Жаңалықтар

Биіктік

ОСЫДАН БІРЕР ЖЫЛДЫҚТА АҚТӨБЕДЕ ЕҢСЕЛІ ТӘУЕЛСІЗДІК ЕСКЕРТКІШІ АШЫЛДЫ. ОНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК РӘМІЗДЕР — ЕЛТАҢБА МЕН ӘНҰРАННЫҢ ОРНАЛАСУЫ ӨЗАРА ҮЙЛЕСІМДІ КӨРКЕМДІК ШЕШІМІМЕН КӨЗ ҚУАНТТЫ. БИІКТІГІ ЖИЫРМА МЕТРДЕЙ БОЛАТЫН ТҰҒЫР-ЕСКЕРТКІШТІҢ ЖОҒАРЫ БӨЛІГІНДЕ БҮР ЖАРА БАСТАҒАН ҚЫЗҒАЛДАҚ БЕЙНЕЛЕНГЕН. ЕЛІМІЗДІҢ ЕРТЕҢГІ ЖАРҚЫН БОЛАШАҒЫН БЕЙНЕЛЕЙТІН ОСЫ КӨРІНІС, ЖАЛПЫ АРХИТЕКТУРАЛЫҚ ҚҰРЫЛЫМ БЕЛГІЛІ КӘСІПКЕР АРЫНҒАЗЫ БЕРКІНБАЕВТЫҢ БАСТАМАСЫМЕН ЖӘНЕ АВТОРЛЫҒЫМЕН ДҮНИЕГЕ КЕЛГЕНІН ЕКІНІҢ БІРІ БІЛЕ БЕРМЕУІ ДЕ МҮМКІН. ОЛ ЗАҢДЫ ДА.

ӨЙТКЕНІ ОЛ АЙҒАЙЛАП ШАРУА ІСТЕЙТІН, ЖАЛАУЛАТЫП ЖҮРІП ЖҰМЫС БІТІРЕТІН ЖІГІТ ЕМЕС. НЕ ТЫНДЫРСА ДА, ЖҮРЕК ҚАЛАУЫМЕН ҮНДЕМЕЙ ЖҮЗЕГЕ АСЫРАДЫ.

БІЗДІҢ БҮГІНГІ ӘҢГІМЕМІЗ ЕЛДІКТІҢ ЕҢСЕСІН БИІК ҰСТАУҒА ҮЛЕС ҚОСЫП ЖҮРГЕН АРЫНДЫ АЗАМАТ АРЫНҒАЗЫ БЕРКІНБАЕВ ТУРАЛЫ.

Хромтаудан шыққан жол

Ол өзі туған өңірде аудандық спорт комитетін басқарып жүргенде ұлттық құндылықтар деген мәселеге көбірек көңіл бөле бастағанын айтады. Бұл уақытта Новоресей деп аталатын ауданда қазақ мектептері саусақпен санарлықтай еді, жұрттың көбі орысша сөйлесетін. Және осы жайға көпшілік, оның ішінде қазақтардың өзі көп мән бермейді екен.

Ауданда спорттық жарыстар жиі өткізіліп, бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі жүргізіліп жатқанымен, Арынғазыны мазалай берген бір ой — тіліміздің қолданыста болмауы, тіпті аудандық газеттің де орыс тілінде шығуы сияқты жайлар еді. Осындай ойлар жетегінде жүрген ол бірте-бірте саясатқа кірісе бастағанын да сезбей қалған сияқты.

Оның ұйымдастыру қабілеті бағаланып Хромтау қаласы атқару комитетінің төрағасы болып сайлануы биіктікке ұмтылған алғашқы қадамы іспеттес екен. Мәселе — мансапта емес, оның сол лауазымды ел игілігіне пайдалануға әрекет жасауында.

Алғашқы қадам  Наурыз мейрамын атап өтуден басталды. Алғаш бастама көтеріп, қаладағы кәсіпорын-мекеме басшыларымен кеңес өткізген кезде  Хромтау шахта құрылысы мекемесінің білдей бір басшысы: «Бұл өзі қайдан шыққан мейрам, неге оны тойлауымыз керек?» деп тойтарыс жасағысы да келіпті. Оны қолдаушылар да аз болмағанға ұқсайды.

Сол кезде ортаға шығып, Наурыздың мәнін тиянақты түсіндіріп, «Тіл мен дәстүр халықтың негізін құрайды, қазақ халқының да негізгі тілі, дәстүрі бар. Қазақ жерінде тұрғаннан кейін барлығың да осы дәстүрді құрметтеуге міндеттісіңдер. Ал енді жергілікті халықты сыйлағыларың келмейтіндер болса, сыйлай алатын адамдарға орындарыңды бергендерің дұрыс», — деп, турасынан бір салады. Бұған дейін мұндай сөз естіп көрмеген шікірейген біраз шенеуніктер дереу шегініс жасап, ыңғайға көше бастағанын сол жиналысқа қатысқан азаматтар әлі күнге дейін айтып отырады.

Көп ұзамай Хромтаудың бір шетіндегі үлкен алаңға киіз үйлер тігіліп, қазан-қазан наурыз көже асылды, қазақ әндері шырқалды. Сан ұлт өкілдері мейрамда мидай араласып, алғаш рет қазақтың тойына қатысқандай сезімде жүрді.

Ең бастысы, осыдан кейін-ақ Хромтау өңірі қазақылыққа бет бұра бастады. Қалалық кеңестің депутаты, аудандық дайындау мекемесінің басшысы Құттымұрат Бітімбаев бірден құжаттарды қазақ тілінде жүргізуді қолға алды. Ол Арынғазының батыл қолдауымен жүзеге асқанын да көпшілік жақсы біледі.

Новоресей атауы Хромтауға қалай өзгерді? Бұл өзгерістің де қозғаушысы Арынғазының өзі. Мәселе қалалық кеңестің сессиясы күн тәртібіне қойылғанымен, оның жүзеге асатынына күдік көп еді ол кезде. Хромтау өңірін ұстап тұрған алпауыт кәсіпорын — Дөң тау-кен байыту комбинатының директоры, аузымен құс тістеген Фетисов мырза мұндай бастама көтеріліп жатқанын алғаш естігенде көкірегін көтеріп, дереу қарсылық білдіріпті. Сессияға қатысқан сәтінде де адамдарды сөйлетпей, кедергі жасап баққан. Сол кезде Арынғазы: «Владимир Анатольевич, мы вас пригласили не как депутата Верховного Совета, а как депутата городского совета. Все депутаты здесь равны, поэтому прошу соблюдать приличие, не перебивайте других» деп оның мысын басып тастаған екен.

Арынғазы Қалжанұлы қай жерде қызметте болса да осы ұстанымынан — елдіктің еңсесін көтеру, қазақы қалыпты сақтау дағдысынан арылған емес. Мұғалжар ауданының басшысы болған тұсында халқымыздың тәуелсіздігі үшін күрескен Көтібар батырдың еңселі кесенесін тұрғызуға ұйытқы болды.

Кейін Астанаға қызмет бабымен қоныс аударғанда да елдегі шаруаларды бір сәтке ұмытқан емес. Мәселен, Хромтау өңіріндегі Ойсылқара әулиенің басына белгі қоюы — бір жағынан, имандылық ісі болса, екіншіден, тарихты түгендеп отыру, өткеннің өнегесін жас ұрпақ санасына сіңіру ниетінен туындаған еді.

Бекқұл әулиенің басына түнек үйін орнатып, елді жиып ас бергенде де халықтың тілегіне орай бір ірі қимыл жасағаны, көпшіліктің алғысын алғаны жадымызда.

Заманында жұрт билеген, ірі іс-қимылымен жарты патша атанған ел ардақтысы Дербісәлі Беркімбаевтың есімін көтеру шараларының да басы-қасында жүрді ол.

Айта берсек, азамат тындырған мұндай игілікті істер аз емес. Мұның барлығы оның кісілік келбетін көріктендіре түседі.

 Жақсылармен жүздескен

Арынғазының өмір жолында өзгеше бір қызықты жайлар көп кездеседі. Мәселен, ол өзінің жақын достарының әкелерімен де жақсы қарым-қатынаста болған, тіпті сырласып-әңгімелескен. Мәселен, Шымкенттегі педагогика институтында оқыған кезінде курстасы Бауыржанның үйіне жиі барып тұрған. Былай қарағанда, ерекше ештеңе жоқ. Студенттік өмір, сабақ, көңілді кештер деген сияқты.

Ал осы арада шамалы ілгері озып айта кететін болсақ, Бауыржан Байтанаев —бүгінде тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі. Жүзден аса ғылыми еңбектердің авторы. «А.Диваевтың өмірі мен қызметі», «Көне Испиджап»  деген көрнекті зерттеулері көпшілік назарын аударған білікті ғалым.  Әлкей Марғұлан атындағы Археология және этнология институтының  директоры қызметін атқаратын ол осы жылдар ішінде Арынғазымен студенттік кездегі достығын үзген емес.

Негізінде айтайық дегеніміз — сол Бауыржанның әкесі, белгілі әдебиет сыншысы Әбіш Байтанаевпен де біздің кейіпкеріміздің жылы қарым-қатынаста болғаны. Сонау жетпісінші жылдардың соңында Н.Крупская атын иеленген Шымкент педагогикалық институтында екі-ақ профессор қызмет еткен екен. Сол екеудің бірі әлі мұрты да шығып үлгермеген жас жігітті жанына алып отырып, әңгімеге тартса, бір дастарқан басында шай ішсе, оған қалай таңданбассың!?

«Шын шеберлік», «Абай жолы» айшықтары» атты авторлық монографияларын жазған білдей ғалым баласының досын жатсынбайды, бауырына тартады. Әңгіме арасында шыққан тегін, елін, жерін сұрайды.

Ал ғалымның зайыбы Мырзай апай «Бауыржанымның жолдасы екенсің ғой» деп, оны ылғи да алдынан күлімдеп шығып қарсы алады.

Өзі де бала кезінен спортпен шұғылданып өскен Арынғазы Әбіш ағаның үзбей жүгіретінін, бассейнге баратынын біліп, аралары бұрынғыдан да жақын тарта түскенін байқайды.

Кейініректе сол үлкен кісінің өмір деректерін зерттей жүріп, оның 1943 жылы Тегеранда мемлекет басшыларының кездесуін дайындауға қатысқанын да біліп қалады. Елшілік, дипломатиялық қарым-қатынас деген ұғымдар ол кезде өзі үшін таңсықтау көрінгенімен, кейін осы салаға да дендеп енетінін байқамаған болар.

Тоқсаныншы жылдардың басында мамандардың шетелде бизнес мектептерінде білім алуына ерекше басымдық берілді. Арынғазы да сондай талаппен Мәскеудегі Халық шаруашылығы академиясына оқуға түсті. Оны тәмамдағаннан кейін отбасымен Германияда үш жыл тұрып, білім алуды жалғастырып, басқару магистрі дәрежесіне ие болды. Осында болған уақытында неміс тілін жетік меңгеріп, сондай-ақ бизнес әлеміне дендеп ене бастады.

Сөзді сөз қуады. Осы жылдарда оның өзі қатарлас Ерлан Ыдырысовпен достығы нығая түсті. ҚР Сыртқы істер министрі қызметін атқарып жүрген досының 2000 жылы Мұғалжар ауданы әкімі қызметінен Астанаға шақыруы Арынғазының іскерлігіне деген сенім нәтижесі еді. Оған дипломатиялық қалашықты құрылысына басшылық жасау тапсырылды. Ең бастысы, ол сенімді ақтады. Астанада қала ішіндегі керемет қалашық пайда болды. Бұған үлкен сенім артқан Министр досы ырза болды.

Осы жылдарда Арынғазы сол Ерланның әкесі, қазақ журналистикасының көрнекті тұлғаларының бірі Әбілфайыз Ыдырысовпен де жақын араласып, жас айырмашылықтарына қарамастан, орталарында достық деңгей қалыптасқан.

Ұзақ жылдар Қазақ Мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде болашақ қалам иелеріне дәріс берген профессор Әбілфайыз аға Арынғазыны туған баласындай көрді. Заря апай да мұның келген сәтін асыға күтіп, дастарқанын мол етіп жаятын болған.

Ғұлама ғалым Әбілфайыз аға Арынғазыны әдебиет, мәдениет тақырыбындағы әңгімеге тартып, көңіл көкжиегін кеңейтіп отырғанды ұнатады екен. Өзінің «Таңшолпан» атты кітабын сыйға тартыпты. «Қазақ әдебиеті» газетінің, «Жұлдыз» журналының тұрақты оқырманына айналуына да сол жақсы ағаның септігі тиіпті.

Жақсылармен жақын жүріп, сөздерін тыңдағанын Арынғазы өз өмірінің бақытты сәттеріне теңейді. Мәселен, ғұлама адам Әбіш аға Кекілбаевпен бірге болған сәттерін қалай ұмытар?! «Ол кісі Әбілқайыр хан туралы қағазға түспеген қаншама деректерді жалықпай әңгімелеп, тарих тереңінен сыр тартқанды ұнататын. «Үркер» кітабын бірнеше рет оқып шықтым. Ағамен рухани жақындастығым мені қанаттандыратын. Әйтеке би бабамыз туралы түсірілген «Алтын көпір» фильмінің тұсаукесеріне арнайы шақыруымды қуана қабылдағаны есімде. Фильмді көргеннен кейін тебіреніп сөйледі, ойлы пікірлер айтты. Өз басым ол кісін тыңдап отырып, екінші Әйтеке биді көргендей әсерде болдым сол жолы», — дейді Арынғазы.

Шыңғыс Айтматовпен кездесуі де ұмытылмайды. «Бұл кездесуге мен мұқият дайындалдым, — дейді ол. — Кітаптарын қайтадан бір қарап шықтым. Өзім ұнатып оқыған «Қош бол, Гүлсары!» романының оқиғалары көз алдымда тұратын. Сол жақсы әсермен көрнекті қаламгердің жүрек соғысын, ішкі жан дүниесін ұғынуға тырыстым. Біз әдебиет туралы ғана емес, елдегі жағдайлар туралы да әңгімелестік. Мен ол кісімен әңгімелескеннен кейін қаламгер ғана емес, үлкен Қайраткер тұлғасын да танығандай болдым».

Көптен бері Мәскеуде тұратын өзіндік стилі бар жазушы Рауль Мир-Хайдаровтың Арынғазыға деген құрметін талай мәрте байқағанбыз. Бір қызығы, екеуінің алғашқы таныстығы Ақтөбеден Мәскеуге бара жатқан пойыз үстінде басталыпты. Екі тәуліктей уақыт бір-біріне серік болған екеуінің достығы одан кейін тіпті үзілген емес.

Сөз арасында Арынғазының дипломатияға қатысы туралы да айта кетіп едік. Соны жандандыра түссек, ол  Хорватияның Қазақстандағы консулы қоғамдық қызметін атқарып, күні бүгінге дейін көп істер тындырды. Ал Хорватияның бұрынғы Президенті Степан Месичпен ерекше достығын өз алдына бөлек әңгіме етуге болады.

Туған жерге тартылыс

Қазақта «Атың барда жер таны желіп жүріп, асың барда ел таны беріп жүріп» деген тағылымды сөз бар.

Қарап отырса, ол анау алыстағы Аустралиядан бастап, Аустрия, Америка Құрама Штаттары, Англия, Болгария, Дания, Ирландия, Индия, Солтүстік Корея, Норвегия, Швеция, Иран, Венгрия, Сингапур, Малайзия, Греция, Румыния, Италия, Түркия, Қытай, Франция, Германия сияқты елдердің бәрінде болыпты. Солардың қай-қайсысы да табиғаттары тамаша, биік таулары, сарқырап аққан өзендері, керемет демалыс аймақтары бар өлкелер. Бірақ соның бәрінде де ол арада бірер күн өткесін туған өлке — Хромтауын аңсай бастағанын сезінеді.

Әсіресе, өзі ұнататын Ойсылқара өзенінің жағасында тұрып, самал желге кеудесін тосып тұрып, көкірегін кере дем алғанда дүниенің жұмағы туған жер екенін және бір бағамдап, ерекше бақытты сәтті басынан өткеретіні бар.

Туған жер оған қашан да қуат береді, жанына жігер сыйлайды. Сол күшті Арынғазы ел қажетіне, көпшілік игілігіне аянбай жұмсап келеді.

Арынғазы Беркінбаев туралы көп жайды баяндай беруге болар еді. Шынын айтқанда, қалам ұшына кептеліп, ілгері ұмтылған деректер де, дәйектер де аз емес.

Енді тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінінде Арынғазы азаматтың нақ осы күндерде пайғамбар жасы деп аталатын 63-ке толып жатқанын айта кетсек, оқырманымыз бүгінгі әңгімеміздің түп-төркінін түсінер деп ойлаймыз.

Кеудесіне «Құрмет» орденін таққан «Қазақстанның құрметті құрылысшысы», «Ақтөбе облысының жыл адамы», Мұғалжар ауданының құрметті азаматы Арынғазы құрдастың алда да күш-қайратын халық қамы үшін жұмсай беретіні сөзсіз.     

* * *

…Сөз басында Ақтөбедегі Тәуелсіздік тұғыры туралы әңгімеледік. Арынғазы өз қолымен орнатқан осы ескерткішке отбасымен жиі соғып тұрады.

Бір келгенінде балаларымен бірге қолдарын кеуделеріне қойып, еліміздің Әнұранын шырқап тұрғанын жанашыр достары бейнетаспаға түсіріп алып, әлеуметтік желіге салыпты. Қарап тұрып қуандық.

Иә, Арынғазы Қалжанұлы осындай, биікте жүретін азамат!  

 Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button