БілімБасты жаңалықтар

Дарынды балаларды шыңдайтын орталық

Дарынды оқушылардың ордасы — «Ақтөбе-Дарын» өңірлік ғылыми-тәжірибелік қосымша білім беру орталығының ашылғанына биыл — 15 жыл. Осы жылдар ішінде аталған орталық талай таланттарды анықтап, талай жастың шығармашылық қабілеттерін шыңдай түсуге септігін тигізді. Соңғы 10 жылда облыс бойынша республикалық және халықаралық зияткерлік сайыстардың республикалық кезеңіне 15 263 бала қатысып, оның 4518-і жеңімпаз атанды. Ал халықаралық зияткерлік жарыстарға 654 оқушы қатысып, 409-ы жүлделі оралды. Былтыр халықаралық 6 шарада бақ сынаған 395 оқушының 176-сы бас бәйгеге ие болып, облыс қана емес, ел мақтанышына айналды.
Біз «Ақтөбе-Дарын» өңірлік ғылыми-тәжірибелік қосымша білім беру орталығының директоры Жаңылсын Нұрғалиевамен орталықтың тыныс-тірлігі туралы сөйлескен едік.

«Ақтөбе-Дарын» өңірлік орталығы интеллектуалдық (зияткерлік олимпиадалар), инновациялық (дарынды балаларды даярлайтын мұғалімдермен жұмыс жүргізіледі), шығармашылық (түрлі шығармашылық жарыстар), спорттық және ақпараттық (ақпараттық қолдау) бағытта жұмыс жасайды.
— Біздің орталық 2006 жылғы 1 желтоқсанда құрылды. «Ақтөбе-Дарын» өңірлік ғылыми-тәжірибелік қосымша білім беру орталығы Ақтөбе облысының дарынды балаларын анықтау және қолдау, олармен жұмыс жасайтын педагогтердің кәсіби шеберлігін арттыру, тәжірибелерін тарату бағытында қызмет етеді. Орталықтың бірнеше басым бағыттары бар. Мысалы, негізгі міндеттері — олимпиадалар мен ғылыми жарыстар өткізу арқылы облысымыздың интеллектуалдық әлеуетін көтеру. Сондай-ақ жаңашыл-педагогтердің үздік педагогикалық тәжірибесін таратып, инновациялық іс-тәжірибелерін дамыту мақсатында бағдарламалар мен жобалар, конкурстар, фестивальдер өткізу, жеңімпаздардың республикалық кезеңге қатысуын ұйымдастыру, даярлау, — дейді Жаңылсын Нұрғалиева.
Оның айтуынша, орталықтың жанынан құрылған арнайы мектептер, зертханалар мен қауымдастықтар жұмыс жасайды. Мұнда өңіріміздегі дарынды оқушылар республикалық сайыстарда облыс намысын лайықты қорғауы үшін дайындалады.
Оларға Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ғалымдары дәріс береді. Пәндік олимпиаданың облыстық кезеңінің жеңімпаздары облыстық «Жалын» олимпиадалық дайындық мектебінде ел көлемінде өтетін олимпиадаға дайындалады. Ал орталықтың жанындағы ғылыми-зерттеу зертханасында балалардың республикалық білім бәйгесіне қатысып, ғылыми жобаларды қорғаулары үшін бағыт-бағдар беріледі. Бұл орталықтарда аталған жоғары оқу орындарының озық педагогтері, ғалымдары жұмыс жасайды. Олардың еңбегі үшін қаржы бюджеттен төленеді. Оқытушылар әр баланы өз пәні бойынша жеке даярлайды. Мұның нәтижесі өте жақсы көрсеткіштерге жеткізіп отыр. Мысалы, соңғы 10 жыл ішінде облыс құрама командасына енген 572 оқушы дайындықтан өтіп, 365-і облыс абыройын арттырды, — дейді Жаңылсын Нұрғалиева.
Сондай-ақ орталық жанында шығармашылық мұғалімдер қауымдастығы және дарынды балалармен жұмыс жасайтын психологтар қауымдастығы жұмыс жасайды екен.

Байқау және бағыт

Білім додасының алдымен мектепішілік, аудандық (қалалық) кезеңдері өткізілген соң, «Ақтөбе-Дарын» орталығы тарапынан облыстық кезеңі үйлестіріліп, кейін республикалық жалғасы ұйымдастырылады. Айта кету керек, бір ғана шығармашылық бағытта ұйымдастырылатын байқаулардың республикалық жалғасы бар 18 түрі бар. Олардың арасында Абай, Шәкәрім оқулары, «Яссауитану» білім байқауы, Әбіш оқулары, Мағжан оқулары, «Ақберен» байқауы, тағы да басқа жобалар бар. Сондай-ақ халықаралық жалғасы бар 17 зияткерлік олимпиадалар бар екен. Олардың арасында халықаралық Жәутіков олимпиадасы, «Математика және жобалау» халықаралық ғылыми байқауы, Халықаралық Сәтбаев атындағы олимпиадалар (математика, физика, химия, биология, информатика пәндері бойынша) бар.
— Соңғы 10 жылда біздің өңір бойынша республикалық және халықаралық зияткерлік сайыстарға (олимпиадалар мен ғылыми жарыстар) барлығы 15 917 оқушы қатысты. Бұл жарыстардың республикалық кезеңіне 15 263 бала қатысып, оның 4518-і жеңімпаз атанды. Халықаралық зияткерлік жарыстарға 654 оқушы қатысып, 409-ы жүлделі орындарды иеленді.
Ал республикалық шығармашылық сайыстарға қатысқан 33 оқушының 16-сы жүлделі орындарға ие болды. Сондай-ақ 2077 жас спортшының 700-і спорттық республикалық жарыстарда мықтылығын дәлелдеді, — дейді Жаңылсын Достанғалиқызы.

Жүлделі жетістіктер

Былтыр «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен өткізілген республикалық 24 шараға біздің облыстан 14 683 оқушы қатысыпты. Нәтижесінде оның 4356-сы жүлдегер атанған. Республикалық деңгейде ұйымдастырылған бұл 24 жарыстың 11-і — зияткерлік (14 580 қатысушы, 4201 жүлдегер), 16-сы — шығармашылық (147 қатысушы, 49 жүлдегер), 11-і —спорттық (81 қатысушы, 33 жүлдегер). Халықаралық 6 шарада бақ сынаған 395 оқушының 176-сы бас бәйгеге ие болып, облыс қана емес, ел мақтанышына айналды.
Сонымен қатар облыстағы дарынды балалармен жұмыс жасайтын 918 шығармашыл педагог республикалық 8 кәсіби байқаулар мен пәндік олимпиадаларға қатысты. Оның 630-ы (70 пайыз) жүлдегер атанды. Мұның бәрі — «Ақтөбе-Дарын» орталығының жетістігі.

Жаңа форматтағы жұмыс

— Өткен жылы тосыннан жұмыс форматы дереу өзгерді. Жаңа форматта жұмыс жасау үшін бейімделу кезеңі болды. Дегенмен «Ақтөбе-Дарын» орталығы облыс оқушыларының республикалық және халықаралық олимпиадалар мен сайыстарына қатысу нәтижесін нығайту, облыстың олимпиадалық командасын дайындау және анықтау жүйесін дамыту, теориялық және тәжірибелік деңгейлерін жоғарылатуға жағдай жасау мақсатын орындады, — дейді орталық директоры.
Былтыр 39 облыстық шығармашылық шара ұйымдастырылыпты. Оған 5533 оқушы қатысып, оның 2279 оқушы жүлделі орындарға ие болған.
— Облыстық деңгейде өткізілетін шығармашылық шараларға қатысушы балалар саны жыл сайын артып келеді. Дегенмен кей бағыттар бойынша оқушылардың қатысымы төмен. Соңғы уақытта оқушылар арасында айтыскерлер саны азайып кеткені алаңдатады. Өйткені 2012-2018 жылдар аралығында біздің облыстың жас ақындары республикалық айтыстарда өте жоғары нәтиже көрсеткен болатын. Бұл мәселені шешу үшін биыл белгілі ақындармен бірлесіп, жас ақындарды тәрбиелеу мақсатында іс-шаралар топтамасы, «Жас әдебиетші» оқу-жаттығу ауысымдарын өткізу жоспарлануда, — дейді Жаңылсын Нұрғалиева.
Былтыр Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай өткізілген республикалық Абай оқулары, «Абайтану» олимпиадасына қатысқан оқушылар жоғары нәтижелер көрсеткен. Мысалы, Абай шығармашылығына арналған республикалық 4 байқауға 25 оқушы қатысып, 14 бала жеңімпаз атанған. Соның арқасында біздің өңір республика бойынша командалық есепте ІІ орын иеленді. Бұл жетістік ақтөбелік оқушылардың ұлы ақынның шығармаларын бойына сіңіре білгендігін, өздерінің білімдері мен шығармашылықтары арқылы дәлелдей алғанын көрсетеді.
Ақтөбе өңірінен шыққан белгілі ақын-жазушылардың мұраларын жас ұрпаққа таныту мақсатында «Ақтөбенің әдебиет әлемі» байқауы, «Ұлы Жеңіске тарту» тақырыбында мәнерлеп оқу байқауы қашықтықтан өткізілді.
ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының дарынды оқушыларды анықтау және қолдау жүйесін құруға мүмкіндік беретін «Ел үміті» жобасы аясында ауқымды шаралар ұйымдастырылды. Соның бірі — «Мың бала» ұлттық олимпиадасында 2 оқушы республика бойынша үздік атанды (Шалқар, Мәртөк аудандарының балалары).
Қазір «Елбасы медалі» жобасына 420 оқушы қатысуда. Айта кету керек, былтыр желтоқсан айында алғашқы қорытынды бойынша 10 қола медаль иегерлерін марапаттау өтті. Биыл алтын және күміс медаль иегерлерін марапаттау ұйымдастырылады. Сондай-ақ 2021 жылы «Ел үміті» бастамасының аясында «Қабілет» жобасын жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button