Денсаулық

Дерттің емі дәрі ғана емес…

Соңғы үш жылда облыста  құрт ауруына шалдығушылардың саны 34 пайызға төмен түсіпті. Биылғы жылы  облыс бойынша жүз мың тұрғынға шаққанда ауру саны 77,7 адам болса, республикада бұл көрсеткіш — 83. Сондай-ақ аймақта  былтырғы жылмен салыстырғанда аталған дерттің құрығына ілігушілер 4,6 пайызға кеміп, өлім-жітім саны 2,1 пайызға азайыпты. Ал балалар арасындағы көрсеткіш — 27,7,  жасөспірімдер арасында 16,6  пайызға төмендеген екен. Сонымен ….

Ғаламдық қордың көмегі

Облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансерінің бас дәрігері Нұрлан Ағзамовтың айтуынша, жақсы нәтижеге қол жеткізуге мемлекет тарапынан осы дертке айрықша назар аударылып, емдеу жұмыстары мен  дәрі-дәрмекпен қамтудың  тиімді үйлестірілуі мүмкіндік берген. Мәселен, бұл шаруаға 2009 жылы 1 665 136,4 миллион теңге бөлінсе, биылғы он айда 1 512 671,9 миллион теңге қаржы жұмсалыпты.

Осыдан 5-6 жыл бұрын облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансерінің күрделі жөндеу  жұмыстарына қаржы бөлінбейтін. Бұл бағытқа тек 2005 жылдан бастап қана қаражат қарастырыла бастады. Соңғы 5-6 жылдықта 335 миллион теңге жұмсалды. Бұған қоса Ырғыз, Қарабұтақ, Шалқар аудандарындағы туберкулез ауруханалары қайта жаңарып, заманауи құрал-жабдықтармен толықса, Мұғалжар, Темір аудандарындағы ауруханалар барлық талапқа сай. Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жұмыстары денсаулық сақтау министрлігі тарапынан бір ізге қойылып, тұрақты түрде жеткізілуде.  Соңғы екі жылда дәрілік заттарға облыстық бюджеттен де қаржы бөлініп отыр. Сондай-ақ халықаралық ғаламдық қор бөлген қаражат құрт ауруымен күрес жұмыстарын жүйелі жүргізуге септігін тигізуде, — дейді бас дәрігер.

Ғаламдық қор туберкулез, АҚТҚ, ЖҚТҚ, малерия ауруларына қарсы күрес жұмыстарына қолдау көрсетеді. Соңғы он айдағы қайырымдылық қаржы мөлшері — 42 миллион 678 мың теңге. Яғни қор медициналық жабдықтармен бірге аса сапалы шетелдік дәрі-дәрмектер бөліп, азық-түлік пакеттерін таратады.

Құрт ауруына шалдыққандардың басым бөлігі тұрмысы төмен адамдар екенін ескерсек, олар қай уақытта да әлеуметтік қамқорлыққа зәру. Әрі олар ауруханада  толық емделіп шыққаннан кейін де тұрақты түрде амбулаторлы ем қабылдауы қажет. Сондықтан бұндай науқастарға азық- түлік пакетінің берілуі үлкен көмек болып отыр. Мәселен, пакеттің ішінде  күріш, қарақұмық, өсімдік майы, тіпті тіс пастасы мен сабынға дейін бар. Қазіргі күні 374 ауруға осындай көмек көрсетілді. Жалпы, ғаламдық қор арқылы  бұндай қайырымдылық шарасы әр тоқсан сайын ұйымдастырылады.  Көмектің бір бөлігі Қызыл ай қоғамының облыстық комитеті арқылы жүзеге асса,  бірі қордан тікелей келеді.

Сондай-ақ батыс аймақта фтизиатрлардың қатысуымен ұйымдастырылатын жиындардың басым бөлігі біздің қалада өтетіндіктен, қор бөлетін қаржының бір бөлігі осы мақсатқа жұмсалады, — дейді Нұрлан Ағзамов.

Бас дәрігер құрт ауруымен күрес жұмыстарына кейбір аудандардың салғырт қарайтынын да айтып отыр. Мәселен, 2008-2010 жылдарға арналған өңірлік бағдарлама аясында туберкулезбен ауыратын жандарға әлеуметтік көмек көрсету көзделгені мәлім. Дегенмен, Мәртөк, Қарғалы аудандарының атқарушы органдары науқастарға  оң көзқарас танытпаса,   Хромтау мен Қобда аудандары биыл ғана ауруларды оқшаулауға екі пәтер бөліпті.

Жаңа технология және жүйелі ем

Кейінгі жылдары дерттің ауыздықтала бастауы осы бағыттағы емдеу әдістерінің жүйелі жүруімен де байланысты.

Науқастың санатына қарай  ем жүргізу тәсілдері әртүрлі. Жаңадан ауырғандар мен созылмалы, жұқпалы  және  дәріге төзімді туберкулез  таяқшасын жұқтырғандар арнайы бөлімшелерде ем алады.  Былтыр дәріге төзімді туберкулез түрімен ауыратындарға арналған кереует саны жетпіс болса, биыл жүзден асты. Сондай-ақ хирургия, балалар бөлімшелері бар. Аудандарда да аталған дертпен күрес және алдын алу жұмыстары жүйелі жүргізіледі. Әр ауданда балалардың профилактикалық ем алуына арналған балабақша бар. Ал  білікті дәрігерлер әрқашанда істеріне  жауапкершілікпен қарайды, — дейді бас дәрігер.

Облыс орталығындағы аурухананың жаңа заманғы аппараттармен  жарақтандырылуы нақты диагностиканы анықтауға мүмкіндік беріп отыр. Қазіргі таңда емдеу мекемесінде «Bactek MGIT» аппараты жұмыс істейді. Бұл  науқасқа дұрыс диагноз қоюды жылдамдатады. Мәселен, ескі әдіс бойынша таяқшаларды зерттеуге үш ай уақыт жұмсалатын болса, жаңа тәсіл екі-үш аптада аурудың түрін анықтауға қол жеткізіп отыр. Бұған қоса қазіргі күні ғаламдық қор арқылы емдеу мекемесіне генетикалық зерттеуге  арналған жаңа аппарат әкелініпті. Қор ауаны тазартатын аппаратты да қондырып бермек. Ал эндовидеотороскопея әдісі батыс аймақта біздің облыста ғана қолданылады екен.

Бұндай әдіс туберкулездің түрін  анықтауға мүмкіндік береді. Мәселен, плеврит (өкпе мен көк еттің арасына су жиналуы) ауруы кезінде аталған әдіс бойынша кеудені тесіп, өкпенің суын шығарып, биопсия алады. Осы арқылы аурудың неден пайда болғаны анықталады. Өйткені плеврит — туберкулез, қатерлі ісік және өкпе қабынғанда немесе жүрек әлсіреген кезде пайда болатын ауру. Бұрын аталған сырқаттың  99 пайызын туберкулезбен байланыстырып келсек, қазір болжам бойынша бұл — 76  пайыз екен, ал қалғаны  түрлі соққылар мен қатерлі ісіктен  пайда болатыны анықталып отыр, — дейді бас дәрігер.

Ауруханадағы лабораториялық құрал-жабдықтар мен медициналық аппараттардың барлығы озық үлгіде болғандықтан, ауруды анықтаудың мүмкіндігі жоғары.

Құрт ауруымен кімдер ауырады?

Аталған дерттің құрығына алдымен маскүнемдер, нашақорлар, абақтыдан шыққандар мен  үй-күйсіз жүрген жандар ілігеді.  Қазіргі күні емдеу мекемесіндегі 477 адамның 20 пайызы — осы топтағылар. Олардың ішінде тәртіп бұзатындар да жоқ емес. Бас дәрігердің айтуынша, ауруханада толық ем алып шыққандар кейін амбулаторлық  емді жалғастырудың орнына баяғы таз  қалпына түсіп, ауруын қайта қоздырады екен. Сондықтан дәрігерлер оларды сот арқылы  мәжбүрлеп емдеу мекемесіне жібереді. Еңбекпен түзету мекемесінен шыққан науқастар міндетті түрде тіркеуде тұруы тиіс. Биылғы жылдың тоғыз айында абақтыдан 18 туберкулез науқасы босатылса, оның 15-і есепке алынған.

— Ал қалған аурулардың қайда жүргені белгісіз. Мәселен, түрмеден бізге қанша адамның босатылғаны және олардың мекен-жайы көрсетілген құжат келеді. Бірақ көп жағдайда азаматтар көрсетілген мекенде тұрмайды, тіпті, кейде ондай үй жоқ болып шығады. Сөйтіп, науқастарды таба алмай қаламыз. Осы мәселені айтып ішкі істер органдарына хабарласқанымызбен олар да дәрменсіздік танытып жатады. Дегенмен, өткен жылы абақтыдан босағандардың — 61, биыл 83 пайызын тіркеуге алдық.

Жалпы, құрт ауруына шалдығатындардың басым бөлігі қалада тұрады. Өйткені бұнда  тұрақты жері жоқ адамдар мен көшіп-қонушылар, жұмыс, оқу  іздеп келушілер көп. Еңбекпен түзету мекемесінен  шыққандар мен қаңғыбастардың да тұратын жері — қала. Мәселен, ауру санының көптігі жағынан Астана қаласы алда тұр,  — дейді Нұрлан Ағзамов.

Бас дәрігер туберкулез жұқтырған адамдармен  қарым-қатынаста болғандардың ең алдымен жапа шегетінін жеткізді. Ауру жас талғамайтын болғандықтан кез келген азаматтың дұрыс тамақтанып, ауруға қарсы иммундық жүйесін күшейткені жөн.

Қос түйін: қолдау және кадр

Аталған бағыттағы жұмыстар жүйелі жүргізіліп жатқанмен,  түйіні тарқамаған мәселелер де жеткілікті. Нұрлан Ағзамовтың айтуынша,  ең алдымен науқастар әлеуметтік қолдауға зәру. Яғни ауруға шалдыққандардың 70 пайызы жұмыссыздар мен халықтың әлеуметтік аз қамтылған тобы екенін ескерсек, олар әрдайым қамқорлықты қажет етеді.  Сондықтан науқастардың тұрмысын түзеуге жергілікті атқарушы билік ықпал етсе, ем де өз нәтижесін беретіні сөзсіз.

Сондай-ақ еңбекпен түзету мекемелеріндегі аурудың созылмалы түрімен ауыратын азаматтарды оқшаулау немесе емдеу мекемелеріне жеткізу жұмыстарына да баса назар аудару қажет. Осы мәселелерді сөз еткен бас дәрігер, әсіресе, кадрдың тапшы екенін жеткізді.

Диспансерде мамандар жеткілікті болғанмен, фтизиатрлар мен рентгенологтар  қай уақытта да қажет. Мәселен,  Алға, Әйтеке би, Қобда аудандарында фтизиатр мамандар жетіспейді. Соңғы 5-6 жылдықта емдеу мекемесіне бірде-бір жас маман келген жоқ. Кейде дәрігерлеріміздің өзі   аурудың құрығына ілініп жататындықтан, жастар ауру жұқтырып алу қаупін ойлайтындығы да рас. Бірақ соңғы екі жылда өзге емдеу мекемелерімен салыстырғанда біздің дәрігерлердің еңбекақысы өсті. Мамандар білімін жетілдіру мақсатында республика аумағындағы ірі қалалар мен Ресейге барып қайтады, — дейді Нұрлан Ағзамов.

P.S.

Облыс туберкулез ауруының  көрсеткіші бойынша бесінші орында тұр. Ал алдыңғы қатардан Астана, Ақмола қалалары мен Шығыс Қазақстан облыстарын көруге болады. Бас дәрігер осы мақсаттағы ауқымды жұмыстар жалғаса берсе,  ауруға шалдыққандардың қатары жыл сайын кеми түсетінін жеткізді.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button