Басты жаңалықтар

Жол картасы жобасы талқыланды

Nur Otan партиясының облыстық филиалы төрағасы, облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен партияның облыстық мәслихаттағы фракциясы отырысы өтті. Шара барысында партияның «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» атты облыс бойынша сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру негізінде жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп әзірленген Жол картасы нақтыланды.  

Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасында көтерілген мәселелер шешімін табуға тиіс, біз халықтың артқан сенімін ақтауымыз керек. Былтыр 17 қазанда облыстық филиалдың кезектен тыс ХХХ онлайн конференциясында партия филиалының сайлауалды бағдарламасы қабылданған болатын. Бағдарламаны орындау жөнінде алдағы бес жылдыққа арналған Жол картасы жасалды. Жол картасының ерекшелігі сол — мұнда облыс, қала және аудан деңгейіндегі елді алаңдатқан мәселелер түгел електен өткізілді. Алдағы бес жылда өңірді дамытудың тың жоспары осы құжатта толық жазылған. Жол картасы — партияның ең маңызды құжаттарының бірі, сондықтан алдағы жұмыс барысында осы құжатты басшылыққа алуымыз керек. Бұл — барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының міндеті. Партиямыздың негізін қалаушы Нұрсұлтан Назарбаев халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған барлық жоспарды орындауды тапсырды. Сондықтан біз алдымызға қойылған мақсат-міндеттерді орындап, халықтың сенімін ақтауымыз қажет, —  деді Оңдасын Оразалин.

Nur Otan партиясының Ақтөбе облысы бойынша сайлауалды бағдарламасы халықпен, оның ішінде шалғай елді мекендер тұрғындарымен жан-жақты талқылау нәтижесінде қалыптасқан-ды. Тек праймериз барысында ғана тұрғындардан 1,1 мыңнан астам ұсыныс жиналған. Оған қоса  үгіт-насихат кездесулері кезеңінде түскен қосымша өтініш-тілектер, ұсыныстардың 82%-дан астамы аймақтық сайлауалды бағдарламаларды бекіту кезінде ескерілді.

Партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, фракция жетекшісі Ербол Данағұлов саяси ұйымның облыс бойынша сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған Жол картасының жобасы туралы мағлұмат берді.

— Осы шара басталмас бұрын партияның аудандардағы филиалдары төрағаларымен онлайн бейнеконференция өткізіп, сайлауалды бағдарламаларды сапалы әрі мерзімінде орындау туралы тапсырмалар берілді. Электоралды жұмыстар жақсы жүргізілді деуге болады, оған дәлел — сайлау барысында халықтың бізге артқан сенімі. Сайлауалды бағдарламаларымызды жүзеге асыру үшін еліміздің, өңіріміздің әлеуметтік дамуын ілгерілетуге және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған нақты жоспарларымызды ашық  түрде қарауға ұсындық. Облыстық Жол картасы 165 пункттен құралып, фракцияның барлық 26 мүшесіне орындалуын ұйымдастыру бекітілді. Бұл құжатта облыста жүзеге асырылатын ірі жобалар бар, —  деді Е.Данағұлов.

Мәселен, алдағы бес жылда облыста «AltynEx Company» тау-кен металлургиялық комбинаты, «Ақтөбе цемент» цемент өндіру зауыты, Қарғалы ауданында 48 мВт жел электр станциясы (екінші кезек), Мәртөк ауданында 2,8 мың бас ірі қара малын өсіруге арналған сүтті-тауарлы фермалар, облыс орталығында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт кешені салынады.

— Сонымен бірге жаңа жұмыс орындарын ашу, тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету, ауылдарды сумен жабдықтау нысандарын салу, медициналық нысандар құрылысын жүргізу, мектептерді күрделі жөндеуден өткізу, кәсіпкерлерді қаржылай қолдау, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы бірнеше жоба бар, — деді Е.Данағұлов.

Жалпы, облыс, қала және 12 ауданның Жол картасына 96 іс-шара енгізіліп, 70 нысаналы индикатор белгіленген. Жол картасының негізгі бағыттары: экономикалық тұрақты аймақ, жайлы аймақ, әлеуметтік қызметке бағдарланған аймақ; жастарға арналған аймақ, аймақтың тарихы мен мәдениетін дамыту, ашық және есеп беретін жергілікті органдар.

— Осы негізгі бағыттарда жұмыс жүйелі жүргізілуге тиіс. Елбасы тапсырмасына сәйкес азаматтардың өтініштерін сапалы қарауды жетілдіре түсу қажет. Биыл белсенді ақпараттық-идеологиялық жұмыстарды жалғастыра отырып, медиа-кеңістікке ашық, айқын болуымыз керек. Қазір бізде 211 бастауыш партия ұйымы, 32119 партия мүшесі бар. Партияның Астана, Алматы ауданы филиалдарын ашу да жоспарланып отыр, — деді Е.Данағұлов.   

Нұротандық депутаттар талқылау барысында өз ұсыныстары мен тілектерін ортаға салды.

— Біз шалғай ауылдарға дейін барып, халықтың ұсыныс-тілектерін естіп қайттық. Соның барлығы сайлауалды бағдарламада қамтылды. Осы бағдарламаны жүзеге асырудың Жол картасын жасауда халықтың ұсыныс-тілектері ескерілді. Мәселен, аталған құжатта қоршаған ортаға қауіпті мұнай қалдықтарын қайта өңдейтін «ЭкоТехПрогресс» зауытын, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт кешенін салу жоспарланған. Бұл — халық тілегі ескерілгенінің бір мысалы, —  деді фракция мүшесі Евгений Лазарчук.

Аймақ басшысы О.Оразалин өңірдің дамуы мен халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған  мақсат-міндеттердің сапалы орындалуы ортақ іс екенін, әрбір жоспарланған жобаның дер кезінде әрі тиісті деңгейде жүзеге асырылуға тиіс екендігін айтты.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button