Жаңалықтар

Әскерге шақыру науқаны басталады

Брифинг

Өңірлік коммуникациялар қызметі орталығында азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру тәртібі туралы брифинг өтті.

Жиынға облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент басшысының орынбасары Әділет Отарбаев, Ақтөбе қаласы Астана және Алматы аудандарының қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген басқармасының басшысы Ардақ Құмаров қатысып, тікелей эфир арқылы тұрғындардың қойған сауалдарына жауап берді.

— Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әскери қызметтің белгіленген мерзімін өткерген мерзімді әскери қызметтегі әскери қызметшілерді запасқа шығару және азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру туралы Жарлыққа қол қойды. Қазіргі таңда қорғаныс істері жөніндегі департамент тарапынан дайындық жұмыстары басталды.

Мерзімді әскери қызметке шақырудағы негізгі мақсат — Қарулы Күштер және өзге де әскери құрылымдарды жас, денсаулығы мығым, психологиялық тұрғыда дайын сарбаздармен толықтыру.  

Облыста қаңтар айынан бастап жыл сайынғы үрдіс бойынша әскери есепке алу жұмыстары жүргізіліп жатыр.  Биыл 2004 жылы туған жасөспірімдерді тіркеу жұмыстары басталды. Қазір таңда Ақтөбе қаласында және облыс аудандарында 3 мыңнан астам азамат тіркелді. Әскерге шақыру науқаны көктем және күз мезгілдерінде өткізілетіні белгілі. Жыл сайын облыстан 2 мыңға жуық сарбаз Ұлттық қауіпсіздік комитетіне, шекара қызметіне және Ұлттық ұланға әскери борышын өтеуге аттанады. Келісімшарт бойынша 30 жасқа дейін әскери қызметке, 32 жасқа дейін офицерлік немесе аға сержант лауазымдарына тағайындалуға мүмкіндік бар, — деді Әділет Отарбаев өз сөзінде.

Биыл 1 наурыздан бастап көктемгі әскерге шақыру жұмыстары басталады.

 Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button