Жаңалықтар

Мұқтаж отбасы баспаналы болды

Акция

Алға аудандық мешітінің ұйымдастыруымен мұқтаж отбасыға пәтер кілті табыс етілді. Игі іс  ҚМДБ «Зекет» қорының «Ел үлесі пәтерге» акциясы аясында жүзеге асты. Шараға облыстың бас имамы  Төлеби Оспан, Алға ауданының әкімі Мамырғали Аққағазов, «Зекет» қорының облыс  бойынша өкілі Алмат Әли қатысты.

Аудан әкімі баспаналы болған отбасын құттықтады және осы игі іске атсалысқан барша азаматтарға алғысын білдірді.

Бұл — республика бойынша қайырымдылық аясында беріліп отырған 346-шы, ал облыс бойынша 14-пәтер.  Екі бөлмелі пәтердің кілті Алға қаласының тұрғыны, III топтағы мүгедек  Маржанай Түйешинаға  берілді.

Өзі мүгедек болса да жалғыз ұлын  ешкімнен кем қылмай өсірген ана ұзақ жылдардан бері пәтер жалдап тұрады. Маржанайдың қиындықтарға мойымай, күресіп келе жатқаны құрдастарын да бейжай қалдырмады.

Қандай қиындық көрсе де шыдап, ешкімге айтпай күресіп жүр. Бірақ оның қалай қиналып жүргенін сезетінбіз. Жалғызының амандығын тілеп, бар тапқанын баласына беріп отырған кластасымыздың ауыр халін көргенде қарап отыра алмадық. Қиындықта қолдау көрсетуді жөн санадық. Қазір пәтер жалдап тұру дені сау адамның өзіне ауыр тиеді. Сондықтан бірге оқыған құрдастар болып жиналып, Маржанайға пәтер алып беруді ойладық, — дейді сыныптасы Руслан.  Осылай Маржанайдың құрдастары игі істі қолға алады.  Бұл бастаманы аудандық мешіт және  атымтай жомарт азаматтар қолдайды. Нәтижесінде екі бөлмелі пәтерге қаржы жиналып, Маржанай  баспанаға ие болды.

Маржанайдың қуанышын бөлісуге сыныптастары, көршілері, тума-туыстары келді.

Мұқтаж отбасыларға қуаныш сыйлап жүрген «Ел үлесі пәтерге» жобасы алдағы уақытта өз жалғасын табады.

Кәмшат ҚОПАЕВА. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button