Жаңалықтар

Жол құрылысы мен  күтімі: бұзушылықтар анықталды, айыппұл салынды

«Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» Ақтөбе филиалының өткен жылғы жұмысы қорытындыланды. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте  филиал басшысы Тельман Малаев қысқы жол күтімін бақылау және жол сапасына қатысты атқарылған жұмыстардың жайын баяндады.

Былтыр «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» облыстық филиалы республикалық, облыстық маңыздағы жолдар мен елді мекендердегі жол құрылысы жұмыстарының сапасын бақылап, сараптама жүргізу мақсатында жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп 59 келісімшарт жасасқан. Бұл — аймақтағы 154 автокөлік учаскесі мен көшелерді қамтиды.

Есепті мерзім ішінде республикалық маңызы бар жолдардағы құрылыс жұмыстары мен материалдардың сапасына сараптама жасалды. Республикалық телім саны — 26, жолға шығу саны — 565, анықтама бұзушылық — 336, оның ішінде өрескел бұзушылық — 149. Жол құрылысы материалдарының саны — 891, оның нормативтік құжаттарға сәйкес келмейтіні — 58. Осының нәтижесінде 146 миллион теңгеге жұмыстарды қайта салу ұсынылды. Оның ішінде жол негізі — 6800 шаршы метр, асфальт бетон жабындысы — 36400 шаршы метр, инертті материалдар — 7 мың тонна, — деді Т.Малаев.

Облыс аумағындағы республикалық маңыздағы автомобиль жолдарына «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы» облыстық филиалы күтім жасайды. Бүгінгі таңда «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» облыстық филиалының мамандары 20 рет жолға шығып, нәтижесінде 46 өрескел бұзушылықты  анықтапты. Бүгінгі күні жол бойындағы 40 ақауға  байланысты жұмыстар уақтылы жасалған. Ал қалған заңбұзушылықтарды қалпына келтіру үшін аталған мекеме бұл іспен айналысып жатыр. Т.Малаевтың айтуынша, бүгінгі күні жол бойында жоғарыға көтерілу, төменге түсу учаскелерінде құмды, тұзды қоспаны шашпаудың салдарынан көлік қозғалыстарына кедергі келтіріліп тұр.

Белгілі болғандай, жауапсыз атқарылған жұмыстарға байланысты 10 хаттама толтырылыпты. Салғырттық танытқан тапсырыс берушіге, мердігер мекемеге, техникалық қадағалаушы мен жоба авторына шамамен 1,5 миллион теңге көлемінде айыппұл салынып, аттестациядан өткен құжаттары жарты жылға тоқтатылған.

Сондай-ақ есепті мерзімде Ақтөбе қаласы мен аудан көлемінде салынған жолдардың сапасы да қатаң бақыланыпты. Жыл бойы жөндеу жүргізілген жолдарға қатысты мамандар 1117 тексеру жүргізген. Нәтижесінде жобалық-сметалық құжат, өзге де нормативтік акті талаптарына қатысты 447 кемшілік анықталған. Жол құрылысы материалдарынан алынған 2898 сынаманың 417-сі немесе 14,4 пайызы талапқа сай келмеген.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button