Жаңалықтар

Хромтауда жылы аялдама бар

Хромтау ауданы орталығында «Қатысу бюджеті» жобасы аясында жылы аялдамалар пайда бола бастады.

«Қатысу бюджеті» жобасының мақсаты — ауданның әлеуметтік мәселелерін шешуде жергілікті тұрғындардың ұсыныс-пікірлеріне құлақ түріп, халықтың берген дауысы арқылы үздік әлеуметтік жобаны анықтау.

Жылы аялдама идеясының авторы — «Қазхром» трансұлттық компаниясы» АҚ филиалы Дөң тау-кен байыту комбинаты жабдығының сенімділік инженері Сергей Ибрагимов. Аудан әкімдігінің қолдауымен аталған жобаны тәжірибелі мердігер компания іске асырған болатын.

Жалпы аумағы 52 шаршы метр аялдаманың ішінде жылыту қондырғысы, орындықтар, теледидар, жазғы кезеңге арналған кондиционер, ұялы байланыс  телефондарын қуаттау розеткалары және өрт дабылы орнатылған. Қауіпсіздік мақсатында бақылау камералары да қондырылыпты.

Бастапқыда мен жолаушыларға қара суықта ықтасын болсын деп қарапайым жылы аялдама жасауды ойладым. Мұндай аялдамалар облыс орталығында бұрыннан бар. Алайда менің жобама сәйкес біраз  өзгерістер енгізілді. Аялдамалар жанында дүкен болады, — деді жоба авторы Сергей Ибрагимов.

«Нұр Строй Ком-64» ЖШС мердігер компаниясының басшысы Жангелді Абылаевтың айтуынша, аталған компания аудан орталығынан бөлек, мұндай аялдамалардың Ақтөбе қаласында жетеуін орнатқан. Хромтау қаласындағы М.Әуезов көшесіне орнатылған жылы аялдама да аталған кәсіпорынның ықпалымен жүзеге асырылды. Ж.Абылаев «Қатысу бюджеті» жобасына қатысып, көпшілік үшін тиімді істі бірігіп атқарғандарын, сондай-ақ көше бойында жылы аялдамаларға сұраныстың жыл өткен сайын артып жатқанын айтты.

 Арайлым ҒАНИ,

Хромтау ауданы.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button