Мәдениет

Ерекше аруларға арналды

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен басталған «Қайырымды істер марафоны» жалпыұлттық жобасы республика бойынша өтіп жатыр. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған бұл шара Ақтөбе қаласында жалғасын тапты.

13 ақпан күні облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен «Мисс Ерке қыз» мерекелік шарасы өткізілді. Шараның мақсаты — ерекше балаларға қоғамның назарын аударту.

Ақтөбе облыстық мүгедектер қоғамының ұйымдастыруымен болған бұл шараға 7 мен 13 жас аралығындағы ерекше қыз балалар қатысты. «Анаға тағзым» рухани тәрбие беру орталығында өткен мерекеге жас бүлдіршіндер белсене атсалысты.

ДЦП және «Даун» синдромымен ауыратын қыз балалар осы шараға бір ай бойы дайындалды. Өнерге деген құштарлықтары ауыратындарын ұмыттырып жібергендей болды. Бұл байқау немесе жарыс емес. Әр баланың бойындағы қабілетін ашып, ортаға бейімдеу мақсатында өткіздік. Балапандардың талпынысы жақсы. Біз бұдан кейін де мұндай қайырымды істерді ұйымдастырамыз. Қазір қамқөңіл жандардың мерейі көтеріліп келеді. Өйткені облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің өзі ерекше балаларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға көңіл бөліп отыр,  — деген облыстық мүгедектер қоғамының төрағасы Алмаз Жантікенов кішкентай аруларға ризашылығын білдіріп, сыйлықтарын ұсынды.

Көптің алдына шығып, би-билеп, ән салып, өлең оқығандарды арнайы Алғыс хаттармен марапаттады. Мұндай құрмет барлық қатысушы бүлдіршіндерге берілді.

Сонымен қатар көпбалалы Жетесовтер отбасының отанасы, 21 баланың анасы болып отырған Амангүл Ешпанованы «Бопай ханша Қасымқызы» белгісімен марапаттап, балаларға қамқор болғаны үшін алғыс айтты.

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button