Жаңалықтар

Полиция тұрғындармен кездесті, есеп берді

ҚР Ішкі істер министрлігі 2021 жылды алдын алу жылы деп жариялау аясында және Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың тапсырмасы бойынша облыстық полиция департаментінің бастығы Атығай Арыстанов аудандарда тұрғындармен кездесу өткізе бастады.

Алдымен бас полицей Қарғалы ауданында халықпен кезекті кездесу өткізді. Шара барысында аудандық полиция бөлімінің 2020 жылғы жұмысы қорытындыланды.

Шара барысында А.Арыстанов «Полиция — қадамдық қолжетімділікте» қағидатын іске асырудың мақсаты учаскелік полиция инспекторларының мәртебесін арттыру, материалдық-техникалық базаны жақсарту, яғни полицияны автокөлікпен және учаскелік пункттермен, тұрғын үймен қамтамасыз ету екендігін айтты.

Департамент бастығы ауданда қылмыстың қайталану деңгейінің жоғары екенін атап өтіп, аудан басшысы А.Жүсібәлиевке бұрын сотталған адамдарды жұмысқа орналастыру бойынша жұмысты жандандыру қажеттігін алға тартты. Сонымен бірге ол өңірлерді цифрландыру мәселесіне тоқталып, оның ішінде бейнебақылау жүйелерін орнату құқықбұзушылықтардың алдын алу, болдырмау және ізін суытпай ашудың тиімді және пәрменді шараларының бірі екендігін тілге тиек етті.  Облыстың бас полицейі халықпен, кәсіпкерлермен белсенді үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге, сондай-ақ полиция бөлімінің кезекші бөліміне интеграциялау арқылы бейнебақылау жүйелерін орнату бойынша мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында инвистицияларды тартуға шақырды.

Одан кейін полиция басшысы Қарғалы ауданының жедел жағдайымен танысты.  Аудан әкімі және тұрғындар Бадамша ауылының учаскелік полиция инспекторы Айдаралы Қожашевтің жұмысына оң баға берді, онда қызмет көрсетілетін әкімшілік учаскеде мал ұрлануына жол берілмеген.

Аудан әкімі Асқар Жүсібәлиев атқарушы органдар тарапынан аудандағы қылмыстың алдын алу бойынша іс-шаралар барынша жүйелі жүргізілетінін және полицияға жан-жақты көмек көрсетілетінін айтты.

***

Осындай кездесу Қобда ауданында да өткізілді. А.Арыстанов Әлия ауылында болып, учаскелік полиция инспекторы Нариман Ульяновтың жұмысымен танысты, ауыл белсенділерімен кездесіп, Ә.Молдағұлова атындағы облыстық патриоттық орталығына барды. Одан соң аудандық полиция бөлімі бастығының аудан тұрғындарымен есеп беру кездесуіне қатысты. Шара барысында ауданда мал ұрлығы жиілеп кеткендігі айтылды. Былтыр 22 мал ұрлығы дерегі тіркеліп, 62 бас мал қолды болған. А.Арыстанов аудандық полиция бөлімінің бастығы А.Наяшевке алдын алу іс-шараларын жүргізу және бұрын жасалған мал ұрлығын ашу бойынша нақты тапсырмалар берді.

Сонымен қатар полиция департаментінің бастығы ауданда қылмыстың қайталану деңгейінің жоғары екендігіне назар аударды: 98 қылмыстың 57-сін бұрын сотталған адамдар жасаған.

Сондай-ақ А.Арыстанов ауылдық округтердегі учаскелік полиция инспекторларын тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесін де қозғады. Қобда ауданы әкімі Болат Құлов бұл мәселені шешу үшін бар күш-жігерін салатынын айтты. Сондай-ақ аудан әкімі учаскелік полиция инспекторларының жұмысын жақсарту мақсатында жоғалған малды іздеу үшін 4 квадрокоптер сатып алынғанын, Әлия ауылында учаскелік полиция пунктін салу және учаскелік полиция инспекторы үшін тұрғын үй салу жоспарланғанын айтты. Болат Құлов облыстық полиция департаменті бастығынан жол қозғалысын қадағалауды жүзеге асыру үшін Батыс Қазақстан облысы шекарасы бағытына патрульдік полиция нарядтарын бөлу мүмкіндігін қарастыруды сұрады.

Сапар барысында облыстық полиция департаментінің бастығы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың «Полиция — қадамдық қолжетімділікте» тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі тапсырмалары мен талаптарын полиция бөлімдерінің жеке құрамына жеткізді. Ведомство басшысының айтуынша, мұндай кездесулер ауыл тұрғындарын толғандыратын мәселелерді түсінуге мүмкіндік береді және проблемалық мәселелерді анықтауға көмектеседі.

Халықпен осындай кездесулерді облыстың барлық аудандарында өткізу жоспарланған.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button