Басты жаңалықтарӘкімдер есебі

Оңдасын ОРАЗАЛИН: Ел-халықтың береке-бірлігінің арқасында сын сағаттан сүрінбей өттік

Кеше облыс әкімі Оңдасын Оразалин облыстың өткен  жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы және 2021 жылға арналған міндеттер туралы есеп берді. Аймақ басшысының тұрғындар алдындағы қорытынды есепті кездесуі санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай онлайн режимінде өтті. Жиын «Aktobe» телеарнасынан, сондай-ақ облыс әкімдігінің инстаграм, фейсбук әлеуметтік желілерінен тікелей көрсетілді.  Кездесуге Қазақстан Республикасы Президентінің мемлекеттік инспекторы Дильрух Шарипов қатысты.

Басты бағыттан жаңылған жоқпыз

Өздеріңізге мәлім, жыл басында барлық деңгейдегі әкімдер халық алдында есеп береді. Жергілікті атқарушы орган басшыларының қаңтар айынан басталған есептерінің облыс бойынша қорытындысын жасап жатырмыз. Бірақ былтырғыдай көпшілікті жинап, үлкен залдарда жиын өткізуге санитарлық-эпидемиологиялық жағдайларға байланысты тыйым салынғасын, өзіміздің есепті кездесулерімізді онлайн форматта жүргізуге мәжбүр болдық. Дей тұрғанмен, есепті мерзім ішінде атқарылған істерді бірге атқарған азаматтармен, яғни өзімнің әріптестеріммен сіздердің алдарыңызға шығып отырмын, — деп есепті баяндамасын бастаған облыс әкімі Оңдасын Оразалин өз сөзінде пандемияның өңір экономикасына тигізген әсерін атап өтті.

Ол жыл бойы күш-жігердің кенеттен келген індеттің алдын алу және онымен күреске жұмсалғанын ерекше айтты. «Өздеріңіз жақсы білесіздер, көптеген жоспарымызды кейінге шегеруге тура келді. Пандемия туғызған бірқатар шектеулер мен тыйымдар экономикамызға да кері әсерін тигізді. Әлемдік нарықта мұнайдың, түсті металдардың бағасы төмендеп кетті. Ірі компаниялар ғана емес, олардың айналасында қызмет көрсетіп жүрген шағын мекемелер мен жеке кәсіпкерліктер де зардап шекті. Көптеген мекемелеріміз жұмыстарын тоқтатуға мәжбүр болды. Өкінішке қарай, бюджетіміздің де кіріс бөлігі жыл басында жоспарлаған межеден кем шықты. Соған қарамастан, басты бағыттан жаңылған жоқпыз. Ертеңгі күні маңызды болатын мәселелерді де ұмытпадық», — деді өңір басшысы.

Облыс әкімі онлайн кездесуде тұрғындарға былтыр жыл бойы атқарылған жұмыстардың, күнделікті болған оқиғалардың жергілікті телеарнадан көрсетіліп, әлеуметтік желілер мен газет беттерінде, жеке парақшасында  жарияланып отырғанын айтты. «Өткен жылдың әлеуметтік-экономикалық даму барысы туралы мәліметтерді алдын ала өзіміздің «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінде жарияладық. Сол тезистерде барлық жағдай егжей-тегжейлі толық қамтылған. Тиісті сандар мен пайыздар келтірілген. Жеткен жетістіктердің барлығы да сонда көрсетілген», — деп Оңдасын Оразалин  маңызды мәселелерге айрықша тоқталып өтті.

Биылғы меже: 800 миллиард теңге инвестиция тарту

Облыс әкімі есепті мерзім ішінде экономиканың күрт төмендеуіне жол бермейтін және​ оны кейін қалпына келтіруге бағытталған шаралар қабылданғанын айтты. Соның нәтижесінде жыл соңына қарай жағдайды тұрақтандыруға мүмкіндік туған. — Негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша оң динамика байқалады. Өңірдегі өнеркәсіптік кәсіпорындары 1,8 триллион теңгеге өнім өндіріп, өңдеуші сектор өндірісінің көлемі 103,9 пайызға дейін өсті, — деді О.Оразалин.

Басым бағыттардың бірі — инвестиция тарту. Аймақ басшысының айтуынша, былтыр өңірге 646,8 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылған. Нәтижесінде  23 ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыру және 1200-ден астам жұмыс орны құрылды.

«Биылғы жылғы жоспарымызда  одан да көбірек инвестиция тарту, шамамен 800 миллиард теңгеден асу межесін көздеп отырмыз», — деді аймақ басшысы.

Бұл өз кезегінде мұнай қалдықтарын қайта өңдейтін зауыт, диализатор шығаратын кәсіпорын, мобильді бұрғылау қондырғылары мен  басқа да құрылыстар жоспарлануда. Аталған жобалардың тек экономикалық жағынан ғана емес, экологиялық және әлеуметтік жағынан да маңызы ерекше.  Облыс әкімінің айтуынша, егер «ЭкоТехПрогресс» ЖШС-ның «Мұнай қалдықтарын қайта өңдейтін зауыттың құрылысы» жобасы жүзеге асырылса, жылына 500 мың тоннаға дейін мұнай қалдығын кәдеге жаратуға және өңдеуге мүмкіндік береді. «Global Service Company XXI» ЖШС-ның диализатор шығару бойынша жобасы ТМД елдерінің аумағында баламасы жоқ медицина өнеркәсібі саласындағы мүлдем жаңа кәсіпорынның құрылуына ықпал етпек.

Бүгінгі таңда инвестиция ағынын көбейту мақсатында «GOSB» түрік инвесторымен бірге индустриалды аймақ жасау жұмыстары жүргізілуде. Ірі жобаны жүзеге асыру жақын жылдары қосымша​ 500 млрд теңгеден астам инвестиция тартуға, кемінде 15 мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

«Қарапайым заттар экономикасы»: Ақтөбе алғашқы бестікте тұр

Облыс әкімі есепті баяндамасында шағын және орта бизнес саласында да оң нәтижелерге қол жеткізілгенін атап өтті. «Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасына орай, «Бизнестің жол картасы», «Қарапайым заттар экономикасы», «Ауыл — ел бесігі»  сияқты бағдарламалардың әлеуетін пайдалану зор көмек болды. Сонымен қатар қолжетімді жеңілдетілген несиелердің, гранттардың да едәуір әсері болғанын айта кету керек», — деді О.Оразалин.

Бүгінгі таңда жұмыс жасап тұрған субъектілер саны 61,8 мың бірлікке жеткен. Қазір 154,7 мың адам кәсіпкерлікпен айналысып отыр, 782,5 млрд теңгеге өнім өндірілген.

Есепті кезеңде «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы аясында 600 шағын және орта бизнес субъектісі мемлекеттік қолдау алған. «Еңбек» бағдарламасы бойынша 4,7 млрд теңгеге 953​ жоба мақұлданған. Ақтөбе облысы «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша мақұлданған жобалардың саны жағынан республикада көш басында тұрған бестіктердің қатарында. Былтыр 38,9 млрд теңгеге 122 жоба мақұлданыпты.

Сондай-ақ облыс әкімі өз сөзінде облыста туризим саласында атқарылып жатқан шаруаларға да тоқталды. Облыстың туристік нысандарын ілгерілету мақсатында былтыр жергілікті туроператорлармен бірлесіп, өңірдің туристік бағыттарын өзектендіру бойынша бірқатар жұмыстар жүргізілген. «Біз туризмге ерекше мән беріп отырмыз. Себебі келешекте жаңа жұмыс орындарын ашып, инвестиция тартуға, жаңа технологияларды енгізуге осы саланың ерекше орны бар», — деді аймақ басшысы.

Жергілікті өнімдерді экспорттау — басты мақсат

Ауыл шаруашылығы саласы — облыс дамуының басты драйверлерінің бірі. Облыс әкімінің айтуынша, Ақтөбе облысы  жалпы республика көлемінде индустриялық дамыған өңір саналады. Оның ішінде, ауыл шаруашылығы саласын  дамытудың нәтижесінде аймақтың әлеуеті, сондай-ақ қиын кезеңдерде өзін-өзі жергілікті өніммен қамту деңгейі едәуір артқан.

Өңірге келіп, қызмет бастаған кезде, өздеріңізбен ой бөліскен едім. Сондағы мақсатым — «Қаланы жанға, даланы малға толтыру» деп айтқан болатынмын. Салыстырмалы түрде алсақ, малдың саны отыз жыл бұрынғы жағдайға қарағанда,  қазір едәуір өсім байқалады. Ірі қара, жылқы, түйе малын алып қарасақ та, өсім бар. Біз қойдың санын көбейтуіміз керек. Былтыр біз ынталандыру мақсатында субсидия бөліп, жергілікті жерлерде ауыл шаруашылығымен айналысып жатқан кәсіпкерлерге қолдау көрсеттік. Соның нәтижесінде және кәсіпкерлердің еңбегінің арқасында мал басы артты. Бұл бағытта жұмыс жалғасын табады. Себебі өңірдегі халық саны едәуір өсті. Облыс орталығы — Ақтөбе қаласы тұрғындарының саны жарты миллиондық межеден асты. Енді  осы халықты күнделікті  қажет ететін азық-түлікпен қамтамасыз ету — даладағы малдың өсіміне, егілген егін, бау-бақша өнімдерінің көлемі мен сапасына тікелей байланысты, — деді облыс әкімі Оңдасын Оразалин.

Облыстың ауыл шаруашылығы өндірушілері мен шаруаларын қолдау аясында былтыр субсидияның бірнеше түріне 20,4 млрд теңге бөлініп, 47,8 млрд теңгеге жеңілдетілген несие беріліпті. Қабылданған шаралардың нәтижесінде ауыл шаруашылығы саласы көрсеткішінің​ 6,7 пайызға өскені байқалады, 324,7 млрд теңгенің өнімі өндірілген.

Сонымен қатар суармалы жерлер алаңын ұлғайту және ауыл шаруашылығына арналған пайдаланылмаған жерлерді қайтып алу жұмыстары жүргізілуде.

Белгілі болғандай, былтыр  10,6 мың гектар суармалы жерді қалпына келтіру жұмыстары басталған. Осылайша суармалы жерлердің жалпы алаңы 40,8 мың гектарға жетіпті.

Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жергілікті тауар өндірушілер мен экспорт әлеуетін көтеру есебінен әлеуметтік-маңызы бар азық-түлік тауарларының он түрі бойынша қосымша қор құрылған. Бұл мақсатқа 300 млн теңге бөлінді. Бүгінде облыс өзін тиісті қоржынға енгізілген 32 азық-түлік тауарының 24 түрімен қамтып отыр.

Облыс әкімі өз сөзінде тек Ақтөбені ғана емес, көршілес облыстың тұрғындарына жергілікті өнімдерді ұсыну, одан әрі алыс-жақын шетелдерге экспорттау қажеттігін де баса айтты.

Оңдасын Оразалин есепті баяндамасында аймақта азық-түлік бағасын тұрақтандыру мәселесіне де тоқталды. Бүгінде облыста «Алаңнан сөреге дейін» қағидаты бойынша «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ тетіктері арқылы аймақтың шаруа қожалықтарының бөлшек сауда нарығына делдалсыз тікелей қол жеткізуі қамтамасыз етілген. Осы  мақсатта «Табыс Агро» 4 сауда павильоны және «Халық сауда» шағын көтерме орталығының 13 сауда орны ашылды. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасатын болады.

Ереуілге шыққан азаматтардың талабын түсінеміз

Есепті кездесу барысында өңір басшысы азаматтардың табысын көтеру, халықтың әл-ауқатын жақсарту мәселесіне баса назар аударды.

Мемлекет басшысының бірқатар инвесторға берген тапсырмасы бар. Соған сай біршама жұмыстар жасалды. Мұнай, кен орындарындағы мекемелеріміз еңбекақы мөлшерін отыз пайызға дейін көтерді.  Дей тұрғанмен, біздің өңірдегі еңбекақы басқалармен салыстырғанда едәуір төмен. Соған байланысты біз жергілікті жердің азаматтарының ереуілге шығып, талап қойғандарын түсінеміз. Біздің мақсатымыз — осындай еңбек қатынастарын реттеп, бейбіт түрде шешу, қай уақытта да халықтың әл-ауқатын арттыру, — деді Оңдасын Оразалин.

Облыс әкімінің айтуынша, есепті кезең ішінде кәсіпорындардың жұмысты тоқтата тұруларына, карантиндік шектеулерге ​ байланысты азаматтардың табыстарының төмендеу қаупі пайда болған. Осы проблеманы шешу мақсатында тиімді шаралар қабылданыпты. Атап айтқанда, төтенше жағдай кезінде 520 мыңға жуық ақтөбелік 20 млрд теңге көлемінде әлеуметтік төлем алды. ​ 900-ден астам кәсіпорын 30 мың қызметкердің еңбекақысын орташа алғанда 10 пайыздан 50 пайызға дейін өсірді. Жалпы, облыс тұрғындарының орташа айлық еңбекақысы 13,4 пайызға өсіп, 173,4 мың теңгеге жеткен. Аймақ басшысының айтуынша, ағымдағы жылы да халықтың табысын арттыру жұмыстары жалғасатын болады. «Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында мәдениет, халықты әлеуметтік қорғау, бастауыш, негізгі және жалпы орта білім беру қызметкерлерінің жалақысы орта есеппен 30 пайызға ұлғайтылады», — деді ол.

Сынаққа сынбаған дәрігерлер 

Өңір басшысы есепті баяндамасында білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт  сияқты бірқатар әлеуметтік салалар бойынша атқарылған жұмыстарға да тоқталып өтті.

Тосыннан келген COVID-19 пандемиясы біздің де дәрігерлерімізге үлкен сынақ болды. Дегенмен біздің  дәрігерлеріміз бұл сынаққа сынбады. Тиісті деңгейде өздерінің біліктіліктерін дәлелдеп, шыңдалып шықты деп айтуға толық моральдық құқығымыз бар. Өйткені осындай қиын кезеңде өз өмірлеріне төнген қауіп-қатерге қарамастан, тиісті деңгейде қажетті ем-дом шараларын жасап, қаншама адамның  өміріне араша тұрды. Уақытпен санаспай, күні-түні жүрді. Жалпы тәжірибелік дәрігерлер мен кіші  мамандар әрбір жүгінген адамға тегін тексеру жүргізіп, кеңес берді. Оның бәріне өздеріңіз куәсіздер, — деген облыс әкімі дәрігерлердің жанкешті еңбегін ерекше атап, ризашылығын білдірді.

Аймақ басшысының айтуынша, өңір тұрғындарының бестен бір бөлігін жастар құрайды. Былтыр облыстағы жастардың әлеуетін жүзеге асыру үшін жастар кәсіпкерлігін қолдауға бағытталған «Өз арманыңа жет!» арнаулы жобасы тұңғыш рет жүзеге асырылды.  Жоба барысында 29 жасқа дейінгі 16 адам 2 миллион теңгеге дейінгі мөлшерде қайтарымсыз қаржылай грантқа ие болды.

Есепті кездесуде аймақтағы еріктілер еңбегі де ерекше айтылды.

Ауылдарды газдандыру: 5 ірі жоба жүзеге асырылады

Кездесуде  жолаушылар тасымалы, халықты көгілдір отын, орталықтандырылған ауызсумен қамту, инфрақұрылым тарту бағытында атқарылған жұмыстар да сөз болды.

Қазір облыс әкімдігінің алдында халықты сапалы ауызсумен 100 пайыз  қамтамасыз ету міндеті тұр. Осы мақсатта өткен жылы орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету бойынша 12 жоба іске асырылып, нәтижесінде халықты қамтамасыз ету көрсеткіші 96,2 пайызға дейін өскен.

Газбен қамтамасыз ету — облыс тұрғындары үшін маңызды мәселелердің бірі. Өткен жылы осы салада атқарылған жұмыстарды өздеріңіз жақсы білесіздер. Шалғай жатқан біршама ауылымызға көгілдір отынды жеткіздік. Биыл да жоспарымызда тұрған елді мекендер бар. Бұл орайда республика көлемінде де қаражат қарастырылып отыр. Соның бірі әрі бірегейі — Мұғалжар ауданындағы Жұрын, Орқаш бағытына да газ тартылады. Қазір бұл жұмыстар басталды. Сол сияқты шекарада орналасқан Қарғалы ауданындағы Әлімбет пен Ащысай ауылдарына газ тарту мәселесі шешілді. Сонымен қатар Әйтеке би ауданындағы Құмқұдық ауылына газ құбырын жеткізу мәселесі өз шешімін тапты. Осының арқасында бұл өңірдегі көптеген шалғайдағы ауылдарға көгілдір отын жеткізудің мүмкіндігі туды, — деді Оңдасын Оразалин.

Оңдасын Оразалиннің айтуынша, Ақтөбе қаласында су тапшылығын болдырмау жұмыстары жалғасуда.  Електің бас тоғанын кеңейту жұмыстары жүргізіліп, Құндақтықырдың бас тоғанын қалпына келтіру жұмыстары  басталған. Биыл Сарыбұлақ және Моисеев кен орындарындағы жерасты суларын іздеу-барлау жұмыстарын аяқтау жоспарланып отыр. «Аталған жобаларды іске асыру Ақтөбе қаласына тәулігіне 126,5 мың текше метр суды қосымша жеткізуге және облыс орталығын тағы 40 жыл бойы тұрақты сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ағымдағы  жылы 5,8 мың адам тұратын тағы он ауыл сумен қамтамасыз етілмек. Жалпы, халықты сумен қамту 96,9 пайызға дейін өсетін болады», — деді облыс әкімі.

Белгілі болғандай, былтыр 13 ауылдың тұрғыны көгілдір отынға қол жеткізсе, биыл тағы сегіз ауылға газ келеді. Сондай-ақ ауылдарға құбыр желілерін тарту үшін құны шамамен 10 млрд теңге болатын бес жаңа жобаны жүзеге асыру жұмыстары басталған.

Биыл 1,1 миллион шаршы метр тұрғын үй салынады

Өңір басшысы ​ автомобиль жолдарының сапасына қатысты мәселе облыста әлі де өзекті екенін атап өтті.

Былтыр жалпы сомасы 33,2 миллиард теңгеге 606,6 шақырым автокөлік жолы салынып, жөнделді . Оның 223,3 шақырымы облыстық және аудандық деңгейдегі, ал  383,3 шақырымы  елді мекендердегі көшелердің жолдары. Бұл — жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесін 61 пайызға дейін көбейтуге мүмкіндік берді, — деді Оңдасын Оразалин.

Облыс әкімі сондай-ақ қоғамдық және теміржол көліктерінің жұмыстарына да тоқталды.

Онлайн кездесу барысында аймақтың экология, цифрландыру, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері де сөз болды. Сол сияқты тұрғын үй мәселесі,  әсіресе, мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алуға кезекте тұрған тұрғындар үшін мұның ең өзекті проблема екені айтылды.

Облыс әкімінің айтуынша, биыл кезек тәртібімен 891 пәтерді пайдалануға беру және кезекте тұрғандар арасында бөлу жоспарлануда. Бұдан басқа «Бақытты отбасы» бағдарламасы шеңберінде шамамен 300 отбасына жеңілдікпен несие берілмек.

Ағымдағы жылы 1,1 млн шаршы метр тұрғын үй немесе 7,4 мың пәтер енгізу жоспарланған.

Есепті кездесуін қорытындылаған сөзінде облыс әкімі Оңдасын Оразалин қысқа мерзім ішінде атқарылған жұмыстардың бәрін сипаттап көрсету мүмкін емес екенін айтып: «Бізге сын сағатта ешкім сырттан келіп көмек көрсеткен жоқ. Жәрдем берген де жоқ. Біз де ешкімге жалтақтамадық. Ел-халықтың береке-бірлігінің арқасында бұл сыннан да сүрінбей өттік. Өткен жылды абыроймен аяқтадық», — деді. Сондай-ақ ол биыл ел тәуелсіздігінің 30 жылдығын тілге тиек етіп: «Біздің басты байлығымыз да, барымыз да, нарымыз да осы — Тәуелсіздік. Біз үшін тәуелсіздіктен қымбат ешнәрсе жоқ. Жер бетінде қаншама ұлт бар. Бірақ олардың бәріне бірдей өз мемлекетін құру бақыты бұйырмаған. Сондықтан барымызды бағалау, ел іргесіне мықты болу — азаматтығымызға сын. Тәуелсіздік бізге оңай жолмен келген жоқ. Ал, тәуелсіздікті сақтап тұру одан да қиын», — деп ол әрқайсысымыздың осы жолда жанкештілікпен еңбектенуіміз қажет екенін айтты.

Арайлым НҰРБАЕВА.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button