Басты жаңалықтарДенсаулық

Вакцинациялау қалай жүріп жатыр?

1 ақпаннан бастап облыста 585 медицина қызметкері Ресейде шығарылған «Спутник V» вакцинасын алды. Айдың ортасына дейін 1000 адам вакцинацияланады. Екпе бірінші кезекте қауіпті аймақта жұмыс жасайтын мамандарға салынып жатыр. Жалпы вакцина алған қызметкерлерде екпенің жанама әсері қалай білінуде? Екпе алғаннан кейін қалай сақтану керек? Осы және өзге де сұрақтарды мамандарға қойдық.

Вакцинаның жанама әсері білінді ме?

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаровтың айтуынша, вакцинациялау жоспар бойынша жүріп жатыр.

— Қызыл аймақта жұмыс жасайтын мамандар қаладағы емханаларға барып екпе алуда. Барлығы жоспар бойынша жасалып жатыр. Екпенің жанама әсері туралы шағымданып, өзін жайсыз сезінгендер жоқ.  Екпеден қауіптеніп, бас тартқандар да жоқ. Жалпы ешкімді мәжбүрлемейміз. Өз еріктерімен баруда. Мен де вакцина аламын. Қазақстандық екпені күтіп отырмын, — дейді Бекболат Ізбасаров.

Ақтөбе медициналық орталығының мамандары да кесте бойынша №4 емханаға барып екпе алуда. Орталықтың бас дәрігері Ерлан Сұлтангереевтің айтуынша, алдымен қабылдау, жансақтау бөлімінің мамандары егіледі. Бүгінгі күнге дейін 32 маман екпе алыпты. Мамандар өз еріктерімен барып егілуде.

Орталықтың қабылдау  бөлімінің меңгерушісі Мөлдір Бекниязова алғашқылардың бірі болып екпе алыпты.

— Орталыққа келген науқастардың барлығы қабылдау бөлімі арқылы өтеді. Бұл жерде мамандар науқасты қарап, тексереді. Егер жағдайы ауыр болса жансақтау бөліміне  жіберіледі. Осы екі бөлімнің мамандары қауіпті топқа жатады. Күніне ондаған адамды қабылдайды. Сондықтан орталықта бірінші болып біздің бөлімнің қызметкерлері екпе алды. Мен де екпе  алдым. Емханаға барғаннан кейін терапевт бірнеше сұрақ қойды. Дәріге аллергия бар ма? Жүктісіз бе? Жүктілікті жоспарлап жүрсіз бе? Соңғы уақытта қандай дәрі іштіңіз? Қандай аурумен ауырдыңыз? Коронавирусқа шалдықтыңыз ба? Осындай бірнеше сұрақтарға жауап бердім. Дәрігер екпенің болуы мүмкін жанама әсері туралы айтты. Қызу 37.2 градусқа дейін көтеріліп, қалшылдау, бас ауруы  мүмкін екенін ескертті. Екпе алғаннан кейін жарты сағат тынығып отырдым. Ешқандай ауырсыну байқалған жоқ. Бірақ дәрігер қызу көтерілсе, парацетамол ішуге болатынын айтты. Алғашқы күні қабылдау бөлімінің үш қызметкерінде, яғни  мен және тағы екі маманда қызу көтерілді. Менде қызу  37  градус болды. Парацетамол ішкен соң, қызу қайтты. Келесі күні ешқандай әсер байқалған жоқ. Жұмысқа кірісіп кеттім. Қазір өзімді жақсы сезінемін. Әріптестерімнің де жағдайы жақсы. Екінші екпені 21 күннен кейін аламыз. Екпе алған күні телефоныма екі тілде хабарлама келді. Онда вакцина алғаным және келесісін қашан алатыным жазылған. Күні мен сағатына дейін көрсетілген. Мәселен, мен 24 ақпан күні 14.30-да егілуге барамын, — дейді Мөлдір.

Жазда облыс тұрғындары жаппай ауырған кезде Ақтөбе медициналық орталығы провизорлық стационарға айналды. Бұл жерде тек қана коронавирусқа шалдыққан науқастарға көмек көрсетілді. Аурухана дәрігерлері тынымсыз жұмыс жасады. Дәрігерлердің ішінде де вирус жұқтырып, ауырғандар болды.

— Наурызда қатаң карантин енгізілді. Көпшілік аурудың бар екеніне сенбеді. Тіпті өзіміздің қызметкерлердің де ішінде күмәнданғандар болды. Ал жазда  халық жаппай ауырды. Дәрігерлер демалыссыз жұмыс жасады. Өкпесі қабынған науқастардың қалай қиналғанын көзіміз көрді. Сондықтан орталықтың мамандары екпенің пайдасын түсінеді. Одан бас тартып жатқан жоқ.

Індеттің алдын алудың жалғыз жолы — вакцина. Сол арқылы ғана ауруды әрі қарай таратпауға болады. Рас, алғашқыда қандай вакцина егіледі, қайдан шыққан деген сияқты сұрақтар болды. Оның барлығын бізге түсіндірді. «Спутник V» вакцинасының сапасы тексерілген. Біздің елге дейін бірнеше мемлекеттер қолданысқа енгізген, яғни біз алғашқы алушылар емеспіз, — дейді Мөлдір.

Індет кезінде орталық мамандары арнайы қауіпсіздік киімін киіп қызмет көрсетті. Мөлдір осы киімдердің арқасында өзінің вирусқа шалдықпағанын айтады.

Екпе алғаннан кейін не істеу керек?

Қазіргі күні облыстық инфекциялық ауруханада коронавирусқа шалдыққан 34  адам жатыр. Жансақтау бөлімінде екі адам ем алуда. Пандемияның кезінде де аурухана мамандары жұмылып жұмыс жасады. Қызыл аймаққа бірінші  кезекте осы емдеу мекемесінің дәрігерлері кіреді. Алғашқы кезеңде аурухананың 100 маманы вакцинацияланады. Бүгінгі күні 77 қызметкер екпе алыпты.

Коронавирусты тоқтатудың жалғыз жолы — жаппай вакцинациялау. Сондықтан одан үркудің қажеті жоқ. Денсаулық ең алдымен өзіңе керек. Егер вакцина алмаймын десе ешкімге зорлықпен салмайды. Емдеу мекемесінің мамандары өз еріктерімен екпе алып жатыр. Өзім де алдым. Жазда коронавирус жұқтырып ауырдым. Одан бері алты ай өтті. Вакцина алуыма болады. Ойланбастан екпе салдырдым. Ешқандай қарсы көрсетілім, жанама әсер болған жоқ. Иненің салған жері сәл қызғандай әсер берді. Бірақ кейін басылды. Қызуым көтерілген жоқ. Өзге әріптестерім де екпені жақсы қабылдады. Ішінде қызуы сәл көтерілгендері болды. Қазір барлығы жұмыста жүр, — дейді аурухананың  бас дәрігері Жолдасбек Бөлеков.

Аурухананың қызметкерлері қаладағы №1 емханаға барып екпе алуда. Емхананың иммунолог дәрігері Нұргүл Бисенғалиеваның айтуынша, бүгінгі күнге дейін 95 адам вакцина  алған. Келесі кезекте жедел жәрдем ауруханасының 25 маманы егілмек. Облыстық балалар клиникалық ауруханасының да қызметкерлері осы жерден екпе салдырады. Емханаға 250 доза вакцина келген. Ақпанның он тоғызына дейін вакцинациялаудың бірінші кезеңі аяқталады. Жалпы биыл бұл емханадан 13 мыңнан астам адам вакцинация алады.

Вакцинациялау басталмас бұрын біздерді оқытты. Семинарлар өтті, яғни жұмысты жан-жақты дайындықпен бастадық. Вакцинаның сапасына күдік келтіріп, бас тартып  жатқандар жоқ. Медициналық көрсеткіші бойынша екі адамды кері қайтардық. Оларға гемотолог маманның кеңесінен кейін ғана келу керектігін айттық. Ал өзге адамдарда қызу көтерілу, әлсіреу немесе басқа да жанама көрсеткіштер байқалған жоқ. Екпеден кейін адамды отыз минут бақылаймыз. Қан қысымын, қызуын өлшейміз.

Жалпы вакцина алған адамға үш күнге дейін суға түсуге, салқын сусын ішуіне болмайды. Өзін күту керек. Сорпа ішкен дұрыс. Күнделікті жейтін тағамының құрамын өзгертпеген жөн. Көбірек сұйықтық ішіп, аллергия тудыратын тағамдарды уақытша қолданбау керек.

Өзім де вакцина алдым. Себебі күніне жүздеген адаммен сөйлесемін. Оның ішінде балалар да бар. Коронавирусты жұқтыру қаупім жоғары. Жазда екі ай бронхитпен ауырдым. Екпеден кейін ешқандай кері әсер білінген жоқ. Бірден шаруамызға кірісіп кеттік. Басы ауырып, сәл қызуы көтерілгендер болды. Бірақ бұндай жанама әсер кез келген вакцинада болады. Сондықтан одан қауіптенудің қажеті жоқ. Жалпы, ауруды тоқтатудың бір амалы — екпе, — дейді дәрігер иммунолог.

Вакцина алғандар 21 күннен кейін екіншісін алады. Қазір емханада вакцинациялау арнайы кесте бойынша жүргізіліп жатыр.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button