Жаңалықтар

«Мейірімде» бизнес-тренинг өткізілді

Облыстық кәсіпкерлер палатасының мамандары Ақтөбедегі әлеуметтік бейімдеу орталығының тәрбиеленушілеріне бизнестің қыр-сырын үйретеді.  

Қолында арнайы сертификаты бар бизнес-тренерлер — Гүлнар Сейтжаппарова мен Сәкен Құбайдуллиндер «Атамекен» палатасының  қолдауымен, «Мейірім» әлеуметтік бейімдеу орталығы басшылығының бастамасымен іске кірісті. Тренинг екі тілде жүргізілді. Бірінші топқа кәсіпкерлік және бизнес-жоспарлау негіздері бойынша 10 тыңдаушы қатысты. Бизнес-тренерлердің айтуынша, мұндай тренингтерге қатысу жастарға идеяны жинақтаудан бастап, стартапты іске қосуға дейінгі бизнесті құрудағы барлық нақты қадамдардан өтуге мүмкіндік береді.

Бүгінгі күні көптеген жас өз ісін ұйымдастыруға дайын. Бірі жиһаз жасаумен айналысқысы келсе, енді бірі мейрамхана немесе сұлулық салонын ашуды  жоспарлайды. Біз тренингтер циклін өткізіп қана қоймай, сондай-ақ олардың бизнес-жоспарларын қарауға, жастардың бизнес бастамаларын дамытудың қолданыстағы мемлекеттік бағдарламалары шеңберінде сүйемелдеуге дайынбыз. Балалар үшін бұл тақырып күрделі болып көрінуі мүмкін. Дегенмен болашақ кәсіпкерлердің бойындағы жауапкершілікті қалыптастырады. Қатысушылардың ақпаратты тез ұғынуы үшін біз зерттеу жұмыстарын салыстырдық. Талқылау барысында креативті идеядан бизнесті ұйымдастырудың нақты қадамдық тәжіребеге қалай өту керектігі туралы мысалдар келтірілді, —  деді Гүлнар Сейітжаппарова.

Тренингте барлық қатысушыларға үй тапсырмаларына арналған оқулық-құралдар мен дәптерлер таратылды.

Жыл бойы сабақтардың толық курсын өткіземіз. Біз әрдайым жастарды қызықтыратын сұрақтарға жауап беруге дайынбыз. Болашақта өндірістік кәсіпорындарға экскурсия жүргізуді қарастырып, табысты бизнесмендермен кездесулер де ұйымдастыру жоспарда бар, — деді Сәкен Құбайдуллин.

«Мейірім» әлеуметтік орталығы тәрбиеленушілерін оқыту барысында оларға қор биржасындағы сауда-саттықты сұрыптау, қаржы табу және  өз бизнесін қалай жүргізу жайы үйретіледі.  Бизнес-тренерлердің айтуынша, мұндай тренингтер кәсіпкерлік саласының негізгі ұғымдары мен заңдарын зерделеуге, білім алушыларда бизнес-ойлауды қалыптастыруға, белсенді өмірлік ұстанымды таңдау, қазіргі заманғы жағдайларда дербес өмір сүру үшін дағдыларды жасауға бағытталатын болады.

Бүгінде «Мейірім» әлеуметтік бейімдеу орталығында 83 тәрбиеленуші бар. Жыл бойы олардың барлығын бизнес-тренерлер оқытатын болады.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button