жұрт ірі супермаркеттерде ұзын-сонар кезекке тұрды. Бірақ бір нәрсе айқын еді. Оның алдында  облыс әкімі Оңдасын Оразалин облыс жұртшылығына бейберекетсіз әр нәрсеге алаңдамауды, азық-түлік қоры жеткілікті дайындалғанын айтқан болатын.

Айтса айтқандай, тамақ түрлерінен тапшылық болған жоқ. Өйткені ауыл шаруашылығындағы шаруалар кезек күттірмейтін іс. Жұмыстар жалғасып, оң шешімдер қабылданды. Соның арқасында облыс экономикасы тұраламай, ішкі тауар айналымы сақталып қалды. Өткен жылы облыс аудандарына 22,4 миллиард теңге инвестиция тартылған. Ал, тамақ өнімдерін өндірудегі негізгі каптиталға салынған инвестиция 3,0 миллиард теңгені құрады.

Облыс әкімінің биылғы есеп беруі кезінде карантин уақытында жасалған ірі жобалар, шаруалар айқын көрініс тапты. Әр жобаның іске асырылуын бақылап, ұдайы қадағалауда ұстаған облыс басшысы есептік кездесуде сол жұмыстарды қорытындылағанда облыс тұрғындары қыруар біткен істердің куәсі болды. Оған көздері де жетті. Өйткені барлық аудан, ауылдарда болған жаңалықтарға облыс әкімі өзі арнайы барған болатын. Сондықтан тұрғындардың қай сұрағына да іркілмей, сенімді жауап берді.

Міне, ең алдымен, облыстың қазаны азыққа толы болса, қарын да тоқ болады. Ақтөбе облысының тізгінін қолға алып, қызметке келгенде облыс әкімі Оңдасын Сейілұлы алғашқы есептік кездесулерінде: «Ауылды жанға, даланы малға толтырам» деген болатын. Сол айтқаны сөз жүзінде қалмай, іспен дәлелденіп,  облыстың ауыл шаруашылығы саласында 2020-2022 жылдарға көлемі 192,0 миллиард теңге болатын 23 ірі инвестициялық жоба енгізілді. Сонымен қатар қамбаны астыққа толтыру үшін де қырманға қаражат көбірек құйылуда.

Жобалардың жалғасы

Ал биылғы жылы да ауыл шаруашылығы саласында ірі жобалар іске аспақ. Бұған дейін су мәселесі шешілмегендіктен «АКМЭЗ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі рафинация цехын іске қоса алмай келген болатын. Күнбағыс дақылын сығып, май алғанымен, оны тазартатын цех жоқ. Бұл мәселе биыл шешімін табады. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасымен ауызсу тартылады. Су құбырын жүргізу жұмыстары сәуір айында басталмақ. Мердігерлердің айтуынша, су құбырын тарту құрылысының аяқталу мерзімі — 3 ай.

Біздің биылға 3 жобамыз бар. Оның бірі — ауызсу, екіншісі — рафинация цехын салу, ал үшіншісі — өнімді арнайы бөтелкеге құятын цех ашу. Цехтың құрылысына 400 миллион теңге ақша кетеді. Рафинация дегеніміз — күнбағыс майын тазарту. Оның ішіндегі  иіс, артық заттар, көзге көрінбейтін қоқыстары арнайы сүзгіден өтеді. Майдың құрамы тазарып, сапалы болады. Ұзақ мерзімге сақталады. Одан кейін оны арнайы бөтелкелерге құямыз. Өзімізден өңделген бұл өнім тікелей дүкендерге жеткізіледі. Цехтың қуаттылығы тәулігіне 80 тонна  болады деп жоспарлап отырмыз. Ең алдымен облысты күнбағыс майымен қамтып, артылғаны өзге өңірлерге, шетелге экспортталады. Ашылған цехтарға жұмысшы күші керек. Оған мамандар даярлап, үйретеміз. Цех жұмыстарына 30 адам тартылатын болады, — дейді «АКМЭЗ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Қазбек Өтесінов.

Жері де құнарлы, шөбі шұрайлы, суы мол Қобда ауданы нағыз ауыл шаруашылығын дамытуға қолайлы өңір. Ауданда «Береке» шаруа қожалығы ірі мал бордақылау алаңын салып, өткен жылдың соңына қарай іске қосылған жобаның жемісін көрмек. Жобаның құны — 500 миллион теңге. Жылдық қуаты  1000 басқа арналған. Бүгінгі таңда шаруашылықта 210 ірі қара, 3300 қой, 350 жылқы бар. Мал шаруашылығымен қатар егістікті қолға алған қожалық арпа, бидай және көкөніс дақылдарын егеді. Бұл жұмыстарды жүргізу үшін 25 адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. Былтыр 3 жаңа трактор мен мал азығын дайындайтын техникалар сатып алынды.

«Қазақ асылдары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Ресей Федерациясынан 1100 сиыр сатып алды. Қобда ауданының өрісі қалмақ тұқымды ірі қаралармен көбеймек. Жоба аясында «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы 1400 миллион теңге несие алып, 2000 қалмақ сиырын әкелу жоспарланып отыр. Сондай-ақ аталмыш акционерлік қоғамдағы несиенің 1365 ірі қара сатып алу үшін 887, 4 миллион теңгесі мақұлданып тұр.

Ауыл шаруашылығы саласы бойынша 2020 жылды біз жақсы көрсеткіштермен аяқтадық. Барлығы 324 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Соның нәтижесінде ауыл шаруашылығы өнімдері, мал басы, инвестиция тарту жұмыстары өз пайдасын берді. Жалпы, бұл саладағы жасалатын жоспарымыз өте көп. Ең бастысы, ауыл шаруашылығы өндірісінің өнімін ұлғайтып, мал басының санын түсірмей қалыпты жағдайда ұстап, егіс алқаптарын көбейтуіміз керек. Облыс аумағында бекітілген 23 жобаның 6 жобасын іске асырдық. Қалған жобалар биыл мен келесі жылы толық аяқталатын болады. Бұл жобалардың мақсаты — азық-түлік өнімдерімен облыстың ішкі нарығын толтырып, толықтай қамтамасыз ету, сырттан келетін тауарларға тәуелділікті азайту. Ал одан кейін өз өнімімізді басқа елдерге экспортқа шығарамыз. Оған мүмкіндігіміз бар. Былтыр пандемияға қарамастан, экспорт көлемін 105 пайызға орындадық, — дейді облыстық ауыл шаруашылығы басшысының орынбасары Нұрсұлтан Ісембайұлы.

Шалқар ауданында «Нұралы» шаруа қожалығы  20 000 басқа дейін мал бордақылау алақан салмақшы. Өткен жылдың соңына қарай қожалық 5000 ірі қараға арналған бордақы алаңын салып, іске қосқан. Шаруашылықтың басшысы Кәмшат Тілеуованың айтуыншае, биыл 1500 мүйізді ірі қара сатып алынады.

Бордақылауға негізінде бұқашықтар сатып алғымыз келген. Бірақ бұқашық пен аналық сиырдың бағасы бірдей. Сондықтан аналық сиырларды төлдеткен тиімді деп шештік. Оның 750-і буаз күйінде келеді. Келесі жылы оның төлдерін жалға беретін боламыз. Ал биыл 10000 қой алуымыз керек. Келесі жылы да келетін қой санын 10000-ға жеткіземіз деп отырмыз, — дейді шаруашылық басшысы.

Облыста якорлық шаруашылық құру жанданып келеді. Яғни ірі инвестициялық жобаның аясында бірнеше  шаруа қожалықтары серіктес болып жұмыс істейді. Мал өсіру, семірту, бордақылау, төл алу жұмыстары «Нұралы» шаруа қожалығымен бірлесіп жасалады. Сонымен қатар жыл сайын 5000 қойға арналған  бордақылау алаңы салынады. Бұл жоба Шалқар, Ырғыз, Әйтеке би, Қобда, Мұғалжар аудандарын қамтиды. Облыстың 5 ауданында бордақылау алаңдары салынбақ.  Одан кейін 2022 жылы Ақтөбе қаласында ірі ет комбинаты салынып, іске қосылады. Өйткені ауылшаруашылық тауар өндірушілердің өнімдері экспортқа шығуы керек. Басты тауарымыз ет болмақ. Ол үшін арнайы сертификат алынады. Онда ет комбинаты аэропорттан 100 шақырым алыс орналаспауы керектігі көрсетілген.

Облысты сүт өнімдерімен қамтып отырған «Айс плюс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі сүзбе өндіру цехын іске қоспақшы. Құны 400 миллион теңгені құрайтын жоба биыл жүзеге асады.

P.S. Міне, ауылшаруашылық саласын нығайтуға карантин кедергі бола алған жоқ. Бір жылда қаншама инвестиция тартылып, жобалар қабылданды. Облыс әкімі Оңдасын Оразалин биылғы есептік кездесуінде 800 миллиард теңге ивестиция тарту керектігін айтты. Облыста мал басы өсіп, тұрақтанды. Енді оның өнімін жаратып, экспортқа шығару бүгінгі нарықтың талабы. Бұл жұмыстар жыл сайын іргесін кеңейте бермек. Әзірге төрт түліктің еті мен сүтін сатып, облыстың қалтасын толтыруға жол ашылған секілді. Ал одан кейін малдың жүні мен терісін ұқсату негізгі мәселе болмақ. Бұл да бөлек тақырып…

 Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button