Мәдениет

Үнсіздік әлеміндегі сазды кеш

Ақтөбе қалалық Қазақ саңыраулар қоғамы Мәдениет үйінің ұжымы «Шексіз өнер» атты есеп беру кешін өткізді. Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан мерекелік шара қалалық Мәдениет үйінде өтті.

Шектеу шараларын сақтай отырып ұйымдастырылған шарада өнерлі ұжым ең жаңа және  үздік нөмірлерін ұсынды. Халықтық ұжымдар, «Жалын» би ансамблі және «Поющие руки» ансамблі өнерлерімен дүйім жұртты таң қалдырса, «Мы Вас любим» клоунада театрының сахналық көрінісі көптің көңілінен шықты. «Аспаптар үні» ансамблі жастарға арналған заманауи биімен таңғалдырса, «Калейдоскоп» тобының дарындылары өз мүмкіндіктерін жаңаша қырынан көрсетіп, көрермендерді ғажап туындыларымен қуанта білді.

Тыныштық әлеміндегі әсем сазды көруге облыстық мәслихат депутаты Берік Көздіғарин, Ақтөбе қалалық мәслихат депутаты Райса Байлиева, «Қазақ саңыраулар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Ақтөбе облыстық ұйымының төрайымы Зинаида Телеушева, облыстық мәдениет, спорт және туризм қызметкерлерінің кәсіподақ төрайымы Назира Табылдинова және басқа да қаламыздың құрметті азаматтары келді.

Кеш барысында облыстық мәслихат депутаты Берік Көздіғарин Мәдениет үйі ұжымына жүрекжарды лебізін білдіріп, соңғы үлгідегі сандық фотоаппарат сыйлады. Сонымен қатар мекеме директоры Гүлвира Біржановаға Nur Otan партиясы Ақтөбе қалалық филиалының төрағасы Асхат Шахаровтың атынан Алғыс хат табыс етілді.

Сондай-ақ фойеде дарынды жандардың қолынан шыққан түрлі тақырыптарды қамтыған қолөнер көрмесі ұсынылды. Қала тұрғындарына кеңінен танымал болған Мәдениет үйі ұжымы қалалық деңгейдегі көптеген мәдени шараларға белсене қатысып, облыстық және республикалық конкурстар мен байқаулардың қатысушылары болып жүр.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button