Тәуелсіздік — 30

Қожасайдың Мұхамбетәлісі

Елбасымыз Тәуелсіздігіміздің сары ала таңында, кеңестік шаруашылықтар ыдырай  бастағанда-ақ, елде фермерлік қозғалысты өрістету жөнінде алға зор міндет қойды. Дегенмен біреу түсініп, біреу түсінбей жатқан алғашқы кезде оның жолы барлық жерде бірдей даңғыл бола қойған жоқ. Мемлекет әзірлеп беретін «дайын асқа — тік қасық» болып үйренген дағдыдан бірден арылу, өз бетінше дара жол табу әркімге де оңай емес еді. Мұхамбетәлі Әбілқаевтың да Мұғалжар ауылының Қожасай ауылында 1999 жылы «Рүстем» шаруашылығын  ашқанда, «тың істің алды қалай болар екен…» деп көп ойланғаны шындық еді.

Алғашқы қадам

Өйткені, ол көзін ұжымдық шаруашылықпен ашқан адам еді. Еңбек жолын он алты жасында «Жаңажол» кеңшарының жоғарыда айтып өткен Қожасай аталатын бөлімшесінде көмекші шопандықтан бастап, шоферлік мамандық алғаннан кейін бірсыпыра жыл жүк көлігін жүргізді. Темірдің ауыл шаруашылығы техникумын бітіргесін, сол фермада 13 жыл зоотехник, одан 12 жыл, ұжымшар тарағанша, ферма меңгерушісі болды. Ұзақ уақыт бір фермада томаға-тұйық өмір кешкен маман өзі сонша сеніп жүрген кеңшары аяқ астынан құлап қалар деп  ойлаған да жоқ еді. Едәуір жыл өзімен қызметтес болған сол кеңшардың білікті басшысы марқұм Жеткерген Оралмағамбетов  кезінде кен көзіндегі мұнайшы компаниялармен іргелес отырған шаруашылықтың экономикасын нығайтып, әлеуметтік жағдайын біраз жақсартқан-ды. Тек бұл басқарған фермада 18 мың қой, 120 түйе, біраз жұмыс көліктері болды.  Ферма малға азықтық бағытта 1,5 мың гектар егіс салды. Енді аз кідіргенде кеңшарға газ да келгелі тұрған. Оған қажетті құбырларды кеңшар директоры  күнілгері тасып әкеліп қойған-ды. Ойламаған жерден өмір бір сәт астан-кестен болып, соның бәрі орта жолдан тұрды. Шынын айтса, Мұхамбетәлі мұның қапелімде қалай болғанын түсінбей де қалды. Түсінетін реті де жоқ еді, ол өзінің Қожасайынан арғы өмірге көп бас ауыртпайтын ол кезде. Алдындағы шаруасына ғана мығым еді. Оның өмірі солай қалыптасқан-ды:

— Темір қаласының қасында Жамбыл дейтін ауыл бар. Аша деп те атайды. Сол жерде туғанмын. Бірақ өсіп-өнген жерім — Қожасай. Ол біздің атақонысымыз. Мен Сәңкібай батырдың сегізінші ұрпағымын. Соғысқа қатысып елге оралған әкем Әбілқай, мен туғасын көп кешікпей қайтыпты, содан да онша білмеймін. Сол Жамбылға жерленген. Кейін бейітін таба алмадық. Әкеден 4 ұл қалдық. Шешем Сұлу бағып-қағып өсірді. Біздің мектепке барған жылдарымыз қиын уақыт еді. Ұлытоғай деген жерде отырдық. Сол жерде бір табын сиыр, бір отар ешкі, 2 отар қой болды. Ол уақытта мал жайылысына қарай ауыл ұйымдасып, 4 бала болса, бастауыш мектеп аша берген. 1952 жылы сондай бастауыш мектепке барып, Зәйдолла деген мұғалімге оқыдым. Шешем ұжымшардың қойын күзететін еді. Бір күні анам үлкен ағайыма: «Сен жеті бітір де оқуды қой, мына үшеуі оқысын, әркімнің қойын күзеткенше, өз алдымызға бір отар қой алалық», — деді. Шешеміздің сол  ақылы дұрыс болды. Жарылқаған ағамыз  40 жылдан астам қой бағып, озат шопан атанып, бәрімізді жеткізді, — дейді  Мұхамбетәлі.

Жеткізгені сол бауырлары Ханқожа, Үмбетәлі оқып мамандық алып, бірі кеңшарда ортан қолдай есеп қызметкері атанып, екіншісі көп жыл органда қызмет істейді. Мұхамбетәліге де Темір қаласындағы орта мектепті бітіргесін әрі қарай оқуға жол ашылады. Бірақ біздің кейіпкеріміз оған асықпайды. Оны өзі былай баяндайды:

— Алматының ауылшаруашылық институты Ақтөбеге келіп, талапкерлерді қабылдады. Мен де агрономдар даярлайтын факультетіне емтихан тапсырғанмын, көп кешікпей деканынан түспедің деген хат келді. Өзім де «түспесем жақсы болар еді» деп жүргенмін ішімнен. Өйткені басынан ол мамандықты қаламадым. Есіл-дертім — зоотехник болу, шофер болу. Малдың ішінде өскесін солай болады екен адам. Алайда шоферлік курсқа «16 жасқа толмағансың, 17 жастан қабылдаймыз» деп алмады, бір жылдай қой бағып барып, іліктім-ау, әйтеуір.

Өзі айтқандай, қалаған мамандығына қолы жеткен жас жігіт кеңшардың жүк көлігін қуалап жүре беруге бар еді. Бірақ ол кезде он сегізге толған азаматты әскерге шақыру міндеті алдан дайын тұратын. Сол борышын өтеуге 1965 жылы Архангельск облысының Плесецк маңындағы Мирный әскери бөлімдерінің біріне сап ете түседі.

— Тайга. Ну орман. Қысы сондай қатты. Құдайдың құтты күні 40-45 0С градус аяз. Таң қалай атса, күн солай тез батады. Біз қызмет еткен әскери бөлім құпия, өңшең сайғақ сарбаздардан тұрады. Мен шофер болдым. Шенді офицерлерді күніне екі мезгіл ауданның орталығына тасимын. Әскери бөлімде Ақтөбе облысынан Әлібек, Мақсот, Түлкібай — төртеуміз болдық. «Бізден сенің күнің жақсы — қалаға барып, тірі қыздарды көресің» — деп, олар менің шоферлік тірлігіме қызығады. Өйткені оларды жыл-он екі ай құпия әскери бөлімнен аттап шығармайды. Алайда шоферлердің де ұдайы жолы бола бермеді. Бір күнде бұйрық болып, әлгі достарым екі жарым жылда босап елге кеткенде, біздерді — шоферлерді «егін орағына қатысасыңдар», деп алып қалды. Воронеж, Ростов, Новосибирск  облыстарындағы, одан Красноярск өлкесіндегі астық жинау науқанына қатысып,  ауылға желтоқсан айының соңында ғана оралдым. Бұл кезде әскерде жүргенде «Алматыға жоғары оқу орнына бірге барамыз» деп уағдаласқан достарым қалаған оқуларына түсіп те алған екен. Мені Алматының дәмі тартпады, — деп еске алады сол бір өткен жылдарын бір кезгі сарбаз.

Шаруашылығы — «Рүстем»

Бірақ оған өзі онша өкінбеген де сияқты. Бала күнінен арманы — шоферлік мамандығы қолында болған жас жігіт  өзінің туған кеңшарына әскерден оралған бетте еңбекке белсене кіріседі. Еңбектен қол үзбей жүріп Темірдің техникумында оқып, екінші қалауы — зоотехник мамандығын алуға  қадам жасайды. Әскерден келгеннен кейін жыл айналғанда, өзінің ауылының қызы Нұрсәулемен дәм-тұзы жарасып, отбасын құрады. Сөйтіп, өзі өскен Қожасайға аяғы біржола байланады.

Ендігі бар ойы, арманы отбасын асырауға, анасын, бала-шағасын бағуға, өсіп-өнген жері Қожасай ауылын өркендетуге ойысады. Араға жылдар түскенде бөлімшенің басшысына тағайындалып, бір ферманың зіл батпан шаруасының салмағы иығына түседі. Қазір қарап отырса, сол ауылды қалай өркендетем, жыл- он екі ай айналып келіп отыратын қат-қабат науқандық жұмыстарды қайткенде табысты аяқтаймын деп шапқылап жүріп, өмірдің қалай өткенін де байқамай қалыпты. Дегенмен арада өткен елу жыл уақыт өмірдің қай саласында да өзінің жемісін беріпті. Отбасында  алты ұл, екі қызы өмірге келді. Зайыбы екеуі оларды ешкімнен кем қылмай өсірді, түгел оқытты. Қазір бір-бір үй болды. Немересінің алды биыл жоғары оқу орнын бітіріп, тұрмысқа шықты.

Өмір бойы бір ауылда табан аудармай, ширек ғасыр сол жерде шаруа басқарған адамға шағын жеке фермерлік шаруашылықты басқару қиын болды деп және айта алмайды. Бесінші ұлының атына ашқан — «Рүстем» шаруашылығының қадамы сәтті болды. Қамысқора деген жерден малшы және өздері тұратын екі үй, баз салып, қонысының іргесін жақсы бекітіп алды. Мемлекет те қарасып, әр жылда тәуір көмек берді.  Жеңілдікпен қыруар техника алды. Соның арқасында мал азығын өз күшімен дайындап алатын жағдайға жетті. Фермерлік қонысқа «Күн батареясы» орнатылып, жарық берілді. Таяуда  5 шақырым жерден жоғары кернеулі электр қуаты тартылғалы тұр. Асылтұқымды мал шаруашылығын дамытуға субсидиялар алып келді. Соның арқасында қазір ірі қара табыны қазақтың ақбас сиырына толық айналып болды. Тұқымы тәуір мұғалжар жылқысы көбейді. Қазақы қойды да біраз молайтып тастап еді — малшы табылмай қинады.

— Ауылда қазір үшеуін — малшы, дүкенші, трактористі табу қиын. Оларды ақшаға сатып ала алмайсың. Қандай жағдай жасаймын десең де жергілікті жерден малшы шықпайды. Мал бағатын адам қаладан сірә да келмейді, — дейді фермер.

Оның айтуынша, жұмысын жеңілдетіп тұрған — қонысы. Шаруашылықтың 3,5 мың гектар жері бар. Жем өзенінің бойы. Айнала тоғайлық, шүйгін шабындық, шилі, қопалы жайылыс. Шөпті үйден шыға шабады. Мал да іргеден жайылады. Қазақтың асылтұқымды ақбас сиырлары қыста қораға кірмейді. Шөпке де көп тұрмайды. Күйлі аяқты мал тоғайлықтан, шилі, қопалы жайылыстан қорегін табады. Арық-тұрақ жабағы, бұзау-баспақ жағын ғана қыста қолға ұстайды. Содан да мал азығы жақсы үнемделеді. «Мәселен, биылғы 2 мың центнер дайындалған пішеннің төрттен бір бөлігі жұмсалатын болар», — дейді шаруасын үнемі таразылап, өлшеп-пішіп отыратын азамат.

Фермердің ендігі ойы — шаруашылықты баласы Үрістемнің атына аударып, бар жауапкершілікті тегеурінді жастың мойнына ілу. Жасы келгенін, ферманың тізгінін енді болашағы ілгері жас маман ұстауы керектігін айтады. Оның пайымдауынша, қазір пайданың малда екенін көпшілік түсінді. Соның бір мысалы, өзінің жақын ағасы мұнай компаниясында істейтін балаларын, айына 160-170 мың теңге айлыққа алданғанша, ауылда мал бағыңдар деп, фермерлік шаруашылық құрып, шығарып алған. Мұхамбетәлінің ұлдары Ренат, Зият, Ғиният, Рүстем, Алмат та мамандықтары бойынша өзге салаларда қызмет істегенмен, ферманың жағдайына жиі қарайлап, қадағалап қарап отырады. Малшының еңбекақысын бірігіп төлейді. Шаруашылықтың өзге де шығындарын бірлесіп көтереді.

Әйтсе де былай айтқанмен, ферманың міндетін балаға беріп, тыныш жатайын деп жүрген Мұхамбетәлі емес. Ауылында оны мазалайтын мәселелер көп. Іргесінде алып газ өңдеу зауыты тұрған 60-қа жуық үй тұратын, тоғыз жылдық мектебі бар Қожасайда газ жоқ. Ауыл ағасы: «Маңдағы өзге елді мекендер газға қосылып болды. Бізге келмеді. Сылтау — аралықтағы Жем өзені. Ау, Жем Жайық емес қой, газ құбырының үстіне мініп отырған мекенді неге алалайсыңдар. Айналамыздың бәрі газ, елден ұят», — деп, біраз жылдардан бері  талай әкімнің есігін тоздырып келеді.

— Ана жылы осы Қожасай, Байғанин ауданынан келетін жоғары кернеулі желіні сыпырып кетіп, біраз уақыт жарықсыз отырды. Сонда біздің Мұғалжар ауданына Оңдасын Оразалин әкім болып келіп құтқарып еді. Ендігі үмітіміз — бұл жолы да облыс әкімінде, — дейді  фермер сөзін түйіндеп.

Егер газ, ауызсу келсе, Қожасайдың ертең-ақ іргелі ел болатынына фермердің сенімі мол. Ауызсу да жанында тұщы судың мол қорын басып жатқан атақты Көкжиде ауылды иектеп тұр. Осы мәселелер шешілсе, кезінде үш Еңбек Ері, Молдағазы ишан шыққан ауыл қайта гүрлейтініне дау жоқ. Соларды ойлап, жасы жетпістен асса да жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген Қожасайдың Мұхамбетәлісін ауыл ақыны Аралбай Шәленов:

Мұқалмасын Мұха сенім, жігерің,

Қажымасын ел деп соққан жігерің.

Қожасайға су тартылып, газ келіп

Орындалсын сиыр жылы тілегің! — деп жырға қосып, елге жанашыр азаматтың ойын дөп басқан.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ,

Қазақстанның құрметті журналисі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button