Мәдениет

Тәуелсіз елдің аналары

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық филиалы жанындағы аналар кеңесі мен «Қоғамдық келісім» мекемесінің ұйымдастыруымен «Тәуелсіз елдің аналары» атты қоғамдық-саяси іс-шара өтті.
Отбасы құндылығын насихаттайтын тәрбиелік мәні бар шараға Ассамблея филиалы жанындағы кеңестердің мүшелері, этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен өкілдері, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының белсенділері, көпбалалы отбасылар, студенттер, мектеп оқушылары қатысты.
Мерекелік шара «Оксана» украин этномәдени бірлестігі жанындағы «Барвинок» балалар би ансамблінің орындауындағы қазақ биімен басталды. Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстық филиалы хатшылығының меңгерушісі Маржан Қорғанбаева ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтап, баянды болуын тіледі. Сондай-ақ Мұқағали Мақатаевтың дәл туған күнінде өтіп жатқан шарада тақырыпқа орай «Шеше, сен бақыттысың…» өлеңін оқып берді. Одан әрі шара «Дэш» сыған этномәдени бірлестігінің ән-би ансамблінің өнерпаздары Алексей және Елена Дадусенконың орындауындағы «Туған жер» әнімен жалғасты.
Шара барысында Мәртөктің Кеңсахара ауылында тұратын Амантурлиевтер, Темір ауданының тұрғыны Шетихиндер және Ақтөбе қаласында тұратын Байсаевтар отбасындағы ауызбіршілік пен бала тәрбиесі туралы бейнеролик көрсетілді.

Атап айтсақ, Бадиқан Амантурлиев пен Майра Кенжебаева бес бала тәрбиелеп өсірген.

— Қазір үш ұлымыз үйленіп, Ұлы жүз, Кіші жүз, Орта жүзден келін алып, үш жүздің басын қосып отырған анамын деп мақтана аламын. Келіндерім иіліп, үлкендерге сәлем салады. Көшеде ер адам өтіп бара жатса, алдын кеспе, өтіп кеткенше күтіп тұрыңдар деп айтып отырамын. Біздер солай жасадық, одан жаман болмадық, — дейді үбірлі-шүбірлі отбасының отанасы Майра Кенжебаева.

Ал орыс жігіті Владимир Шетихин мен украин қызы Ольга Сергеевнаның шаңырағында төрт перзент өсіп келеді. Шұбарқұдықта тұратын отбасы бала кездерінен қазақтың салт-дәстүрлерін бойларына сіңіріп өскен. Мектепте мұғалім болып жасайтын Ольга қазақтар секілді енесімен бірге тұратынын, мереке сайын үйлерінде ет асылатынын айтып берді.

Шешен жігіті Руслан Байсаев пен украин қызы Надежда Владимировна бес бала тәрбиелеп отыр. Күйеуі құрылысшы екен, ал Надежданың қолынан келмейтіні жоқ. Бұл отбасы қазір 1-сыныпта оқып жүрген үшемдерімен мақтанады.

Бұдан соң залда отырған көпбалалы отбасыларға «Бесаспап» қыз жасау тігін шеберханасының басшысы С.Абдрахманова, «Алтай» сауда орталығының басшысы Н.Құсайынов пен «Ханшайым» мейрамханасының директоры А.Аленованың атынан естелік сыйлықтар табысталды.
Шара барысында «Қоғамдық келісім» КММ-нің директоры Н.Ағниязов облыстың қоғамдық-саяси дамуына белсене араласып, ұлтаралық бірлік пен ұрпақ тәрбиесіне қосқан үлесі үшін Аналар кеңесінің мүшелері мен бүгінгі шараға демеушілік жасаған жеке кәсіпкерлерге Алғыс хат табыстады.

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы аясында өткен шараға белсене қатысып, марапатқа ие болғандар қатарында «Бесаспап» қыз жасау тігін шеберханасының басшысы С.Абдрахманова, «Алтай» сауда орталығының басшысы Н.Құсайынов, «Ханшайым» мейрамханасының директоры А.Аленова, «Кездесу» мейрамханасының басшысы М.Абдрахманова, «Шолпы» клубының төрағасы А.Сарыбай, «Руханият» музейі Қазақстан Қолөнершілер одағының мүшесі Ж.Туралина, «Роза» тігін шеберханасының басшысы Р.Бейсекенова бар.
Концерттік бағдарлама аясында «Сударушки» вокалдық тобы «Счастья вам», «Оксана» халықтық хорының мүшесі Л.Нешко «Тамаша», «Сәйлян» үлгілі балалар ән-би ансамблі «Матур булсын» әндерін орындап, Амантурлиевтер отбасының келіні А.Исаева «Әлқисса» күйін шертті. Сондай-ақ «Шолпы» клубының мүшелері қазақ қыздарының тәлім-тәрбиесі туралы айтты. Ал С.Бәйішев атындағы жоғары медициналық колледжінің оқушылары қазақ халқының стильдендірілген киімдерінен сәнді көрсетілім жасады.

Фойеде С.Жиенбаев атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы «Ана — болашақтың демеушісі, ұрпағының бақыты» тақырыбында көрме ұйымдастырды.
Мерекелік шараны «Қоғамдық келісім» мекемесінің маманы, әнші-сазгер Аймұрат Мәжікбаев ана туралы әнімен түйіндеді.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button