Жаңалықтар

Ұрланған мал — 1000, шығын — 148 миллион

Брифинг

Облыста мал ұрлығы әлі де тыйылмай отыр. Бұл туралы облыстық полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының бастығы Серік Шалхаров мал ұрлығына қатысты арнайы өткізілген брифингте айтты.

Өткен жылы Ақтөбе облысының аумағында мал ұрлығының 155 фактісі тіркелген. Барлығы 1000-нан аса мал қолды болып, оның 378-і табылып, иелеріне қайтарылды.

Мал ұрлап, оңай олжаға кенелем деген 125 қылмыскердің жолы кесілді.  Келтірілген шығын 148 миллион теңгеден асады.

— Қылмыстың осы түрін жасауға ықпал ететін негізгі себеп — әркімнің өз малына ие болмауы. Малды еркін жіберіп, қараусыз қалдырады. Бақташысыз мал қашанда ұрының жетегінде кетеді.

Облыс аумағында мал ұрлануының алдын алу мақсатында иесіз малға арналған 97 қора ұйымдастырылған. Ауыл маңында жүрген түліктің қай түрі болса да уақытша қамалады. Құлағындағы сырғасының нөмірлері арқылы иесі анықталады. Алайда бұл қораларды пайдалану іс жүзінде жүзеге асырылмайды.  Айта кету керек, малы жоғалған адамдар қай уақытта ұрланғанын білмейді. Өйткені ұдайы бақыламайды. Мысалы, бізге бір айдан соң ғана хабарласады. Бұл қылмысты ашу процесін қиындатады, — деді облыстық полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының бастығы С. Шалхаров.

Мал ұрлығы мен жоғалуына жол бермеу үшін полиция департаменті жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, ауыл тұрғындарымен тұрақты түрде жиындар өткізді. Онда ұжымдық жаюды ұйымдастыру, қораларды  қымтау, сондай-ақ уақтылы белгілеу және таңбалау мәселелері қаралды.

Бұл жұмыстардың нәтижесінде 51 шаруа қожалығы 68 GPS трекер сатып алды.

 Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button