Денсаулық

МӘМС: сұрағым бар

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы облыстық филиалының директоры Батырбек Нұрғалиев тұрғындардан түскен сұрақтарға жауап берді.

— Ай сайын БЖТ төлеймін, сонда да жүйеде «сақтандырылмаған» деген шығып тұр. Неге?

— Өтініш бергеннен кейін сол айда БЖТ төлеу керек. Егер сол айдағы және оның алдындағы үш айда БЖТ төленбесе, «сақтандырылмаған» деген шығуы мүмкін. Сондықтан «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Заңына сәйкес сақтандыру мәртебесін алу үшін БЖТ-ны үш ай қатарынан төлеу қажет. Егер сіз төртінші айда медициналық көмек алмақ болсаңыз, ары қарай да БЖТ төлеуіңіз керек.

Сондай-ақ техникалық себептермен жүйеден шығып қалсаңыз да, сақтандырылмаған болып есептелесіз. Сондықтан әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына хабарласу керек. Ол жердегі мамандар төленген жарналарды қайта қарап, сақтандыру мәртебеңізді қалпына келтіреді.

МӘМС төлемеген адамға айыппұл салына ма? Жұмыссыздар қалай төлейді?

— Өз қызметкерлері үшін жұмыс берушілер жарна аударады. Егер МӘМС бойынша берешек пайда болған жағдайда төлем күнін қоса алғанда және мерзімі өткен әрбір күн үшін жарна көлемінің 1,25% мөлшерінде өсімпұл төлейді. Егер жұмыс беруші қызметкерге төлем жасамаса немесе оны уақтылы аудармаса, қызметкер МӘМС пакетінде медициналық көмек ала алмайды. Оның мәртебесі «сақтандырылмаған» болып есептеледі.

МӘМС-ке төленетін жарналар зейнетақы, әлеуметтік аударымдарды төлеу сияқты міндетті болып есептеледі. Бірақ жұмыскерлерге, өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға, БЖТ төлеушілерге қандай да бір айыппұл санкциялары жоқ. Тұрақты түрде төлем жасамаған адамға «сақтандырылған» деген мәртебе берілмейді.

Жұмыссыздар жеңілдетілген санатқа жатады. Ол үшін жарнаны мемлекет төлейді. Бірақ азамат жұмыспен қамту орталығына барып, есепке тұруы керек. Егер адам жұмыссыз бола тұра жұмыспен қамту орталығына бармаса, онда дербес төлеуші ретінде ай сайын 2125 теңге мөлшерінде жарна төлеуіне болады.

— Қазір екінші балама аяғым ауыр. Отбасы жағдайымызға байланысты басқа жаққа көшіп кеттік. Бірақ бұрынғы баратын емханаға қаралғым келген, олар мені қабылдамады. Енді не істеймін?

— Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығына сәйкес жүкті әйел нақты тұратын жері бойынша, яғни сол жердегі емханада есепте тұруы керек. Пациент көшіп кеткендіктен, яғни медициналық ұйымның қызмет көрсету аумағынан шыққандықтан, емхана өкілдері оны қабылдамауға құқылы.

—  Егер МӘМС үшін төлем жасамасам шетелге шыға аламын ба?

— Иә. Егер сіз сот процесіне қатысатын болсаңыз, салық, айыппұл төлемесеңіз,  алимент бойынша берешегіңіз бар болса ғана  сырт елге шыға алмайсыз.

—  Еңбек мигрантының отбасы мүшелері жеңілдік санатын ала ала ма?

—  МӘМС жүйесіне қазақстандықтармен қатар Ресей, Беларусь, Армения және Қырғызстан азаматтары, яғни Еуразиялық экономикалық одаққа кіретін елдер қатыса алады.

Егер еңбек мигрантының балалары Қазақстанда тіркелген болса, олар ұлттық білім беру деректер базасы жүйесіне енгізілсе, онда олар үшін жарналарды мемлекет төлейді. Жүкті немесе бала күтімі бойынша демалыста жүрген әйел де жеңілдік санатына жатады, бірақ ол әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне тартылған жағдайда ғана. Егер әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне тартылмаған   болса, ол дербес төлеуші ретінде жарна төлейді. МӘМС-тің барлық қолжетімді қызметтерін пайдалана алады. Ал шетелдік азамат, мысалы, Италиядан болса, оған тек ақылы медициналық көмек көрсетіледі.

Сақтандыру жүйесіне қатысты қандай да бір сұрақ, арыз-шағым  болса, 1406 байланыс орталығына хабарласыңыз. Сондай-ақ Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы,  Telegram-бот @SaqtandyryBot және қордың fms.kz. ресми сайты арқылы да шағым жасай аласыз.

— Менің арқам ауырады. Физопроцедураны тегін жасатуыма бола ма?

— Физиопроцедуралар тек екі жағдайда тегін жүргізіледі. Біріншісі, бұл ем түрі ауруды емдеудің клиникалық хаттамасында көрсетілсе, екіншісі, емдеуші дәрігер тағайындаса және оңалту кезіндегі қызметтер кешеніне кіретін болса.

— Он жастағы баламды жақында ауруханадан шығардым. Оған күтім қажет.  Ата-анасының біреуі уақытша еңбекке жарамсыздық парағын ашуына  бола ма?

— Әрине, егер ата-ана науқас баласы 14 жасқа толмаса, оның күтімі үшін еңбекке жарамсыздық парағын ашуына құқығы бар. Бірақ парақша он күнге ашылады. Содан кейін баланың денсаулығына байланысты ұзартылады.

— Емхана дәрігері жазып берген ақылы қан талдауларын МӘМС бойынша тегін жасата аламын ба?

— Егер сіз сақтандырылған болсаңыз, қымбат қан талдаулары және диагностикалық тексерулерді тегін өтуіңізге болады. Ол үшін емхана талдау жүргізетін медициналық ұйыммен келісім жасап, жолдама беруі керек. Ал жолдамасыз болған жағдайда ақылы болады. Егер емханаға қатысты қандай да бір арыз-шағым болса, 1406 байланыс орталығына немесе Ақтөбе облысы бойынша қор филиалының 70-43-53, 70-39-73 байланыс нөмірлеріне хабарласуға болады. Барлық шағым тіркеледі. Тексеру жүргізіледі.

 Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button