Басты жаңалықтарСпорт

Көкпар — намыстың ойыны

Көкпар — қазақтың ұлттық ат спорты ойындарының бірі. Осынау тəуекелге толы ойыннан үздік атанған шабандоздар ел ішінде қашан да зор қошеметке ие болып отырған. Міне, сондай үздік көкпаршылардың бірі ретінде Шалқар ауданындағы Жылтыр ауылының «Әлім ата» командасын айтсақ болады.

Жылтыр ауылының жігіттері ат спорты бойынша жылдың әр мезгілінде түрлі шаралар өткізуді дәстүрге айналдырған. Олар кейінгі жылдары түрлі деңгейде өткізіліп келе жатқан жарыстардан тыс қалмай, облыстың, елдің намысын қорғап жүр.

Құраманың құрылуы

Аталған команда құрамының дені Тәуелсіздік жылдары дүниеге келген жастар. «Әлім ата» командасының жаттықтырушысы, аударыспақтан спорт шебері Алтай Сүйеубаев бүгінде көкпар тартуға ауыл балаларының ерекше қызығатынын айтады.

— Ата-бабаларымыз ежелден «Аударыспақ», «Теңге ілу», «Көкпар», «Бәйге» секілді ат спорты ойындарын ерекше құрметтеген. Солардың ішінде, әрине, жігітті батылдық пен өжеттілікке, ептілікке баулитын көкпардың орны бір бөлек. Көкпар командасы Жылтыр ауылынан 2018 жылы құрылды. Бір жылдан кейін «Әлім ата» атауы берілді. Құрамада әр рудың балалары бар. Олардың түпкі тегі Әлім руынан тарайтыны белгілі. Сондықтан бір үйдің балаларындай болсын деген ниетпен «Әлім ата» деп атадық. Қазір командада он ойыншы бар.

Олардың көпшілігі жастар, — дейді ол.   

Оның айтуынша, кез келген жігіт көкпаршы бола алмайды. Ат үстінде тұрып жердегі серкені көтеру үшін де ептілік пен күш-жігер керек. Мәселен, жасөспірімдер арасындағы көкпарда серкенің салмағы 15-25, жастар арасында 20-30, ал ересектер арасында 30-35 келіден жоғары болады.

Жаттығу кезінде көкпарға жасанды серке, яғни муляжды пайдаланамыз. Ал ауқымды турнир, жарыстарда шынайы серке тартылады. Серке арнайы сертификатталған жерде сатылады.

Өкінішке қарай, біздің облысымызда көкпар ойыны дамымаған. Облыстық жасөспірімдер ат спорты мектебінің директоры Бақтияр Төлеуов және Қазақстан Республикасының аударыспақ федерациясының президенті Данияр Қобыландин республикалық жарыстарға шығуымызға қолдау танытып жүр. Басқа да осы салада белсеніп жүрген іскер азаматтар жиі жарыс өткізіп, түрлі ас пен тойда көкпар тартуға мұрындық болса, демеушілер ат сатып алып беріп, қамқорлық жасайды. 

Бізге ат табу да күрделі мәселе. Осы тұрғыда демеушілер қажет. Қазір командадағы әр ойыншының жеке аты бар. Ел чемпионатына шығу үшін Бақтияр Төлеуовтің аттарын аламыз. Сондай-ақ ауылдан жаттығатын алаң, арнайы жылқыларды баптайтын орын да болуы шарт.  

Ұлттық спортқа ауыл жастарының қызығушылығы жоғары. Ат спортын ауылда дамытпай, ұлттық ойындарды жоғары деңгейге көтеру мүмкін емес, — дейді Алтай Сүйеубаев.

Ерсұлтан — үздік көкпаршы   

«Әлім ата» командасының үздік ойыншыларының бірі — Ерсұлтан Есенгелді. Бала кезінен жылқыны жақсы көретін ол үш жылдан астам уақыттан бері көкпар тартып, жүлделі орындардан көрініп жүр.

— Көкпар — қауіпті спорттық ойындардың бірі. Дода кезінде аттан құлап немесе  атпен бірге  жығылатын жағдайлар да кездеседі. Тіпті жарақат алатын кезің болады. Осының барлығына шыдауың қажет. Аттың үстінде өзіңді еркін сезінуің керек. Өзімнің жеке атым бар. Алайда жарыстарға шыққанда командалық ойын болғандықтан, аттарымызды алмастырып тұрамыз. Жарыс кезінде көкпаршының астындағы аты үлкен рөл ойнайды. Көкпарға мінетін аттың ерекшелігі: еті мығым, сүйегі мықты, екпіні қатты, жылдам, серкені жерден іліп алуға икемделгіш, текті жылқы таңдалып алынады. Жылқыны көкпар үшін арнайы баптап, үйретеді, — дейді ол.  

Топжарғандар

«Әлім ата» командасы облыстық, республикалық жарыстарда топ жарып жүр. Бүгінде команданың бір ойыншысы Жамбыл облысындағы ұлттық құрамада жаттығып жүр.

2018 жылы аталған көкпар командасы «Жайық жағалауында — Каспий кубогі» атты халықаралық турнирде 3-орынды, Ақтөбе қаласында ұлттық спорт түрлерінен өткен «Ұлы дала рухы» облыстық фестивалінде 2-орынды иеленді. Сол жылы құрама команданың ойыншысы Данияр Мейрамбек көкпар ұлттық ойынының республикалық құрамында өнер көрсетті.

Сондай-ақ команда 2019 жылы көкпардан ересектер арасындағы облыстық чемпионатта 1-орынға ие болды. «Әлім Ата» командасының жігіттері республикалық чемпионатта, ұлттық спорт түрлерінен өткен республикалық фестивальде Ақтөбе облысы көкпар командасының құрамында өнер көрсетіп, жүлделі орындардан көрінді.

Сонымен қатар құрама ойыншылары, 2019 жылы Шымкент қаласында өткен аударыспақтан ересектер арасындағы республикалық жарыста 90 келі салмақта Алтай Сүйеубаев 3-орынға, 80 келі салмақта Данияр Мейрамбек 2-орынға қол жеткізді.

2019 жылы «Әлім ата» көкпар командасы ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы атынан ұлттық спортты насихаттауға және дамытуға қосқан үлесі үшін ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы президентінің Алғыс хатымен марапатталды.

Алда ұлттық мерекеміз Наурыз мейрамы келе жатыр. Сондай-ақ биыл Қазақстан чемпионатына дайындықты бастаймыз.

Көкпар шапқан жігіттің ел мен жерді қорғауға, Отанын сүюге, елінің патриоты болуға қабілеті зор. Себебі көкпар ойыны жігіттердің бойына намыс отын қалыптастырады, — деп қорытындылады өз сөзін Алтай Сүйеубаев.

Қазақтың басын қосуға, елі мен жерін жаудан азат ету мақсатында шыққан көкпар ойыны алғашында әскери жаттығудың бір түрі ретінде өтсе, бертін келе, бейбіт заманда елдің ас-жиын тойларында өтетін ұлттық ойынға, ұлттық дәстүрге айналған. Сондықтан да көкпар қазақ халқының төл туындысы, ұлттық құндылығы, ат спорты ойындары ішіндегі ең күштісі саналады.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button