Ауыл

Қосаралдықтар үйсіз 5 отбасыны ауылға көшіріп алды

Жалдамалы пәтер мен жұмыссыздық қажытқан 5 бірдей отбасы пейілі кең, шағын ауылдағы ағайынның арасына келіп, баспаналы болды. Тұрғын үйдің тауқыметін тартқан отбасылардың бірі Маңғыстау облысының Бейнеу ауданынан, бірі Жаңаөзеннен, енді бірі Алға ауданынан келсе, қалған екеуі Мұғалжар ауданы Қандыағаш қаласынан және Байғанин ауданының орталығы Қарауылкелдіден көшіп келді.

Ауыл тұрғындарының ұйымшылдығы талай толымды істерді тындыруға сеп болуда. Сондай игі істердің бірі — пәтер жалдап жүрген 5 отбасыны ауыл белсенділерінің көшіріп әкелуі. Ауыл халқы олардың тұрмыстық жағдайына да көмектесуде. Ауылдастар жиынында көпшілік 5 отбасының әрқайсысына 10 қой, 10 ешкі, 1 баспақтан беріп, қораларын малға толтырды. Азық-түлік пен киім-кешек сатып алуға да осы ұйымшыл жұрт жұмылып, қолдау көрсетті. Сондай-ақ мал азығы, отынмен де қамтамасыз етті.

Баспаналы болып көңілдері бірленген отбасы мүшелері ауыл тұрғындарына шексіз риза.

Қандыағаштан көшіп келдік. Ауыл тұрғындарына көп рақмет, балаларымызға мектеп формасын алып берді. Азық-түлікпен де қамтамасыз етіп жатыр,  — дейді Шайзада Дүңбаева.

Ал Наурызбек Сақтағанов Алға ауданына қарасты Маржанбұлақ ауылында 8 жыл пәтер жалдап тұрыпты. Ауыл тұрғындарының қолдау көрсеткеніне дән риза Наурызбек алдағы уақытта мал басын көбейтуді жоспарлап отыр.

Қарашада таратылған хабар бойынша ауылға көшіп келген бұл отбасылардың  ендігі тілегі — жұмысқа орналасу.

2 отбасы жұмыспен қамту орталығына тіркеліп, атаулы әлеуметтік көмек алуға құжаттарын тапсырды. Қалғандарының құжаттары рәсімделіп жатыр. Оларға кәсіпкерлікпен айналысуға кеңес берілуде, — дейді Байғанин ауданы Қарауылкелді ауылдық округінің әкімі Жұмабек Абитов.

Қосарал — аудан орталығы Қарауылкелдіден 20 шақырым қашықтықта орналасқан шағын ауыл. Мұнда 55 түтін бар. Ауылда 32 шаруа қожалығы тіркелген. 1 мектеп, 2 кәсіпкерлік дүкені мен  такси қызметі жұмыс жасайды.

 P.S.

Бес отбасыны бірдей қамқорлығына алған қосаралдықтардың бұл қайырымды ісі —  көпке үлгі.

Рита ХАЛЫҚҚЫЗЫ,

Байғанин ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button