Денсаулық

Бір тәулікте 13 жағдай тіркелді

Брифинг

Өңірлік коммуникациялар қызметі орталығында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаев пен облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхтар Сербаев аймақтағы эпидемиологиялық жағдайды баяндады.

14 ақпан күні облыста коронавирус инфекциясы бойынша 13 жағдай тіркелді.  Олардың он бірінде аурудың клиникалық белгілері болса, екеуі — симптомсыз.

— Соңғы тәулікте Ақтөбе қаласында — 6, Алға, Мұғалжар аудандарында — 1 және Темір ауданында 2 жағдай тіркеліп отыр. Тәуліктік өсу қарқыны — 0,3 пайыз. Аурудың ең көп тіркелгені 66-дан жоғары жас аралығында. Сондай-ақ соңғы тәулікте пневмониямен 4 жағдай тіркелді. Жалпы ақпан айында 54 адам вирусты пневмонияға шалдыққаны белгілі болды. 

Бүгінде Ресеймен шектесетін Мәртөк ауданында «Жайсаң», Қарғалы ауданында «Әлімбет» санитарлық-карантиндік пункттері арқылы өткен 571 жолаушы тексерілді. 80 транзитті жүк тасымалдаушының дене қызулары өлшеніп, анкеталық сауалнама жүргізілді. Коронавирусқа қарсы зертханалық тексеру нәтижесі бойынша анықтамалары жоқ 15 адам карантиндік госпитальға жатқызылды, — деді Мұхтар Сербаев өз сөзінде.

Бүгінде жалпы облыс бойынша коронавирусқа шалдыққан 4098 жағдай тіркелген.

Соңғы тәулік ішінде медициналық қызметкерлер арасында 1 жағдай анықталған. Ол — Мұғалжар аудандық орталық ауруханасының хирургия бөлімінің медбикесі.

— Қазіргі таңда облыстағы эпидемиологиялық жағдай күрделі. Соңғы аптада ауру санының өскенін байқап отырмыз. Сондықтан барлық санитарлық талаптарды қатаң сақтау керек.

Алдағы уақытта  дәрігерлер мен медбикелерге қоса, жедел жәрдем қызметінің көлік жүргізушілеріне де қосымша үстемақы төленетін болады, — деді Рүстем Исаев.

Бүгінде үй карантинінде 752 адам бақылауға алынып, оларға медициналық бақылау жүргізілуде.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button