Жаңалықтар

Қоғамдық көлік жүргізушілерінің наразылығы: мәселе бақылауда

Кеше Ақтөбе қаласында жолаушылар тасымалымен айналысатын ірі кәсіпорындардың бірі — «ПАТП» ЖШС-ның көлік жүргізушілері таңертең жұмысқа шықпай, еңбекақыларының аздығына байланысты наразылықтарын білдірді. Осылайша таңертеңгі 8.00-ден 9.30-ға дейін қала ішіне және қала аумағына қатынайтын 20-ға жуық автобус уақытша жұмысын тоқтатты.

Наразылық білдірген жүргізушілер «ПАТП» ЖШС-ның басшылығы мен Ақтөбе қаласының әкімдігіне өз талаптарын қойды. Қоғамдық көлік жүргізушілерінің шағымдарын тыңдаған қала әкімі Асхат Шахаров бұл мәселені шешуге қолдау білдіретінін айтты. Түсіндіру жұмыстары жүргізілгеннен кейін жүргізушілер жұмыстарын жалғастырды. Қазіргі уақытта бұл мәселе шешіліп жатыр.

Қала әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, бүгінгі таңда «ПАТП» ЖШС 19 тұрақты маршрутқа қызмет көрсетеді. Оның ішінде 5-еуі — қала маңындағы, 12-сі — қала ішіндегі орталық маршруттар. Күн сайын орташа және үлкен сыйымдылықтағы 85-87 автобус жолаушыларға қызмет етеді.

2016 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін кәсіпорын қызметі субсидияланбайды. Электрондық билеттеудің жоқтығынан субсидия төлеуге заңды негіз болған жоқ. Маршрутқа үздіксіз қызмет көрсетуді қамтамасыз ету бойынша барлық шығындарды серіктестік жолаушылар ағыны есебінен өтеп келді.

16 наурызда Қазақстан Республикасында коронавирус инфекциясының жаппай таралуының алдын алу мақсатында төтенше жағдай және шектеу шаралары жариялануына байланысты 31 наурыздан бастап жолаушылар ағыны күрт қысқарған. Қазіргі уақытта субсидиялау жөніндегі құжаттар облыстық мәслихатқа берілген. Облыстық мәслихаттың ақпан айында өтетін сессиясында 29 маршрутты әлеуметтік маңызы бар маршруттар деп тану мәселесі қаралатын болады. Осы маршруттар әлеуметтік маңызды деп танылған соң тасымалдаушы компанияларды  субсидиялау үшін 3 жылға арналған бюджеттік жоспар жасалады. Субсидиялау және электрондық билеттеу енгізілгеннен кейін жүргізушілер мен кондукторлардың жалақысы артады. Субсидия алу үшін тасымалдаушылар бірқатар шарттарды орындауға міндетті:

1) автобустардың құрамын жаңарту;

2) маршруттардағы автобустар санын көбейту;

3) автобустар кестесін сақтау және желідегі автобустардың уақыт аралығын интервалды азайту;

4) жүргізушілер мен кондукторлардың еңбек жағдайларын жақсарту және жалақысын арттыру.

Ақтөбе қаласы әкімдігі тарапынан қазіргі уақытта төмендегідей шаралар қабылданды:

1.«ПАТП» ЖШС жүргізушілерге міндеттелетін күнделікті кіріс жоспарын төмендетеді;

  1. Барлық әлеуметтік төлемдерді қоса есептеп, еңбекақы бойынша қарыз толық төленді;
  2. Компанияның кейбір ағымдық берешектері өтеледі.

Қорыта айтқанда, бүгінгі күні жағдай реттеліп, мәселе Ақтөбе қаласы әкімінің ерекше бақылауында. Автобустар маршруттық желілерге шығып, штаттық режимде қызмет көрсетуде. Қала әкімі қабылданған шешімдерді «ПАТП» ЖШС-ның жүргізушілері арасынан шыққан бастамашыл топқа түсіндірді.

 Өз тілшіміз.

Басқа жаңалықтар

Back to top button