Жаңалықтар

Ақтөбеде  Ауған соғысының 982 ардагері тұрады

Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына биыл — 32 жыл. Осыған орай

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті тарих факультетінің ғимаратындағы  Ауған соғысы ардагерлерінің құрметіне арналған оқу кабинетінде салтанатты жиын өтті.

Аталған шараға облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағамбет пен Ақтөбе қаласы әкімі Асхат Шахаров қатысып, тыныштық пен бейбітшілік орнату жолындағы еңбегі үшін  интернационалист жауынгерлерге жылы лебіздерін білдірді.

Алдымен сөз алған Мейрамбек Шермағамбет Ауған соғысы кезінде нағыз қайсарлық пен қаһармандықтың, отансүйгіштіктің жоғары үлгісін көрсеткені үшін алғыс айтып, 30 жылдық тарихы бар тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуы жолында өз үлесін қосып жүрген ардагерлерге облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің Алғыс хатын табыстады.  10 интернационалист «Шипагер» шипажайына сауықтыруға жолдама алса, 50 азаматқа 30 мың теңгенің сертификаты берілді. Бірқатар ардагер қала әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Қоғамда тыныштық пен бейбітшілік орнату жолындағы еңбегі еленіп, облыс әкімінің Алғысын алған ардагерлердің бірі — шалқарлық Пірімжар Төлеген. Қанды майданға 18 жасында аттанған жауынгер Ауғанстанның Кабул қаласында болған.

Қатардағы жауынгерлердің ерен еңбегі мен оққа ұшқан сәтін көзі көрген ардагердің бір ғана тілегі бар. Ол — енді соғыс болмасын!

Айта кетейік, 1989 жылдың 15 ақпаны — Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылуының ресми күні. Ауған соғысының 10 жылында 1742 ақтөбелік интернационалдық борышын өтеп, оның 26-сы қаза тауып, 1-уі хабарсыз кеткен. 70-тен астам жауынгер жарақат алды.

Бүгінгі таңда облыста 982 интернационал жауынгер тұрады, оның 82-і әртүрлі топтағы мүгедектер қатарында.

Жергілікті атқарушы органдардың шешімдеріне сәйкес, жыл сайын Ауған соғысының қатысушыларына мереке қарсаңында 100 мың теңге мөлшерінде біржолғы төлем жасалады. Мүгедектер күніне орай мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, ардагерлерге 30 мың теңгеден  40 мың теңгеге дейін біржолғы төлем төленеді.

Жылыту маусымы кезеңінде коммуналдық қызметтер үшін 10 мың теңге көлемінде төлемдер жүзеге асырылады. Қайтыс болған (басқа некеге тұрмаған) «ауғандықтардың» әйелдеріне (күйеуілеріне) төленетін әлеуметтік төлемдер көлемі 50 мың теңгеден 100 мың теңгеге көбейді. Бұл төлем 2021 жылдың 9 мамырына қарсы төленеді.

1988 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін 1200-ден астам «ауғандық» жауынгер тұрғын үймен қамтамасыз етілді. 2005 жылдан 2017 жылға дейінгі кезеңде 40-қа жуық тұрғын үй салу үшін жер учаскесін алған.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button