Жаңалықтар

Сайлауалды бағдарламаны орындау жөніндегі жол картасы дайын

Ақтөбе облысы бойынша Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі жол картасының жобасы облыстық мәслихаттың фракция отырысында талқыланып, пысықталған болатын. Бұл құжат бүгін партияның Ақтөбе облыстық филиалы Саяси кеңесі бюросында  бекітілді.

Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп әзірленген жол картасы 165 пункттен тұрады. Оның ішінде жаңа жұмыс орындарын ашу, ауыл тұрғындарының табысын арттырып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, кәсіпкерлерді қолдау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы желілерін жөндеу,  жолдардың сапасын, экологиялық жағдайды, медициналық қызмет көрсету сапасын жақсарту, таза ауызсумен және орталықтандырылған газбен қамтамасыз ету, білім сапасын арттыру және тағы басқа бағыттары бойынша әр жылға нақты көрсеткіштері бар.Әрбір бағыт бойынша нысаналы индикаторлар мен мерзімдер қойылып, жауапты орындаушылар белгіленді.

Мәселен, биыл бюджет қаражаты есебінен 35 200  шаршы метр тұрғын үй немесе 380 пәтер, ал жеке құрылыс есебінен кемінде 760 000 шаршы метр тұрғын үй немесе 5,3 мың пәтер салу, халықтың әлеуметтік осал топтарына кемінде 500 пәтер беру көзделіп отыр. 30 ауылда сумен жабдықтау нысандары салынады және қайта жаңартылады. Экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында  Байғанин, Мәртөк және Қобда аудандарында 3 қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны салынады. Алға ауданында жылына 120 тонна құс еті мен 125 миллион дана жұмыртқа шығаратын құс фабрикасы бой көтеріп, 100 жұмыс орны құрылады.

Партияның Ақтөбе облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, фракция жетекшісі Ербол Данағұловтың айтуынша,  жол картасы аясында облысымызда жыл сайын 21 мыңнан жаңа жұмыс орындары ашылып, 5 жылда 105 мың жаңа жұмыс орны құрылады, сонымен қатар 110 мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылады. 5 жылда өнеркәсіп саласында 30 ірі жоба іске асырылса, 28 мың отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етіледі және жеке тұрғын үй құрылысына 23 мың жер учаскесі беріледі. 60-тан астам мектеп салу және жөндеу, 125 балабақша мен шағын орталықтар ашу есебінен балалардың тәрбие және оқу жағдайы жақсарады.

Партия филиалының Саяси кеңес бюросына төрағалық еткен облыс әкімі, партияның облыстық филиалы төрағасы Оңдасын Оразалин  нақты мақсаттарға бағытталған  Жол картасын басшылыққа алып, жүзеге асыруды тапсырды.

Жол картасы — партияның ең маңызды құжаттарының бірі, сондықтан алдағы жұмыс барысында осы құжатты басшылыққа алуымыз керек. Біз алдымызға қойылған мақсат-міндеттерді орындап, халықтың сенімін ақтауымыз қажет, – деді Оңдасын Оразалин.

Өз тілшімізден.

Басқа жаңалықтар

Back to top button